«Халықтың еркі жүзеге асты» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 15 қаңтар, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Халық сайлаған Парламент халық билігін жүзеге асырды: Елбасы өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуге мүмкіндік беретін заң қабылданды. Бұл - халық қалауы, ел тілегі. Осы айтулы оқиғаға орай «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Халықтың еркі жүзеге асты» деген көлемді мақала жарияланды. Елбасының өкілеттігін ұзарту бойынша республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ осы идеяны қолдаған 5 млн-нан астам қазақстандықтардың атынан Парламент палаталарының бірлескен отырысының қарауына Қазақстан Конституциясына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізу туралы мәселені шығаруды сұрап, Парламент депутаттарына Үндеу жасағанын атап өткен Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов: «Сондықтан, Конституцияның 58-ші бабы 4-ші тармағын басшылыққа ала отырып мен Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы шешім қабылдадым», - депті.
Сондай-ақ мақалада бірлескен отырыс барысында сөз алған барлық депутаттардың да пікірлері берілген. Нәтижесінде екі палатаның депутаттары «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу туралы» Заңды екі оқылымда да қабылдаған. Жарияланымды толық оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловты қабылдады» - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Б.Жұмағұлов Президентке ведомствоның 2010 жылғы қызметінің негізгі қорытындылары туралы баяндаған. 2010 жылы елімізде мектепке дейінгі мекемелердің саны 41 пайызға көбейді, 93 мектеп, 28 техникалық және кәсіптік білім беру орындары салынды, «Назарбаев Университеті», Түркі әлемі Академиясы ашылды. Білім мен ғылымға бөлінген қаржы көлемі 797 млрд. теңгені немесе ІЖӨ-нің 4,1 пайызын құрады. Қазақстан ЮНЕСКО-ның білімді дамыту индексі бойынша 4-орынды иеленді. 2010 жылы наурызда еліміз Болон процесіне кірді.
***
Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Төтенше жағдайлар министрлігінде кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Осыған орай «Айқын» газетінде «Министрлік қосымша қаржы бөлуді сұрайды» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, өткен жылы министрліктің шұғыл ден қою күштері 8976 адамды құтқарды. Нәтижесінде төтенше жағдай аймағынан 12486 адам көшірілді. Оқыс оқиғаларға 64916 жедел шығу ұйымдастырылып, 879 зардап шегушіге алғашқы медициналық жәрдем жасалды. Ал мемлекеттік материалдық резервтен Тәжікстан, Ауғанстан, Молдова, Қырғызстан Республикаларына гуманитарлық көмек көрсетілді.
Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко өткен жылғы апаттардың салдарынан елімізге орасан зор шығын келгенін тілге тиек ете келіп: «Сақтандыру компанияларының мәліметі бойынша, 2010 жылы табиғи апаттар салдарынан елімізге 130 млрд АҚШ доллары көлемінде залал келді. Бұған антропогендік апаттарды қоссақ, шығынның көлемі 222 млрд АҚШ долларын құрайды», - депті.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарында ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбаймен арадағы сұхбат жарияланды. Басылымның тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Енді, мынаған назар аударалық, күні кеше ғана «Бір ел, бір кітап» бойынша Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» дастанын оқуға берді. «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген». Төрт-бес шумақта осындай сөздер бар. Ақындық биіктігін білдіретін пафос сөз. Ал сол «Мен қазақтың» ішіне үңілер болсаң, «мен орыстың күңі едім, құлы едім, күннен туғанмын. Гуннен туғанмын депті біреулер, жоқ мен құлдан тудым. Құлмын. Орыстың мәңгілік бауырымын, соның қол астында өтемін» деген сөздер бар. «Қан сасыған Абылай, Кенесарылар кімге керек» деген де сөздер әлгі жырдың ішінде жүр. Осыны кім оқиды. Не деп оқиды. Қалай түсінеді. Осыны біз «керемет туынды» деп, «Бір ел, бір кітап» сериясымен оқырманға ұсынып отырмыз. Неге халыққа ұсынар кезде осы жағын терең ойламадық. Біз қазір құл да, күң де емеспіз, біз бостанбыз, азатпыз. Тәуелсіз мемлекеттің ұландарымыз. Сайып келгенде, біз әдеби бағалауда да дұрыс шешім қабылдай алмай жатқан секілдіміз», - дейді. Екеуара әңгіме «Алаш идеясы - ұлттық идея болуы тиіс» деген тақырыппен берілген.
***
«Қаңтардың 14-нен 17-сі аралығында төменгі температуралық фонның қалыптасуына байланысты Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарындағы өзендерде және Сырдарияда сең қозғалып, су деңгейінің күрт көтерілуі және сел жүруі ықтимал. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ескерту жариялап, тұрғындарды алдын ала сақтандырып отыр», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Мамандар сел жүретінін ескертіп отыр» деген тақырыптағы ақпаратында. Сондай-ақ басылым 2 қаңтар күні қатты аяздың салдарынан Шығыс Қазақстан облысындағы Қалжыр өзенінде тоң жиналып, оның арты су тасқынына әкеліп соққанын, ал осыдан бір апта өтпей жатып, Алматы облысындағы Шарын өзенінің сол жағалауы тасып, іргесіндегі ауылдың 250-ге жуық ауласын басып қалғанын еске салған.
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Азаттық радиосы қазақ қызметінің директоры Едіге Мағауинмен арадағы сұхбат «Ақаң мен Жақаң бастаған Алаш қайраткерлерінің кезінде эмиграцияға шығып кетпегеніне өкінемін» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Кешегі дейтін болсақ, әлбетте, ең бірінші Мұстафа шоқай бабамыз ойға оралады. Ол кездегі жағдай белгілі. Елдегі тұтастай қоғамдық құрылым өзгерді. Сондықтан Мұстафа атамыздың шекара асып кеткені дұрыс болды. Мен, өз басым Ақаң мен Жақаң бастаған Алаш қайраткерлерінің кезінде эмиграцияға шығып кетпегеніне өкінемін. Жасыратыны жоқ, мәселен, біздің украин, беларус, грузин т.б. өзге ұлттан әріптестеріміз бар. Олардың барлығының да совет өкіметі орнаған кезде сыртқа шығып кеткен зиялылары бар. Олардың барлығы сыртта жүріп, қысқа мерзімде ғана Тәуелсіздіктің дәмін татып қалған өз елдеріндегі ұлттық рухтың шетте сақталуына үлес қосқан еді», - дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын басылымның сенбілік санынан оқи аласыздар.
***
«Казахстанская правда» газетінің сенбілік нөмірінде Қазақстан мәдениеті мен өнері қайраткерлерінің үндеуі жарияланды. Онда: «Елбасымыз ел егемендігінің 20 жылында ұлт мәдениетінің өсіп-өркендеуіне де өлшеусіз үлес қосты. Ол тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңнің өзінде-ақ өнердің өміршеңдігіне ерекше мән беріп, Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрын түгелдей қайта жаңғыртудан өткізді. Мемлекет басшысының осындай қанатты қамқорлығының арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде жаңадан 13 театр ашылды. Астана мен Шымкенттегі опера және балет театрлары, Астана, Шымкент, Орал, Петропавл, Көкшетау, Ақтау, Түркістан қалаларындағы қазақ драма театрлары, Шымкенттегі әзіл-сықақ театры, Сайрамдағы өзбек театры, Петропавлдағы қуыршақ театры - тәуелсіздіктің жемістері. Мәдениет пен өнер қайраткерлері заман талабына сай жаңа опера, балет, драма және кино туындыларын дүниеге әкеліп, тәуелсіздік тұғырын биіктетті. Астанада өткен жылы Өнер университеті болып қайта құрылған Музыкалық академия, Алматыда Өнер академиясы бой көтерді. Көпұлтты Қазақстанда өзге халықтар мәдениетінің дамуына да айрықша көңіл бөлінуде. Ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім саясаты берік ұйыған елімізде бүгінгі таңда 15 орыс және корей, ұйғыр, неміс, өзбек театрлары жұмыс істейді. Мұның бәрі саясат пен мәдениетте әрқашанда таразы басын тең ұстайтын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кең де кемел саясатының нақты көрінісі», - делінген. Үндеудің толық мәтінімен «Егемен Қазақстан» газетінен таныса аласыздар.