20:54, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Халықтың қоғамдық меншік туралы көзқарасына өзгеріс енгізуде БАҚ-тың рөлі өте жоғары
АЛМАТЫ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Халықтың басым бөлігі қоғамдық меншікке қатысты кеңестік түсініктен әлі арыла алмай келе жатыр. Оны бүгін Алматыда Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаев БАҚ өкілдерімен болған кездесуде айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елбасының 2005 жылғы сәуірдің 6-сындағы «Жергілікті атқарушы орган басшыларының халықпен есептік кездесулері» деп аталатын №1546 Жарлығы бойынша бүгін Алматыда аудан әкімдері тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулерін бастады. Бұл шараны Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаев дәстүрлі түрде жыл сайын БАҚ өкілдерінен бастайды. Оның айтуынша, қаңтардың 25-іне дейін тұрғындар арасында 7 кездесуді жоспарлап отыр. Оның ең біріншісі бүгін Алматы жаңа технологиялар колледжінде өтеді. Одан кейін Еуразия нарық институтында, Тазабеков театрында, Қазақтың Тұрар Рысқұлов атындағы экономика университетінде, Қазақ қатынас жолдары университетінде, Алматы политехникалық колледжінде және №1 қалалық клиникалық ауруханада жоспарланып отыр. «Онда қоғамның әртүрлі салалары бойынша жасалған қалалық бағдарламалар аясында ауданда атқарылған іс-шаралардың қорытындысы баяндалады. Сондай-ақ түйткілді мәселелерді шешу жолдары туралы өз жоспар-жобаларымыз ұсынылады. Мәселен, тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық меншікке қатысты кеңестік кезеңдегі түсініктен әлі арыла алмай келе жатыр. Бұл менікі емес, мемлекеттікі деген көзқарас көп жағдайда ондағы ахуалды реттеуге кедергі келтіруде. Оны түрлі кездесулер кезінде тұрғындардың өздері де мойындайды. Алайда, одан нақты нәтиже шығаруға ешкім асықпауда», дейді Әділ Несіпбаев. Аудан әкімінің пайымдауынша, батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны сияқты, бұл ахуал әлі біршама уақытқа созылуы мүмкін. Дегенмен, оны жеделдетуге бұқаралық ақпарат құралдары ықпалы өте зор.