Халықтың көңілінен шыққан жоба
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асыру мақсатында құрамында 12 адам бар тағы бір топ ауданымызға ат басын тіреп, сапарларын аудандық мәдениет үйінде халықпен кездесумен бастады, деп жазады «Ақтобе» газеті.
Жиынды ашқан ведомствоаралық топтың басшысы, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы С.Аманбаев топ құрамымен, мақсат-міндеттерімен таныстырып өтті. Мінберге шыққан еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің Ақтөбе облысы бойынша басшысының міндетін атқарушы Ж.Аймұхамбетова әлеуметтік қорғау саласында баяндап өтсе, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Ш.Жұмағалиева, Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары - мемлекеттік еңбек инспекторы Б.Оразаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы А.Тәңірбергенова, мүгедектермен, ардагерлермен жұмыс, арнаулы әлеуметтік қызметтер және медициналық-әлеуметтік мекемелер қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Р.Сиражетдинова өз салалары бойынша халыққа ақпарат берді. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Жиын аяқталған соң облыстан келген мамандар бірден іске кірісіп кетті. Мәдениет үйінің кең бөлмесінде тұрғындарды қабылдады. Алғашқы жұмыс күнінде топ мүшелері 18 адамға еңбекке орналасу туралы кеңес берсе, екі адамды жұмысқа орналастырды. 3 адам жастар практикасына, 4 адам қайта даярлау оқуына жазылды. Аз қамтылған отбасыларына «Өрлеу» бағдарламасына қатысу жайы, 2018 жылдан бастап енгізілетін әлеуметтік көмектер туралы түсіндірілді.
Топ мүшелері үй аралау барысында аз қамтылған 21 отбасының жағдайымен танысты. Мүмкіндігі шектеулі 15 мүгедектің мұң-мұқтажы тыңдалып, көмектер берілді. Топ мүшелерінің назарынан оралмандар да тыс қалған жоқ. 3 еңбек ұжымымен кездесу өткізіліп, еңбек шарттары туралы түсінік жұмыстары жүргізілді. «Жақыныңа көмектес» қайырымдылық акциясы аясында ауылдық округ әкімшілігімен бірлесе отырып 5 отбасыға көмек берілді.
Жұмыс сапарының екінші күнінде де орасан зор көлемде жұмыс жасалды. Комсомол селосында 11 шара өткізіліп, 858 адам қамтылса, Талдысай ауылындағы кездесуде 100 адамға кеңес берілді. Дәрігерлер 273 адамды қарап, 5 адамға облыс клиникаларына жолдама берсе, 9 адамға жергілікті жерде емделуге кеңес берді. Батыс Қазақстан медициналық университетінің дәрігерлері 2 лапораскопиялық ота жасады. 20 әйел скринингтен өтті. 333 оқушы тексеріліп, 11 бала қайта тексерілуге жіберілді. 8 адам еңбекке орналасу жайында кеңес алса, 3 адам қайта даярлау курстарына жазылды. 5 мүмкіндігі шектеулі жанның шағымдары қаралып, көмек берлі. 3 еңбек ұжымымен кездесу өткізіліп, 60 еңбек шарты жасалды.
Үшінші күнгі жұмыс сапары аудан көлеміндегі ірі селолық округ Қарабұтақ ауылында жалғасты. Округте өткізілген 10 шара барысында 979 адам қамтылды. Дәрігерлер 422 адамды тексерсе, оның 86-сы бала болды.2 адамға облысқа кеңеске, 13 адам тұрғылықты мекенінде емделуге жолдама алды. Әйтеке би аудандық орталық ауруханасында Батыс Қазақстан медициналық академиясының дәрігерлері 3 лапораскопиялық ота жасады. Округ бойынша 314 оқушы тексеріліп, 21 балаға жолдама берілді. Жұмысқа орналасу бойынша 13 адам кеңес алса, 2 еңбек ұжымымен кездесу өткізіліп, еліміздің еңбек заңындағы жаңалықтар туралы түсіндірілді. Ведомствоаралық топтың сапары барысында аз қамтылған отбасы мүмкіндігін арттыру мақсатындағы «Өрлеу» бағдарламасына 21 отбасы қатысуға ниет білдірді. Осылайша облыстан келген ведомствоаралық топтың жұмысы өте жақсы нәтиже беріп, жемісі әлден көріне бастады. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, ондаған отбасы мен жүздеген адам көмекке ие болады деп сенеміз.