Халықтың Конституция күні мерекесіне деген ынта-ықыласы артып келеді - И.Рогов

АСТАНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 14 жыл ішінде Конституция тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен елде жүргізілген мемлекеттік саясатының өзегі болды.

Халықтың Конституция күні мерекесіне деген ынта-ықыласы артып келеді - И.Рогов

Бұл бағыттағы жұмыстардың жемісін біз бүгін көріп отырмыз. Аталмыш мерекені жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтетін біз қалың көпшіліктің осы мерекеге деген ынта-ықыласының  барынша өсіп келе жатқандығының куәсі болып отырмыз. Бұл туралы бүгін ҚР Конституциясының 14 жылдығына орай өткізілген VII тамыз оқулары барысында Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның пайымдауынша, бұл бүгінгі қоғамдағы құқықтық мәдениеттің артып келе жатқандығының көрінісі. «Бұл заңды құбылыс. Өйткені  мемлекеттің алдына қойып отырған міндеттерді талапқа сай жүзеге асыру тек Конституцияға деген сый-құрмет пен оның талаптарын бұлжытпай орындау негізінде мүмкін болмақ» деді Конституциялық кеңес төрағасы.

 Оның  пікірінше, Конституциялық құндылықтардың ішінде ең басты мәселе адамдардың құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Ал Қазақстан осы уақытта әлемдік қауымдастықтың гуманитарлық саладағы барлық стандарттарын қабылдап үлгерді. Бүгінде еліміз  адам құқықтарының сақталауын қадағалау бағытында мойнына үлкен міндет алып отыр», деді И.Рогов.  

 Сондай-ақ бүгінгі Конституцияның даму үдерісін азаматтардың бостандықтары мен құқықтарының сақталуы аясындағы талаптардың ұдайы жетілдіріліп отыратындығымен сипаттауға болатындығын атап өткен ол «Бұл бағыттағы жұмыстармен қатар қазір біздің ұлттық заңнамаларымыз да тұрақты жетілдіру үстінде», деп мәлімдеді.