Халықтың жадына қиянат жасауға болмайды - ҚР Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығы төрағасы

АЛМАТЫ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеңес одағының құрамында болған республикалардың ішінде дәл қазақтай қуғын көрген, қазақтай азап шеккен бірде-бір ұлт жоқ.
None
None

Өткен ғасырдың екінші ширегіндегі зобалаңның қайталанбауы үшін тарихымызды оқуымыз керек. Жай ғана емес оқып қоймай, саналы түрде бойымызға сіңіруіміз керек, дейді ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы.

- Республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығы қашан құрылды? Оның алғашқы төрағасы кім?

- Бұл қауымдастық 1991 жылы құрылған болатын. Оның басы-қасында Бекболат Мұстафин деген ағамыз жүрді. Ол кісі 2006 жылы 98 жасқа қараған шағында қайтыс болған. Бекболат Мұстафин негізі 2 рет ату жазасына кесіліп, 18 жыл айдауда болып келген адам. 28 жасында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 2 бөлімін басқарып, хатшылық қызметті қоса атқарған оны 29 жасында халық жауы боп ұстап, ату жазасына кеседі. Ол кейін 8 жыл каторгамен айырбасталып, қиыр солтүстіктегі саяси тұтқындар лагерінде жүріп, 1943 жылы Харковтің индустриялық иституты ректоры екеуі қашып шығады. Жолда жолдасы қайтыс болып, өз тайгадағы аңшылардың үйінде есінен танып жатқан жерінен ұсталып, екінші рет ату жазасына кесіледі. «Ең қиыны өзіңнің өліміңді күтіп отырған. Ату жазасына кесілгеннен кейін 7 ай күттім» дейтін сол бір азапты жылдарды еске алған кезде Бекболат Жәнпейсұлы. Ол кісіге кесілген өлім жазасы 10 жылмен ауыстырылып, 18 жыл отырғаннан кейін 1956 жылы 20-шы сьезде Хрушев жеке басқа табынушылықты әшкерелеген соң ғана ақталды. Бұл сьезге Хрущев қатты дайындалған екен. Саяси қуғын-сүргін көрген бұрын басшылықта болған көзі тірі адамдарды жинағанда олардың 67-сі ғана қалғаны белгілі боп қалады. «Бәрімізді жинап, әрқайсымызбен жеке-жеке сөйлесті. Сьезд делегаттары сенбеуі мүмкін сіздер тірі куә ретінде бәрін айтып бересіздер деді», дейді Бекболат қария. Алайда ақталғаннан кейін де олардың өмірі бірден өзгеріп кете қоймайды. Сондықтан 5 адам қайтадан Хрушевтің қабылдауына барып, бізді босатқаныңызға рахмет. Бірақ қайтадан лагерге жіберіңіз дейді. Ол таң қалып неге деп сұрағанда олар ақталды деге атымыз болмаса ешкім бізге сенбейді, қызмет бермейді. Егер лагерге баратын болсақ өзіміздің қайда жүргенімізді білеміз және еш алаңсыз жұмысымызды істеп жүре береміз дегенді айтады. Тек осы кездесуден кейін ғана олар қызметке ілініп, Б. Мұстафин де 97 жасына дейін қатардан қалған жоқ.

- Ол кісі бұл ұйымды қай жылға дейін басқарды?

- 2001 жылға дейін басқарып, 90-нан астым, енді жастар басқарсын деп өтініш айтты. Сол себепті 2001-2006 жылдары белгілі демограф-ғалым Мақаш Тәтімов төраға болды. Ал 2006 жылдың қаңтар айынан бастап қауымдастық мүшелері бұл қызметке мені төраға етіп сайлады.

- 18 жылдың ішінде бұл қауымдастықта қандай істер тындырылғанын айтып берңізші?

- Ең бірінші, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін белгілеуді қозғап, оның 1997 жылы мамырдың 31-іне белгіленуіне себепкер болды. Одан кейін жер-жердегі азалы кітаптардың шығуына, саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайларының ашылуына, олардың жерленген орындарын анықтауға көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ елі үшін құрбан болған Алаш қайраткерлеріне көшелердің атын беруге, олардың атқарған қызметі мен артында қалған мұрасын бағалап, тарихи және саяси баға беруге бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып келе жатыр.

 - Зобалаң жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың қазір қаншасы қалды?

- Осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан бойынша олардың саны 136 мың болатын. Қазіргі таңда олардың шамамен 125 мыңдайы қалды деген болжам бар. Осы арада мына бір жайтты айтпай кетуге болмас. 1993 жылы репрессия құрбандарын ақтау туралы заң қабылданған кезде онда көп кемшіліктер орын алды. Мәселен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар тізіміне 1993 сәуіріне дейін ақталғандар ғана ілінеді, одан кейінгілерге өтемақы берілмейді деген сияқты. Оны 10 жыл бойы көтеріп жүріп 2003 басында ғана түзедік Сондай-ақ репрессия құрбандарының ұрпағы мәртебесін беруде Парламенттен егер әкесі мен шешесі бірдей репрессияға ұшырамаса, ол жапа шеккенге жатпайды деген жауап алып, бұл мәселеде де таласып-тырмысып жүріп әзер дегенде оң шешімге қол жеткіздік. Әкесін халық жауы деп атып тастады. Ал оның әйелі мен бала-шағасы қаншама қорлық пен азап көрді. Халық жауының ұрпағы деп балалары жөнді білім де ала алмады. Үкімет қартайған кезінде енді олардан бір реттік 108 мың теңге өтемақы беруден қашып отыр.

- Шешімін таппаған мәселелер де бар шығар?

- Әрине. Соның бірі елге айдалып келгендердің (департацияға) балалары 16 жасқа келгенде ғана арнайы есепке тұрады. Бес жасында айдалып келсе, 16 жасқа толғанша 11 жыл күту керек. Сондықтан олар ешқандай тізімге ілінбей қалады екен. Оны әлі күнге дейін дәлелдей алмай келе жатырмыз. Одан кейінгі мәселе 1929 жылы дүние-мүлкі тәркіленген байлардың құжаттары сақталған. Кезінде қазақты қазақ қып отырған солар болатын. Бір жағы, олар ел арасындағы іскер адамдарымыз да еді ғой. Енді ұрпақтары құжаттарын мұрағаттан тауып алып осындай дүниелер тәркіленген екен, қайтарып бер десе, оны қайтаруға құқықтық негіз жоқ дейді. Олардың табан ақы маңдай терімен табылған дүниесін тартып алған кезде заңдық құқыққа ешкім қараған жоқ қой. Енді билік заман түзелген кезде де оны қайтарғысы келмейді. Біз осы мәселені де үкіметке дәлелдей алмай келе жатырмыз.

- Жалпы кеңестік дәуірде 30-шы жылдары болған зобалаңнан қоғам қандай сабақ алды? Оның қайталанбауы үшін не істеу керек?

- Ең алдымен тарихымызды оқуымыз керек. Оны жай ғана оқып қоймай, саналы түрде бойымызға сіңіруіміз керек. Қазақтың басынан өткен бұл тарих өте сұмдық және аса қасіретті. Кеңес одағының құрамында болған республикалардың ішінде дәл қазақтай қуғын көрген, қазақтай азап шеккен бірде-бір ұлт жоқ. Жартысынан көбі аштықтан өліп, одан қалғандары қуғындалып, бетке ұстар азаматтары түгел атылды. Олардың жерленген жері туралы әлі күнге дейін толыққанды нақты дерек жоқ. Мәселен 1938 жылы ақпанның 25-і мен наурыздың 15-і аралығында Мәскеуден арнайы комисия келіп, алғашқы күні 69 адамды, одан кейін күн сайын 40 шақты адамды ату жазасына кескен. Олардың қайда жерде жерленгені туралы қолымызда еш дерек жоқ. Тек 25-і күні 39 адамның сүйегінің Боралдайдың түбіндегі Қандысай деген жерге жерленгені жөнінде ғана мәлімет бар. Оны өліктерді басып алып барған машинаның жүргізушісі өлер алдында баласына айтып кеткен. «Саған аманат, заман түзелер, сол кезде айтарсың, менің машинаммен ақпанның 25-інде 39 адамды Қандысайға апарып жерледі» деп. Олардың арасында кейін Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов сияқты арыстарымыз болғаны белгілі болды.

 - Сәкен Сейфуллиннің жерленген жеріне қатысты жұртшылық арасында әртүрлі әңгіме айтылып жүр ғой. Бұл туралы не дейсіз?

- Кеңес одағы кезінде кейбір әңгімелерді құзырлы органдар әдейі таратады екен. Анда көрдім, мында көрдім деп көрген адам боп келіп, олардың артында қалған адамдарды үміттендіріп алдау, адамның санасын улаудың бір әдісі болған. Біздің қолымызда Сәкен Сейфуллиннің ату жазасына кесіліп, үкімнің орындалғаны туралы нақты мұрағат деректері бар. Ал өзге Алаш қайраткерлері туралы бұлай деп айта алмаймыз. Олардың сүйектерінің қайда жерленгенін анықтау әлі өте қиын шаруа болып отыр. Өйткені НКВД жендеттері өлім жазасына кесілгендерге қатысты үкім орындаған соң оларды машинаға тиеп ап, үлкен ұра қазып, соған көме береді екен. Мысалы Жаңалықта 2,5-3 мыңдай адамының сүйегі жатыр деп есептейміз. Бірақ онда нақты кімдер жерленгені туралы біздің қолымызда ешқандай дерек жоқ. Сол кезде Қазақстанда НКВД-ның халық комиссары Риденс деген Сталиннің бажасы болған. Сол 1938 жылдың аяғы не 1939 жылдың бас кезінде Мәскеуге қызмет ауыстырып кеткен кезде көп құжаттарды алып кеткен деген әңгіме бар. Сонда сақталуы мүмкін. Оны алу үшін мемлекетаралық келіссөз жүргізу керек. Оны Кеңес одағының заңы бойынша 90 жылға дейін ашпайды екен. Ресейде Ельцин Президент боп тұрған кезде бүкіл архив мұрағаттарын ашты. Бізде бұл үрдіс бізде жалғаспай қалды.

 - Егер жаңылмасам, архив құжаттарын пайдалануға қатысты арнайы заң Қазақстанда да қабылданған болатын?

- Бірақ олар орындалып жатқан жоқ қой. Тіпті Президент қол қойған Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының өзі жабылып, Алматыдағы Наурызбай батыр көшесіндегі 108-ші НКВД үйі жекешеленіп кетті. Оның ауласында бұрын түрме болған. Оны мұражайға айналдыру туралы 2000 жылы сәуірдің 19-ында Президент бекіткен жобаны кезінде ҰҚК төрағасы, Ішкі істер министрі, Әділет министрі және Бас прокурор қол қойып бекіткен еді. Алайда 2005 жылы ол жеке қолға өтіп кетті. Құзырлы органдардан хатымызға биыл көктемде ғана ресми жауап алдық. Ол жекешеленіп кеткен, енді сіздерге басқа ғимарат іздеп жатырмыз деген. Бұл не деген сұмдық. Ол саналы түрде өз тарихыңды қорлау, халықтың жадына деген қиянат қой. Бізге басқа ғимараттың керегі жоқ. Онда 10 мыңдаған адам азапталып, қаны тамып мұң-зары сіңген. Қасіретті орын арқылы біз жас ұрпаққа тәрбие беруіміз керек еді. Тарихын таразылай білген ешбір ел мұндай іске бармайды.

- Қазір мұражай жәдігерлері қайда?

- Ол жерден бізді сот шешімімен қуып шықты. Қазір барлық жәдігерлер Алматы қаласының тарихы мұражайының қорында сақтаулы тұр. Біз Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайын ашқан кезде 1916-34 жылға дейінгі деректерді бірінші қабаттағы залға топтастырғанбыз. Ал екінші қабаттағы залға 1934-1986 жылдардағы экспонаттарды жинап жатқан кезде жаңағыдай жағдайға дұшар болдық. Қазіргі кезде елімізде нақты жұмыс істеп тұрған саяси қуғын сүргін құрбандарына арналған мұражай екеу ғана. Біреуін Шымкентте Ханбибі Есенғараева басқарып отыр. Екіншісі Ақмола отанын сатқандардың әйелдері лагері (АЛЖИР) мұражайы. Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовке былтыр халықаралық деңгейдегі жаңа мұражай жобасын көрсетіп, ол кісі қолдаған. болатын. енді бастаймын деген кезде орта жолда дағдарыс басталып, ол жұмыс тоқтап қалды. Жер бөлінген. Ол салынады деп үмітенеміз.

- Осы арада алдағы уақытта атқарылады деп жоспарлап отырған өзге іс-жоспарларыңызбен де таныстырып кетсеңіз?

- Сауысқандай ағаштан-ағашқа қонып секектеп жүрген кезде мынадай жоспарымыз бар деп айту қиын. ҰҚК архивтерімен жұмыс енді жолға қойылып келе жатыр еді, ол да тоқтап қалды. Ішкі-сыртқы байланыс та үзілді. Істелетін іс өте көп. Оны бір жерде отырып, жүйелеп-жоспарлап отырмасаң, нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Ал мұражай орналасатын тарихи нысан қазір қолдан-қолға көшіп Альянс банк иелігіне өтіп отыр. Онда 4 жылдан бері ешкім 1 жылдан артық отырған жоқ. Ісі жүрмей, жұмыс өнбеген соң ешкім тұрақтамай қойды. Меніңше бұл тарихи орынды қайтадан мұражай қалпына келтіру керек. Өкінішке қарай, біз қазір қуғын-сүргін кұрбандарын еске алуды науқанға айналдырып алдық. Тарихын жаспен емес, тасқа жазып қалдырған елдің өткеннен сабақ алмай, барды бағалай алмай жүргені көңілге кірбің ұялатар жайт. Әділдіктің салтанат құрып, тарихи нысанның қала тұрғындары мен қонақтарына есігін айқара ашатын күні алыс емес шығар деп сенем.

 -Үмітіңіз ақталсын. Біз де соған тілектеспіз.Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар