ХАМАС Газадағы гуманитарлық блокада алынбайынша келіссөздерге қатысудан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — ХАМАС қозғалысы жаппай аштық жағдайында келіссөздерді қайта бастау мүмкін емес екенін мәлімдегеннен кейін, АҚШ пен Израиль делдалдары Дохадан кетті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

ХАМАС отказался от переговоров до снятия гуманитарной блокады в Газе
Фото: x.com/@AmitSegal

Дохадағы ХАМАС делегациясы делдалдарға атысты тоқтату шарттарын талқылауға қайта оралмайтынын жеткізді, себебі Газа секторындағы азық-түлік дағдарысы шешілмеген. Бұл туралы Израильге барған және жоғары лауазымды тұлғалармен кездескен АҚШ елшісі Стив Уиткофф мәлімдеді.

Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімдемесінде ХАМАС «көмек оны шын қажет ететіндерге жетіп, Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс пен аштық тоқтаған сәтте соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді дереу бастауға дайын екенін» мәлімдеді.

— Аштық жағдайында келіссөздерді жалғастыру мәнін де, мағынасын да жоғалтады. Әсіресе, өткен аптада «оккупациялық күштер» ешқандай негізсіз келіссөздерден шыққан кезде, біз келісімге қол жеткізуге жақын қалған едік, — делінген ХАМАС мәлімдемесінде.

Израиль шынымен де өткен аптада келіссөздерден шығып кеткен. Бұл ХАМАС атысты тоқтату туралы соңғы ұсынысқа «оң» әрі «конструктивті» жауап бердім деген мәлімдемесінен кейін болған.

Келіссөздерде не болды?

Дипломатиялық шиеленіс аясында Израиль делдалдарға атысты тоқтату жөніндегі соңғы келісім жобасына енгізілген түзетулерге өз жауабын жолдады. Атап айтқанда, аталған жауапта ХАМАС-тың Израиль армиясын Газа секторының оңтүстігіндегі елді мекендерден толық шығару туралы талабын қабылдаудан бас тартылған.

ХАМАС-тың жауабы Израиль мен АҚШ тарапынан теріс реакция туғызды, осыдан кейін АҚШ делегациясы Дохадан кетті.

Кейін АҚШ тарапы ХАМАС-ты адал емес әрекет етіп отыр деп айыптап, бұл ұйым соғысты тоқтатудың келіссөзден тыс балама жолдарын қарастырып жатыр деген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Al Jazeera.

Делдал елдермен қарым-қатынастағы шиеленіс

The Times of Israel басылымы араб дипломатына және келіссөздерге қатысы бар екінші дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, ХАМАС пен делдал елдер — Мысыр мен Қатар арасындағы қарым-қатынастарда да жағдай ушығып барады.

Келіссөздерге қатысы бар дереккөздердің мәліметіне сәйкес, ХАМАС делегациясының басшысы Халиль әл-Хайя Мысырды Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысқа қатысы бар деп айыптаған. Бұл Каир тарапынан қатты наразылық туғызған.

Сондай-ақ ХАМАС Қатардың БҰҰ-ның ХАМАС-ты қарусыздануға және биліктен бас тартуға шақырған қарарын қолдағанына ашық қарсылық білдірді.

АҚШ делегациясы Газа секторында

Гуманитарлық жағдайдың нашарлауына байланысты Газа секторына АҚШ делегациясы барды.

Израильдің 12-арнасының мәліметінше, АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Израильдегі елші Майк Хакаби Рафах қаласындағы көмек тарату орталығын және АҚШ пен Израильдің қолдауымен жұмыс істейтін Газаға гуманитарлық көмек қоры басқаратын басқа да нысандарды аралаған.

— Сапардың мақсаты — жұмыс істеп тұрған көмек тарату бекеттерінің жұмысын бағалау және азық-түлік жеткізілімін арттыру жоспарын әзірлеу, — деп хабарлады Ақ үй. — Делегация мүшелері анклав тұрғындарымен де кездесіп, жағдай туралы тікелей ақпарат алуды көздейді.

Сапар соңында Стив Уиткофф пен Майк Хакаби АҚШ президенті Дональд Трампқа жағдай бойынша есеп беріп, гуманитарлық көмекті жеткізудің жаңа америкалық бастамасын бекіту алдында ұсыныс жасайды деп жоспарланып отыр.

Бұл арада Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігі аштықтан екі жаңа өлім жағдайын растады. Ведомствоның дерегінше, қақтығыс басталғалы бері 159 адам аштықтан көз жұмған, олардың 90-ы — балалар.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шілде айында ғана анклавта 63 адамның аштықтан қайтыс болғанын хабарлаған еді.

Соңғы жаңалықтар