ХАМАС Халиль әл-Хайяны саяси бюроның жаңа басшысы етіп сайлады
АСТАНА. KAZINFORM — Қозғалыстың жаңа басшылығы Газа секторына қатысты жалғасып жатқан келіссөздер мен ХАМАС-тың болашағына байланысты пікірталастар аясында қалыптасты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Палестиналық ХАМАС қозғалысы дүйсенбі күні Халиль әл-Хайяның саяси бюроның басшысы болып сайланғанын мәлімдеді. Бұл туралы қозғалыстың ресми мәлімдемесінде айтылған.
Халиль әл-Хайя 2024 жылғы қазанда Газа секторындағы Израиль әскерімен болған қақтығыстар кезінде қаза тапқан Яхья Синвардың орнына келді.
Сайланғанға дейін әл-Хайя ХАМАС-тың Газа секторындағы басшылығын басқарды және атысты тоқтату мен ұсталып отырған адамдарды алмастыру жөніндегі жанама келіссөздерде қозғалыстың бас келіссөз жүргізушісі болды.
Синвар қаза тапқаннан кейін ұйымды Халед Машаль, Мұхаммед Даруиш, Захер Джабарин, Низар Авадулла және Халиль әл-Хайядан құралған бес адамдық кеңес басқарған.
Hamas Movement has published photographs from its internal leadership election.
— 𝑅𝑒𝑠𝑖𝑠𝑡𝑎𝑛𝑐𝑒 𝐹𝑖𝑙𝑒𝑠 (@ResistanceFiles) July 20, 2026
⭕️ Hamas: From one of the sessions of the movement’s internal electoral process.
Official Website – Hamas Movement https://t.co/jc8NWHtsDj pic.twitter.com/VQtntA46QK
Әл-Хайяның сайлануы 2021 жылы басталған ХАМАС-тың қазіргі ішкі сайлау кезеңін аяқтады. Қозғалыстың толыққанды жаңа ішкі сайлауы кейінірек өтеді.
Халиль әл-Хайя 1960 жылы Газа секторында дүниеге келген. Ол ХАМАС қозғалысы құрылған 1987 жылдан бері оның қатарында. 2006 жылы Палестина заң шығару кеңесінің депутаты болып сайланып, кейін ХАМАС саяси бюросының бұрынғы басшысы Исмаил Ханияның орынбасары қызметін атқарды.
Соңғы жылдары Исмаил Хания, Яхья Синвар және қозғалыстың әскери қанатының жетекшісі Мұхаммед Дейф қаза тапқаннан кейін әл-Хайя ұйымдағы ең ықпалды тұлғалардың біріне айналды. Қазіргі уақытта ол негізінен Қатарда тұрады.
BREAKING | Hamas announces the election of senior leader Khalil al-Hayya as the new head of the movement's political bureau, succeeding assassinated leader Yahya al-Sinwar. pic.twitter.com/h82nZfKzJV
— The Cradle (@TheCradleMedia) July 20, 2026
Reuters агенттігі палестиналық саясаттанушы Рихам Оуданың пікіріне сілтеме жасап хабарлағандай, әл-Хайяның сайлануы ХАМАС-тың қарусыздану мәселесінде қатаң ұстанымын сақтайтынын және Иранмен әрі оған одақтас күштермен тығыз байланысын жалғастыратынын көрсетуі мүмкін. Сарапшының пікірінше, бұл қозғалысты қарусыздандыру және Газа секторын болашақта саяси басқару жөніндегі келіссөздерді күрделендіруі ықтимал.
АҚШ ұсынған Газадағы жағдайды реттеу жоспары ХАМАС-ты қарусыздандыруды, Израиль күштерін шығаруды және секторды басқаруды Бейбітшілік кеңесінің бақылауымен палестиналық технократиялық әкімшілікке беруді көздейді.
Мысыр, Қатар, Түркия және АҚШ өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан келіссөздер әзірге жан-жақты келісімге қол жеткізе алған жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін ХАМАС Газа секторындағы өз үкіметін таратқанын жариялаған болатын.