ХАМАС: Израиль шабуылынан кейін тұтқындарды алмастыру келіссөзі тоқтады

АСТАНА. KAZINFORM — ХАМАС қозғалысы Израильді өткен аптада Қатар астанасы Дохадағы келіссөз кезінде өз делегациясына шабуыл жасады деп айыптап, Израильмен тұтқындарды ауыстыру келіссөзін тоқтатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.

ХАМАС
Фото: Анадолы

— Егер келіссөздерге жауапты делегацияға делдал елдің өзінде шабуыл жасалса, онда мұндай жағдайда келіссөздер жалғасуы мүмкін емес, — деді ХАМАС қозғалысының жоғары өкілі Тахер ан-Нуну.

Өткен сейсенбіде Израиль ХАМАС жетекшілері АҚШ қолдаған атысты тоқтату ұсынысын талқылау үшін пайдаланған Дохадағы тұрғын үйлерге әуеден соққы жасады. 

ХАМАС-тың жоғары лауазымды шенеунігі Халил әл-Хайя бастаған делегация аман қалды, бірақ ХАМАС-тың бес мүшесі мен Қатар қауіпсіздік қызметкері қаза тапты, деп хабарлады ұйым.

Т. ан-Нуну Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды бітімге де, тұтқындармен алмасуға да қол жеткізу әрекеттеріне кедергі келтірді деп айыптады. Ол Израильдің Газадағы тұрғын үйлерге соққы беруінің күшеюі ондағы израильдік тұтқындарға қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.

— Жалғыз қисынды шешім — халықаралық қауымдастықтың осы соғысты тоқтату шешімін қабылдап, жүзеге асыруы, — деді ол.

Т.ан-Нуну сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың жексенбі күні Израильге сапарына теріс баға беріп, ХАМАС Израильдің ұстанымында ешқандай өзгеріс күтпейді деп мәлімдеді.

Израиль соңғы күндері Газа қаласындағы тұрғын үйлерге әуе соққыларын үдетті. Палестинадағы дәрігерлердің айтуынша, бұл шабуылдарда ондаған адам қаза тапты. Израиль бұл әрекеттерін ХАМАС тобының әскери базалары мен содырларына қарсы бағытталған деп түсіндіреді. Ал палестиналықтар болса, шабуылдың көп зардабын бейбіт тұрғындар тартып жатқанын айтады.

Қатар, Мысыр және АҚШ Газадағы соңғы соғыс басталғаннан бері бітім мен тұтқындарды айырбастауға делдалдық жасап келеді, бірақ Дохаға жасалған шабуыл ілгерілеу болашағына күмән келтірді.

ХАМАС қозғалысы Израильдің Қатар астанасы Дохадағы келіссөздер тобына жасаған соққысына қарамастан, атысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге қатысты ұстанымы мен талаптарын өзгертпейтінін мәлімдеді.