ХАМАС Израильге кепілге алынғандарға тиесілі емес тағы 3 адамның мәйітін тапсырды
Қызыл Кресттің мәліметінше, жұма күні кешкісін Израильге үш белгісіз адамның сүйегі табысталған. Сот-медициналық сараптама олардың тұтқындарға қатысы жоқ екенін растады.
Бұл оқиға Израильдің өткен жұмада 30 палестиндіктің сүйегін Газа билігіне қайтаруынан кейін болды. Алмасу үдерісі ХАМАС тарапынан екі тұтқынның сүйегі берілген соң жалғасын тапқан. Бұл – Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату жөніндегі келісім баяу болса да ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді.
Дегенмен алмасу Газаға жасалған әуе соққыларының аясында өтті. Израиль тарапының дерегінше, соққылар кезінде 100-ден астам палестиндік қаза тапқан. Әуе шабуылдары израильдік бір сарбаздың Газадағы қақтығыстар барысында мерт болуынан кейін жасалған.
Қаза болғандардың денесі Қызыл Крестке беріліп, ұйым тараптардың арасындағы делдал ретінде әрекет еткен. Палестиндік тарап сүйектердің қабылданғанын Хан-Юнисте орналасқан Насер ауруханасының дәрігері растаған. Қазір медициналық қызметкерлер оларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Басылым дерегінше, бітім басталғаннан бері ХАМАС барлығы 20 тұтқынды тірідей, ал 17 адамның сүйегін Израильге қайтарған. Тағы 11 адамның денесі Газа аумағында қалып отыр. Олар да АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен әзірленген келісім шеңберінде қайтарылуы тиіс.
Еске салсақ, бұған дейін ХАМАС Израильге екі тұтқынның мәйітін қайтарғанын жазғанбыз.