Ханбалыққа сыйға тартылған қазақтың сегіз сәйгүлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ-жоңғар, қазақ-орыс және қазақ-маньчжур қарым-қатынастары жайында қытай, маньчжур, моңғол және шағатай тілдерінде хатталып, Қытай мұрағаттарында сақталған деректер ұшан-теңіз. Әрине, деректанушылардың назары ресми жылнамалық деректермен, қолжазбалармен, архивтік құжаттармен, хаттармен, қатынас қағаздарымен шектеліп қалмауға тиіс.  Қазақ ордасы мен Маньцин империясы арасындағы күрделі, көпқырлы дипломатиялық байланыстан мол ақпарат ұсына алатын өнер туындыларын, мысалы көркем картина мен миниатюраларды тарихи зерттеуде кәдеге жарату мәселесі де кейінгі кезде өзекті бола түскен сыңайлы. Бүгінгі әңгіме сарай суретшісі Джузеппе Кастильоненің қаламынан шыққан «Қазақтың сегіз сәйгүлігі» картинасы туралы болмақ.

Ханбалыққа сыйға тартылған қазақтың сегіз сәйгүлігі
Фото: wikipedia

Джузеппе Кастильоне кім?

Қытайда Лан Синин есімімен белгілі Джузеппе Кастильоне – италиян миссионері һәм Маньцин империясының Канси, Юнчжэн және Цяньлун императорлары үшін қызмет еткен сарай суретшісі. Ол батыстық мәнер мен қытайлық дәстүрді үйлестірудің үздік үлгісін көрсетіп, елдің өнер тарихында айшықты қолтаңбасын қалдырған айдарлы кескіндемешілердің бірі.

Кастильоне 1688 жылдың 19 шілдесінде Миланда дүниеге келген. Өндір шағынан өнерге өлердей ғашық болған талапты бозбала жергілікті шеберлерден кескіндеме және сәулет дизайны бойынша тәлім алады. 19 жасында Иезуиттер орденіне қосылады. 1715 жылы Қытайға сапар шегеді. Көп өтпей Кастильоне Канси императордың дәргейінде болып, сарай суретшісі ретінде жұмысқа тұрады. Алайда Кастильоненің осы кезеңдегі шығармашылық мұрасы біздің заманымызға жетпеген. Бір білетініміз, ол Ханбалық Бейжіңде қытай және маньчжур тілдерін еркін игеріп алады.

61 жыл ел сұраған Канси 1722 жылы өмірден өтеді. Оның орнына отырған Юнчжэн император шетелдік миссионерлерді елден қууға пәрмен береді. Алайда сарай қызметіндегі Кастильоне қудалауға ілінбейді, керісінше лауазымы өсіп, мәртебесі көтеріле түседі. Осы жылдары оның қолынан «Бақ-береке», «Самырсын бұтағындағы қыран», «Сегіз сәйгүлік», «Жүз сәйгүлік» т.б. картиналар жарық көреді. Ол қолданған еуропалық кьяроскуро (жарық пен көлеңкенің үйлесімі) әдісі майлы бояу өнерінің озық үлгісін Маньцин сарайында кең танымалдыққа ие етеді. Юнчжэн император Юаньминъюань саябағын кеңейтуге тапсырма бергенде, ол жұмыстың бас жоспары мен тиісті дизайнын жасауға қатысып, бау-бақшаның жобасын дайындауға жауапты болады.

1735 жылы Юнчжэн өліп, билікке Цяньлун келеді. Ақынжанды, көркем өнерге көңілі жақын Цяньлун императордың заманында Кастильоненің дәурені жүреді. Үнемі императормен бірге саятқа, сапарға шығып, елеулі, салтанатты шаралардың куәгері болады. Осы жылдары ол тарихи маңызы зор көптеген көркем картинаны өмірге әкелді. Оның ішінде ең танымал туынды, сөз жоқ, «Салтанатты сауыт киген Цяньлун император». Сонымен қатар ол Юаньминъюань саябағындағы батыстық үйлер кешенінің сәулеттік жобасын әзірлейді, тіпті империялық саябақтар мен бау-бақшалардың құрылысын бақылайтын мемлекеттік мекемені де басқарады.

Кастильоне 1766 жылы 78 жасында Ханбалықта өмірден озады, сүйегі христиандарға арналған Жалан зиратына жерленеді.

Ол бай мұрасымен ғана емес, Батыс және Шығыс мәдениеттерінің үздік үлгісін үйлестіруге ұмтылған шығармашылық мәнерімен де танымал. Оның картиналарында екі өркениеттің көркемдік дәстүрі – батыстық өнерге тән шынайылық, көлемділік, сызықтар мен композицияның өзара үйлесімі және қытайлық кескіндемеге тән дәлдік, нәзіктік пен ішкі ырғақ қапысыз ұштасып жатты, басқаша айтқанда, ол қолтаңбасы айқын өнерпаз. Алайда сыншылар оның еңбектерінде шеберлікке көбірек ден қойылғанмен, көркемдік-рухани ізденіске мүлде мән берілмегенін айтады, Сондықтан болар, оның картиналары Қытайда да, Батыста да ұлы туындылар қатарында аталмайды. Бірақ бұл байлам оның көркем картиналарының тарихи құндылығын жоққа шығара алмайды, әрине.

Жоңғар мемлекеті жойылып, Қазақ ордасы мен Маньцин империясы арасында дипломатиялық байланыстар орнай бастаған алмағайып кезеңнің тарихи сәттері сарай суретшісі қызметін атқарған Кастильоненің қырағы көзінен тыс қалған жоқ. Оның қылқаламынан туған «Қазақтың сегіз сәйгүлігі», «Дүрияға сызылған сәйгүліктер» және «Тартуға жылқы апарған қазақтар» картиналары қазақ-маньчжур қарым-қатынастарының тарихынан сыр шертетін ақпараттарға байлығымен көзге түседі.

Жүз сәйгүлік картинасынан бір үзік
Фото: wikipedia

Қазақ арғымақтары

Қазақ ордасы мен Маньцин империясы арасындағы ресми байланыстар 1757 жылдан басталады. Сол жылы маусымда Абылай сұлтанның елшілері Әмірсананың ізіне түскен маньчжур-моңғол әскербасыларымен жүздеседі. Қазақ елшілері Цин әскербасыларына жылқы тарту етеді һәм маньчжурлерді мәмілеге келіп, арадағы кикілжіңді бейбіт жолмен реттеуге шақырады. Осы жылы Әбілпейіз хан, Қожаберген мен Қара Барақ батырлар және Ерәлі сұлтан да елшілері арқылы Еженхан атанған Цин императорына арғымақ тарту етеді.

Маньчжур басқыншылығына қарсы күресіп, ауыр жеңілістен кейін қазақ даласына қашқан жоңғар жайсаңы Қазақсарының соңына түскен қуғыншы әскердің қолбасшысы Фудэнің Ташкенттен Цяньлун императорға жазған хаты да қызық:

– Бурут (қырғыз) арқылы батыс қазаққа (кіші жүз) Қазақсарыны іздеуге барған сапарымызда, буруттардың қытай руынан Қаработа би данышпан иеміз – сізге бір жылқы тарту етті. Батыс қазақтың ханы Әбілпейіз (анығында Әбілпейіз орта жүздің сұлтаны болған) бен Төлебай батырлар (бұл ретте Төле би айтылып тұр) данышпан иеміз – өзіңізге үш ат, елші Жолан (Төле бидің баласы) бір ат сыйға тартты, сондай-ақ олар кездесуіміздің сыйлығы ретінде құлыңыз маған да бір-бірден ат мінгізді. Мен өзім ала келген молон (аждаһа өрнегі бар баршын) және торғын-торқамен қарымжы жасадым. Айтылған жылқылар қолымызда, бірақ елшілермен бірге жөнелтуге мүмкіндік болмай, арнайы адаммен айдатайық деп отырғанда, Жырғыл батыр, Құлшы, Мачаңдар «Біз қазақтарға барған әскерлер арқылы күміске екіден, үштен жылқы сатып алған едік, енді сонан әрбіріміз екіден мініс ат іріктеп, данышпан иемізге сыйға тартқанды жөн көрдік, біздің атымыздан жеткізерсіз» деп хабарлады. Құлыңыз мен өзіме келген жылқылардан, маңдайға басар сәйгүлік болмаса да (империямызға) жаңадан қосылған аймақтың өнімі болғандықтан, төрт қазақ жылқысы мен екі қырғыз жылқысын іріктеп, әскербасылар сыйға тартқан және буруттар мен қазақтар тартуға әкелген қылқұйрықтармен бірге таңдаулы жасақпен (елге) айдаттым, - делінген хатта. 

Осы деректен белгілі болғандай, Бейжіңге аттанған қазақ елшілерінің ізін ала маньчжур қолбасшысы Фудэ тарту мен сыйға келген он бес сәйгүліктің он екісін бөліп алып (қазақ жылқысы – 10, қырғыз жылқысы – 2), императорға жөнелтеді.

Қысқасы, 1758 жылдың күзіне дейін қазақтың игі-жақсылары – Абылай сұлтан, Әбілпейіз сұлтан, Ерәлі сұлтан, Төле би, Қойгелді батыр, Барақ батыр, Қожаберген батыр тарту еткен сегіз арғымақ Маньцин императоры Цяньлунның құзырына жеткізіледі. Ежелгі қытай мифологиясындағы Тәңір ұлы – әмірші Му-ванның киелі сегіз сәйгүлігін еске салатын кездейсоқ сәйкестік, сірә, Цяньлун императордың қиялына қанат бітіріп, көңілін шарықтатып жіберсе керек, Цин империясының тарихтағы монархиялық әулеттердің барлығынан үстем тұратын биік мәртебесі мен ел іргесін кеңейтуге қосқан өлшеусіз үлесінің айғағы ретінде, Хань және Тан дәуірінен бері Батыс аймақтың желтабан жүйріктері мен асыл текті арғымақтары жайлы жыр болып айтылып келген әралуан аңызды ой елегінен өткізе келе, Цяньлун император ескі дәстүрмен сүйікті сәйгүліктеріне манчжур, моңғол, тибет, қытай және шағатай тілдерінде әдемі ат қойып, Кастильонеге қазақтың сегіз арғымағының бейнесін салуға жарлық береді.

Самырсын бұтағындағы қыран
Фото: wikipedia

Қытайлық дереккөздер мен деректанушы-тарихшы ғалымдардың іргелі зерттеулеріне және шамамен 1795 жылы басылған «Бес тілді сөздікке» сүйене отырып, Қазақ ордасынан Маньцин сарайына сыйға тартылған сегіз сәйгүлік туралы ақпаратты келесідей топтастыруға болады:

Тобылғы торы, қытайша: 沃窪骏, шағатайша: тулпар торұқ. Биіктігі 163 см, ұзындығы 240 см. 1757 жылы 18 шілдеде орта жүздің сұлтаны Әбілпейіз Аягөз жерінде сыйға тартқан.

Көкбозат, қытайша: 苍龙骥, шағатайша: шалбоз күлік. Биіктігі 150 см, ұзындығы 224см. 1757 жылы 18 шілдеде орта жүздің сұлтаны Абылай Аягөз жерінде сыйға тартқан.

Ақбақай, қытайша: 歕玉骢, шағатайша: шырға күлік. Биіктігі 154 см, ұзындығы 237см. 1757 жылы 19 тамызда орта жүздің Қожаберген батыры Аягөз жерінде сыйға тартқан.

Жиренала, қытайша: 锦云騢, шағатайша: күлбадам күлік. Биіктігі 150 см, ұзындығы 230см. 1757 жылы 19 тамызда Қара Барақ батыр Аягөз жерінде сыйға тартқан.

Қара тұлпар, қытайша: 繍铁騧, шағатайша: қарамтыл күлік. Биіктігі 163 см, ұзындығы 249см. 1757-1758 жылдар аралығында кіші жүздің сұлтаны Ерәлі Балқаш көлінің шығысында сыйға тартқан.

Айторы, қытайша: 明月题, шағатайша: маһлалы торұқ. Биіктігі 157 см, ұзындығы 240см. 1758 жылы 6 қыркүйекте ұлы жүздің Қойгелді батыры Ташкентте сыйға тартқан.

Ақшақар, қытайша: 雪团花, шағатайша: ақ қар күлік. Биіктігі 150 см, ұзындығы 230см. 1758 жылы 6 қыркүйекте Әбілпейіз сұлтан Ташкентте сыйға тартқан.

Жұлдыз құба, қытайша: 明月题, шағатайша: юлдұзлұқ қалун. Биіктігі 157 см, ұзындығы 234см. 1758 жылы 6 қыркүйекте Төле би Ташкентте сыйға тартқан.

а
Фото: Тайбей Гугун музейі

Байыптап үңілгенде, сегіз сәйгүліктің қытай және шағатай тілдеріндегі атауы (шамасы маньчжур және моңғол тілдерінде де солай болар) түсіне байланысты қойылғанын және қытайша есімдердің ежелгі дәстүрлермен сабақтасып жатқанын (Му-ванның сегіз сәйгүлігі мен Тайцзун императордың алты тұлпарын еске салады) бірден байқалады. Көңіл аударатын тағы бір жайт, Цяньлун император Кастильонеге «Тартуға жылқы апарған қазақтар» картинасын салуға әмір бергенде, сарай ақындарына да «Ферғана жылқысы» деген атпен өлең шығаруды бұйырады. Шындығында, Цин билеушісі қазақтар сыйға тартқан қылқұйрықтарды ежелгі Ферғана жылқысымен (Нисей жылқысы, Ақалтеке) теңестірген. Б.з.д 104 жылы Хань елінің Уди императоры Орталық Азиядағы Ферғана мемлекетіне мың ділдә алтын мен зерлі тұлпар мүсінін ұстаған батырларын жұмсап, асыл текті сәйгүліктер сұратады, бірақ Ферғана билеушісі императордың қолқасынан бас тартады. Ізінше У-ди император әскербасы Ли Гуанлиді бірнеше түмен ауыр қолмен Ферғананы шабуға аттандырады. Алғашқы жорық сәтсіз аяқталады. Б.з.д 102 жылы Ли Гуанли 60 мың әскермен Орталық Азияға екінші мәрте жорық тартады. Қытай әскерінің Ферғана шаһарына шабуылы 40 күнге созылады, қала жұртын судан тарықтырып, шөлден қаталатқан Ли Гуанли ақыры сатқындардың қолымен Ферғана әміршісінің көзін жойып, олжаға ондаған сәйгүлік алады. Зерттеушілердің пікірінше, Цяньлун император Қазақ ордасының өз сәйгүліктерін соғыссыз сыйлауы Ферғана жылқысы үшін шаңды жорық, қанды қырғын жүргізіп, ел қазынасына қисапсыз шығын әкелген У-ди императордың даңқын аласартып көрсететін айтулы оқиға деп бағалаған.

Өкінішке қарай, Кастильоне салған «Қазақтың сегіз сәйгүлігі» бізге жетпеген. Тиісті деректер сарай суретшілерінің жұмысы жайлы егжей-тегжейлі мұрағаттық жазбалардан ғана белгілі. Қытайлық зерттеушілердің пікірінше, «Қазақтың сегіз сәйгүлігі» «Тартуға жылқы апарған қазақтар» картинасынан сәл ертерек, шамамен бірер ай ілгері сызылған. Түпнұсқасы Париждегі Гиме Азия өнерінің ұлттық музейінде сақталған соңғы картинаның көшірмесі Қазақстан Республикасының ұлттық музейінде тұр. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, белгілі қытайлық ғалым Го Вэньчжунның анықтауынша, картинада бейнеленген қабылдау сәті бұған дейін айтылып жүргендей Халуун гол өзенінің бойындағы далалық резиденцияда (Бишу Шаньчжуан) емес, Паньшань сарайында (Тяньцзинь) немесе Наньюань қорығында (Бейжің) өткен. Ал ғалымның «Картинадағы үш елші – қазақтың үш жүзінің өкілі» деген пікірі әлі де нақтылауды, деректермен дәлелдеуді қажет ететін секілді.

Азын-аулақ айырмашылығына қарамастан, «Қазақтың сегіз сәйгүлігінің» сыңары саналатын «Дүрияға сызылған сәйгүліктер» картинасы біздің дәуірімізге басы бүтін жеткен, бүгінде Қытайдың Тайбэй қаласындағы Гугун ұлттық музейінде сақтаулы. Го Вэньчжун маньчжур тіліндегі мұрағаттарға сүйене отырып, картинадағы сәйгүліктер – қазақ елшіліктері сыйлыққа апарған арғымақтар деген байлам жасайды.

Тартуға жылқы апарған қазақтар
Фото: huaban.com сайты

Қорыта айтқанда, Кастильоненің қазақ сәйгүліктері жайлы сабақтас туындылары – XVIII ғасырдың орта шеніндегі қазақ–маньчжур дипломатиялық қатынастарының көркем картинасы іспетті. Бұл туындылар тек эстетикалық, көркемдік тұрғыдан ғана емес, өз кезеңіндегі саяси байланыстар, сый-сияпат дәстүрі, этномәдени келбет туралы нақты деректер ұсынатын бірегей тарихи айғақ ретінде де өте құнды. Жазба деректер мен көркем туындыларды ұштастыра қарастыру арқылы біз Маньцин империясымен қалыпты мемлекетаралық қарым-қатынас орната білген Қазақ ордасының халықаралық қатынастар жүйесіндегі мәртебесін тереңірек түсінуге мүмкіндік аламыз.

Бұған дейін Қазақ ордасы мен Цин империясы арасындағы елшіліктер қызметіне шешекпен күрес саясаты қалай әсер еткені туралы жазған едік.