Харбин-2025: Қысқы Азия ойынында ел намысын қанша спортшы қорғайды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарына Қазақстаннан 139 спортшы ел намысын қорғайды. Олар 64 медаль жиынтығы сарапқа салынатын 11 спорт түрінен сынға түседі.

Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин атап өтті.
— Харбинде Қазақстан құрамасының спортшылары 64 медаль жиынтығы сарапқа салынатын 11 спорт түрінен сынға түседі. Сары құрлық додасында отандық 139 спортшы өнер көрсетеді. Биылғы Азиада бағдарламасына шаңғы-альпинизм спорты енгізілген. Қазақстандық спортшылар бұл спорт түрінен жақсы нәтиже көрсетуді жоспарлап отыр, - деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин.
Айта кетейік, 2017 жылы Саппорода (Жапония) өткен ең соңғы қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары жалпы саны 32 медаль жеңіп алған болатын.