14:33, 14 Ақпан 2009 | GMT +5
Харбинде студенттер арасында XXIV қысқы универсиада ойындары өтеді
АЛМАТЫ. Ақпанның 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ақпанның 18-і мен 28-і аралығында Қытайдың Харбин қаласында студенттер арасында XXIV қысқы универсиада ойындары өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Онда отандастарымыз спорттың 5 түрі бойынша сынға түседі. Қазақстанның студенттер спорты федерациясының мәліметіне қарағанда, конькимен жүгіруде Николай Улитиннің бапкерлігімен Елена Обатурова, Сергей Мелехов, Денис Кузин мен Антон Суровяткин бақ сынамақ. Трамплиннен секіруде жаттықтырушы Павел Васильев Антон Канкенов пен Геннадий Семеновқа үміт артуда. Шорт тректе бапкер Мәдіғали Қарсыбеков ерлер арасында Аслан Даумов, Нұрберген Жұмағазиев, Андрей Сметанин мен Андрей Старженскийге, қыздар арасында Галина Дудко мен Елизавета Сигуленковаға сенім білдіріп отыр. Болгарияның София қаласында өткен әлем кубогының кезеңдік бәсекесінде Нұрберген 500 метрлікте 20-шы, 1500 метрлікте 32-ші, ал Андрей 1000 метрлікте бірінші күні 33-ші, екінші күні 35-ші орын алған болатын. Шаңғымен жүгіруде бапкерлер Геннадий Матвиенко, Иван Трифонов, Сергей Троеглазов, Александр Осипов, Андрей Гридин, Виталий Александров, Марк Старостин, Евгений Сафонов, Дина Усина, Татьяна Рощина, Елена Сахнова мен Светлана Васечкомен соңғы дайындықтарын пысықтауда. Ал хоккейде бапкер Валерий Криченко құрамаға 25-тей спортшыны шақырып отыр. Олардың арасында Досжан Есіркепов, Андрей Корабейников, Эдуард Мазура, Александр Шин сияқты хоккейшілер бар.