Хиджаб киюге тыйым салу адамның құқығын бұзбай ма - Әділет вице-министрі түсіндірді
Әділет вице-министрі Алма Мұқанова қоғамда талқыланып жатқан хиджаб мәселесіне түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Бұл мәселеге қатысты қоғамда біраз пікірталас жүріп жатыр. Тіпті халықаралық тәжірибеге назар аударсаңыз, әлем елдерінде де осындай жағдай. Оған тыйым салған елдер де, рұқсат бергендер де бар. Көрші тұрған Өзбекстан мен Қырғызстанның тәжірибесін алып қарасақ та, бұл мәселелер қазірдің өзінде олардың парламентінде қызу талқыланып жатыр. Қателеспесем, кей көршілер бұл тыйымды заңдастырып қойған», - деді А. Мұқанова Kazinform тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Бұл тұрғыда ол елімізде дін ұстану құқығына ешқандай шектеу жоқ екенін, яғни осы бағытта конституциялық құқық бар екенін айтты.
Дегенмен, қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне қатысты тиісті шектеулер бойынша бірқатар норма енгізілуі мүмкін.
«Жалпы, осындай мәселе көтеріліп, тиісті нормаларды қарастыру ұсынымы енгізілсе, біз мұны тағы да заң тұрғысынан зерделейміз», - деді вице-министр.
Сондай-ақ ол орамал тағуға тыйым салынуына байланысты қыздардың оқу орнына барудан бас тартқаны жайлы видеороликтерге пікір білдірді.
«Жалпы, бұл саладағы іс-қимылдар регламенттелген. Білім беру ұйымдарында тиісті шектеу бар. Осы тақырыпта бірқатар лауазымды адам түсінік берген», - деді А. Мұқанова.
Айта кетейік, биыл тамыз айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылардың мектепке хиджабпен келуіне пікір білдірген еді.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да Facebook парақшасында оқушылардың мектепке хиджаб киіп баруына өз ойын жеткізіп, Оқу-ағарту министрінің сөзін қуаттай түсті.