Хиросимада әлемдік саяси көшбасшыларға ядролық қарудан бас тартуға үндеу жасалды
АСТАНА. KAZINFORM – Хиросимада АҚШ-тың атом бомбасын тастағанына 81 жыл толуына арналған еске алу рәсімінде қала билігі әлем көшбасшыларын ядролық қарудан толық бас тартуға шақырды, деп хабарлайды KyodoNews.
Олар қазіргі халықаралық шиеленіс жағдайында ядролық қарудың ірі державалар тарапынан «сес көрсету құралы» ретінде қолданылып отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Жыл сайынғы мемориалдық рәсімде оқылған Бейбітшілік декларациясында Хиросима қаласының мэрі Казуми Мацуи ядролық қарудың адамзатқа төндіретін қаупін елемеу мен күш қолдануды қалыпты құбылысқа айналдыру ақырында Хиросима мен Нагасакидағы қасіреттің қайталануына әкелуі мүмкін екенін айтты.
Оның бұл мәлімдемесі Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қатысушы елдердің соңғы шолу конференциясы қорытынды құжат қабылдай алмағаннан кейін және АҚШ бастаған Иранға қарсы соғыс жалғасып жатқан тұста жасалды.
– Ядролық қарудың кез келген қолданылуы адамзатқа апатты зардап әкелетінін бәріңіз түсінесіздер. Ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға тек көпжақты ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізуге болады. Саяси көшбасшылар бұл бағытта өзгелерге үлгі көрсетуі тиіс, – деді Казуми Мацуи.
Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 08:15-те бір минут үнсіздік жарияланды. Дәл осы уақытта, 1945 жылғы 6 тамызда АҚШ-тың Enola Gay бомбалаушы ұшағы Хиросимаға уран бомбасын тастаған еді. Соның салдарынан 1945 жылдың соңына дейін шамамен 140 мың адам қаза тапты.
Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаити өз сөзінде елдің ядролық қаруды өндірмеу, иеленбеу және өз аумағына орналастырмау қағидаттарына адал екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ядролық шабуылдың зардабын көрген жалғыз мемлекет ретінде Жапония ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы жұмысты жалғастыра береді.
Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш халықаралық қауіпсіздік жүйесінің әлсіреп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның мәлімдемесін БҰҰ Бас хатшысының орынбасары әрі Қарусыздану жөніндегі жоғарғы өкіл Идзуми Накамицу оқып берді.
Гутерриш мемлекеттерді қарама-қайшылықтың орнына диалогты, текетірестің орнына ынтымақтастықты, ал тар ұлттық мүдденің орнына ортақ қауіпсіздікті таңдауға шақырды.
Казуми Мацуи жастарды ядролық қарудан толық бас тартуды халықаралық қоғамдастықтың ортақ қағидатына айналдыруға үлес қосуға үндеді. Ол сондай-ақ Жапония үкіметін қараша айында өтетін Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы елдердің конференциясына бақылаушы ретінде қатысуға шақырды.
Үш күннен кейін, 1945 жылғы 9 тамызда, АҚШ екінші атом бомбасын Нагасакиге тастады. Алты күннен соң Жапония тізе бүгіп, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.
Хиросима қаласының мәліметінше, атом бомбаларынан аман қалған адамдардың орташа жасы бүгінде 86-дан асты.
Айта кетейік, биыл наурызда Қазақстан ББҰ мінберінен ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жандандыруға шақырды.
Ал маусым айында МАГАТЭ Ираннан шұғыл түрде ядролық нысандарға қолжетімділікті талап етті.