Хоккей: Астананың «Барысы» овертаймда «Северсталь» командасын ұтты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойынында Астананың «Барысы» өз айдынында турнир кестесіндегі көш соңындағы командалардың бірі Череповецтің «Северсталын» қабылдап, овертаймда 4:3 есебімен жеңіске жетті.
None
None

Матчтың 4-минутында қонақтар қақпасы маңында әбжілдік танытып, шайбаны иеленген Максим Худяков Максим Семеновке дәл пас берді. М.Семеновтің алыстан соққан шайбасын «Северстальдың» қақпашысы көрмей қалды ма, әйтеуір өткізіп алды. Содан кейін 15-минутта айдын иелері қонақтардың екі бірдей ойыншысының айып уақытын өтеуін тиімді пайдаланып, Брэндон Боченски есепті 2:0-ге жеткізді. Екінші кезеңде Вадим Краснослободцевтің әдемі пасынан кейін Константин Пушкарев 34-минутта мергендік танытты. Ал бес минуттай уақыт өткеннен кейін «Барыстың» бір ойыншысы 2 минут айып уақытын өтеп болмай жатып, қонақтардан Дмитрий Кагарлицкий көзге түсті.

Шешуші, үшінші кезеңде «Барысқа» қарағанда, жиі шабуылдап, әлдеқайда ширақ ойнаған «Северсталь» бір ойыншысының артықтығын пайдаланып, (Даниил Вовченко) 48-минутта есепті 3:2-ге дейін қысқартты. Содан кейін Вадим Краснослободцев тәртіпсіздік жасап, айдыннан қуылған сәтте «Барыстың» қақпашысы Ян Лацо жарақат алып, орнына Павел Полуэктов шықты. Осы қарбалас сәтте «Северсталь» тағы әбжілдік танытып, Анатолий Никонцев таразы басын теңестіріп кетті. Сөйтіп матч барысында астаналықтар 3:0 есебімен алға шыққанымен, басымдылықтарын сақтай алмай, негізгі уақыт 3:3 есебімен тең аяқталды.

Овертайм басталысымен-ақ Брэндон Боченски мергендік көрсетіп, командасына жеңіс сыйлады.

Қазіргі кезде 61 ұпаймен Шығыс конференциясында бұрынғысынша тоғызыншы орында келе жатқан «Барысқа» әрбір ұпай ауадай қажет. Өйткені плей-офф бәсекелеріне қатысу үшін алғашқы сегіздікке қалайда ілігу керек.

Астаналықтар биылғы жылдағы соңғы ойынын 29 желтоқсанда турнир кестесінде көш бастап келе жатқан Мәскеудің ЦСКА командасымен өткізеді.

Соңғы жаңалықтар