Хоккейден ӘЧ: Қазақстан U18 құрамасы буллиттен Словенияны жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы IA дивизиондағы бесінші ойынын Словенияға қарсы өткізді. 

Хоккейден ӘЧ: Қазақстан U18 құрамасы буллиттен Словенияны жеңді
Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Отандастарымыз элиталық дивизионға жалғыз жолдаманы Швейцария, Мажарстан, Украина, Польша, Словения құрамаларымен сарапқа салып жатыр.

Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер екінші кезеңде өз қақпасына қатарынан екі шайба өткізіп алды. Есесіне үшінші кезеңде екі гол соғып, таразы басын теңестірді.

Негізгі кезеңде 2:2 есебімен тең ойнаған қарсыластар овертаймда да жеңімпазды анықтай алған жоқ. Буллитте Қазақстан құрамасының жолы болды. Осылайша олар қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.

Қазірге дейін құрамалар үш мәрте кездескен еді. Екеуінде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, біреуінде қарсыласына есе жіберді. 

Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Мажарстан құрамасынан 5:2, Польшадан 10:2, Украинадан 5:3 есебімен басым түссе, Швейцарияға 2:3 есебімен есе жіберді.

Енді бұл топта бүгін Швейцария мен Украина, Мажарстан мен Польша құрамалары ойнайды.