Хорватия Қазақстаннан инвестиция күтеді- ХР Сыртқы және еуропалық істер министрінің бірінші орынбасары Й. Клисович

Айта кетерлігі, қазақ еліне достық пейілді аталған мемлекет Алматыда консульдық ашып, туристеріміз үшін Хорватияға сапарлау процедураларын жеңілдетуге мүмкіндіктер де қарастыру арқылы білдіріп отыр. Бұл жайында елордада өткен Қазақстан-Хорватия іскерлік форумынан кейін ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген аталған елдің Сыртқы және еуропалық істер министрінің бірінші орынбасары Йошко Клисович кеңінен баяндап берді.
- Клисович мырза, осы мүмкіндікті пайдаланып, бірінші кезекте Хорватияға қазақстандықтардың сапарлау мүмкіншілігіне байланысты туындап отырған мәселеге қатысты сауал қойғым келеді. 2010 жылдан бері сіздердің елдеріңізде біздің азаматтар үшін жеңілдетілген, визасыз режім жұмыс істегендігі белгілі. Алайда, биыл Хорватия Еуропалық одақ құрамына кіретіндігі күтілуде. Демек, мемлекет автоматты түрде Шенген аймағына қосылып, біздер бұған дейінгі басымдықтардан айырыламыз. Солай ғой?
- Дұрыс айтасыз, 1 шілдеден бастап Хорватия Еуропалық одақ құрамына кіреді және осыған сәйкес біз ЕО-ның визалық саясатын қабылдайтын боламыз. Бұл Хорватияға қатысты емес, өйткені ЕО-ның әрбір мүше мемлекеті мұны жасауға міндетті. Дегенмен біз бұл процедураны Қазақстан тұрғындары үшін мүмкіндігімізше жеңілдетуге тырысамыз. Қалай? Біріншіден, егер қазақстандықта қолданыстағы Шенген визасы болатын болса, онда ол Хорватияға да жарамды виза ретінде қарастырылатын болады. Екіншіден, егерде азаматтың дипломатиялық не болмаса қызметтік төлқұжаты болатын болса, онда оған бұған дейінгідей виза талап етілмейді. Себебі Қазақстан мен Хорватия арасында сәйкесінше келісім жасалған. Соңғы, үшіншісі, біз бүінгі таңда Алматыда, одан кейін Астанада консулдығымызды ашамыз. Бұл қазақстандықтарды визаға өтініш беру және оны алу үшін Мәскеудегі немесе Анкарадағы Елшілігімізге жүгіну қиындығынан босатады. Бұдан бөлек туристер сертификаты бар туристік агенттіктерге жүгіне алады. Олар визаға өтінім қабылдап, оны одан әрі қарау үшін елшілікке жібереді.
Сондай-ақ біз Қазақстанда әлемнің барлық еліне виза рәсімдеуге мамандандырылған бизнес орталық не компания табамыз деп үміттенеміз. Менің Қазақстанда мұндай орындардың бар не болмаса жоқ екендігін білмейтіндігім шындық. Дегенмен мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде кеңінен тараған.
- Айтпақшы, жыл басында Хорватия Еуропалық одаққа кіру мәселесіне қатысты рефорендум өткізген кезде тұрғындардың шамамен 66 пайызы жақтап, ал 33 пайызы қарсылық танытқан еді. Қазіргі уақытта Еуропадағы экономикалық ахуалдың барынша қиындап кеткендігін көріп отырмыз. Осы ретте Хорватия тұрғындарының көңіл-күйі бұл жайтқа байланысты ауытқыған жоқ па деген заңды сауал туындайды.
- Жоқ, менің ойымша, көңіл-күй қатты өзгере қоймаған сияқты. Біз Еуропалық одақты Хорватияның экономикалық әрі әлеуметтік дамуы үшін тамаша тұғырнама ретінде қарастырамыз.
- Қазақстан мен Хорватияны көптеген жайттар байланыстырады. Мәселен, екі республикада 1991 жылы тәуелсіздік алды, екеуінің де өткен жолы - социализм. Бүгінгі таңда да екі елде өте ұқсас үдерістер орын алуда. Сіздер ЕО-ға кірмексіздер, ал Қазақстан әріптестерімен Еуразиялық одақ құруға бет алуда. Соған орай Хорватия Сыртқы істер министрлігінің аталған үдерістерді қалай бағалайтындығы қызықтырады.
- Қазақстан, Ресей және Беларусьтың Еуразиялық одақ құруы менің ойымша, аталған елдердің одан әрі дамуы үшін жайлы ахуал қалыптастыратын болады. Еуропалық одақ қазірдің өзінде Ресей және Қазақстанмен экономикалық және саяси тұрғыда тығыз ынтымақтасуда. Ал Минск саясаты ЕО қабылдаған талаптарға мүлдем сай келмейді. Бірақ, мен бұдан ары олар Еуропалық одақпен барынша тығыз ынтымақтастықта болады деп үміттенемін.
- Сіздің Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясымен жете таныс екендігіңізді білеміз. Енді осы құжат жайындағы пікіріңізді білсек.
- Ия, мен «Қазақстан-2050» стратегиясын оқыдым. Онда ел дамуының нақты, айқын әрі дәл бағыттары түзіліп, оны жүзеге асырудың жолдары көрсетілген. Хорватия алға қойылған міндеттерге қол жеткізудегі Қазақстанның жүзеге асырылған тәжірибесін қабылдауға тырысуда. Мен Стратегия Қазақстан дамуының жолдарын шынайы көрсететіндігін байқадым. Бұған қоса, оның ауқымы мен өінмділігі де қызықты. Ол бірден саяси, әлеуметтік және экономикалық салаларды қамтиды.
- Форум барысында хорватиялық та, қазақстандық та тарап барынша тығыз ынтымақтастықтың жолын табуға тырысқаны рас. Дегенмен, сіздердің іскерлік орталарыңыз Қазақстанды несімен еліктіре, қызықтыра алады?
- Форумда Хорватия тарапы Қазақстанға жоғары технологиялық өнімдер ұсынатын компанияларын таныстырды. Көптеген компаниялар зор мүмкіншілікті байқап отыр және бірлескен кәсіпорын құруға дайын. Әсіресе, біздер ауыл шаруашылығы, кеме құрылысы, фармацевтика, энергетика және машина жасау, оның ішінде темір жол құрамаларын шығару салаларындағы зор әлеуетті байқап отырмыз.
Хорватияның бірқатар құрылыс компаниялары қазірдің өзінде Қазақстанға келуге және бұл жерде өз қызметтерін темір және автомобиль жолдары, ғимараттар, көпірлер мен басқа инфрақұрылымдар құрылыс салаларында ұсынуға дайын. Бұған қоса бірқатар хорватиялық компания қазақ елінде табысты жұмыс істеуде. Мәселен, Dalekovod фирмасы өз өкілідігін ашып, KEGOC тапсырысы бойынша электр тарату желілерін салуда. Concept 90 компаниясыда осында жұмыс істеуде, олар спорт кешендері құрылысымен айналысуда. Бірақ, бұдан да басқа компаниялар келісімшарт алып, Қазақстанда жұмыс істеуге ниет танытуда.
- Шындығында да көптеген шетелдік компаниялар Қазақстанда жұмыс істеуге пейілді. Сондықтан да хорватиялық компаниялардың ерекше не ұсына алатындығы қызықты.
- Біз барынша бәсекеге қабілеттіміз. Өйткені жоғары технологияларға, біліктілігі жоғары мамандарға әрі көрсетілетін қызметтің төмен құнына иеміз.
- Ал қазақстандық бизнесмендерді Хорватия қандай салаларымен қызықтыра алады?
- Өкінішке орай, бұл сауалға мен нақты жауап бере алмаймын. Ол үшін маған қазақстандық бизнесмендерді Хорватияда қандай сала қызықтыра алатындығы туралы толыққанды ақпараттар алуға уақыт қажет.
- 2017 жылы Қазақстанда бүкәләлемдік көрме өтеді. Хорватиялық компаниялар аталған көрмеге дайындық шараларына және өткізуге қатысуға ниетті ме?
- Біз ЭКСПО халықаралық көрмесінің Астана төрінде өтетіндігіне қуаныштымыз әрі оған қатысқымыз да келеді. Өйткені біз Оңтүстік Кореяда өткен көрмеге қатыса алмаған едік. Көрмеге қатысу біршама материалдық шығындарды қажетсінетіндігі белгілі. Ал Хорватияның ЭКСПО-2017-ге қатысу жоспарына қатысты айтар болсам, ол қазіргі уақытта тек зерттелу үстінде ғана.
- Хорватия туризм саласын дамытуы арқылы танымал ел. Ал сіздердің компанияларыңыз осы мол тәбірибесін Қазақстанмен бөлісуге әрі бұл салаға инвестиция құюға дайын ба?
- Біздің еліміз бай тарихымен, соған сай қонақжайлылығымен, спорттық туризмімен, инфрақұрылымының дамуымен танымал. Туристік саламыздың мол тәжірибесі бар. айтпақшы, мен Қазақстанда көптеген ұлттық парктер мен қорықтардың бар екендігін естідім. Сондықтан хорватиялық туристік компаниялардың аталған саланы дамытуға қатысты білімімен, тәжірибесімен бөлісе алады деп сенемін. Дегенмен, инвестицияға қатысты айтарым, дұрысы біз Қазақстаннан инвестиция күтеміз.