HR Enbek-тегі сақтандыру туралы хабарлама нені білдіреді

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерге HR Enbek порталы арқылы қызметкерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын (ЖОМС шарты) жасасу немесе оның қолданылу мерзімін ұзарту қажеттігі туралы хабарламалардың қалыптастырылу тәртібін түсіндірді.

СМС хабарлама
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. ЖОМС шартын жасасу – заңнамада белгіленген міндетті талап. Міндетті сақтандыру шартын жасамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік жауапкершілік көзделген.

HR Enbek порталындағы хабарламалар ақпараттық жүйе қолданыстағы ЖОМС шарты туралы тиісті мәліметтердің жоқ екенін анықтаған жағдайда автоматты түрде қалыптастырылады.

Хабарламаларды қалыптастыру кезінде HR Enbek порталында тіркелген қолданыстағы еңбек шарттары туралы мәліметтер, сондай-ақ Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан келіп түсетін және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграцияланған ЖОМС шарттары туралы ақпарат пайдаланылады.

Бұл ретте хабарламаның алынуы жұмыс беруші тарапынан заңнама талаптарының бұзылғанын автоматты түрде білдірмейді. Хабарлама ақпараттық жүйе анықтаған мәліметтер арасындағы сәйкессіздік туралы ақпарат береді және жұмыс берушіге деректерді уақтылы тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік беру үшін жолданады.

Сәйкессіздіктер, оның ішінде жақында жасалған немесе ұзартылған ЖОМС шарты туралы мәліметтердің ақпараттық жүйелерге әлі келіп түспеуіне немесе жаңартылмауына байланысты туындауы мүмкін.

Хабарлама алған жағдайда жұмыс берушілерге:

  • егер ЖОМС шарты жасалмаған немесе оның қолданылу мерзімі аяқталған болса, белгіленген тәртіппен шарт жасасу немесе оның қолданылу мерзімін ұзарту үшін сақтандыру ұйымына жүгіну;
  • егер ЖОМС шарты жасалған және қолданыста болса, оның қолданылу мерзімін, жұмыскерлерді қамту толықтығын және шарт туралы мәліметтердің ақпараттық жүйелердегі деректерге сәйкестігін тексеру ұсынылады. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда деректерді нақтылау және жаңарту үшін сақтандыру ұйымына жүгіну қажет.

ЖОМС шарты жақында жасалған немесе ұзартылған болса, сақтандыру ұйымы мәліметтерді бергеннен кейін және олар тиісті өңдеуден өткеннен соң ақпарат жүйеде көрсетілетінін ескеру қажет. Осыған байланысты HR Enbek порталындағы ақпараттың жаңартылуы белгілі бір уақыт алуы мүмкін.

Келіп түскен хабарламалар жұмыс берушінің жеке кабинетінде сақталады.

Хабарлама қайталап келген жағдайда жұмыс берушіге ЖОМС шарты туралы мәліметтердің берілу және жаңартылу мәртебесін нақтылау үшін сақтандыру ұйымына жүгіну ұсынылады.

Министрлік хабарламаларды жіберу ақпараттық-профилактикалық сипатқа ие екенін және жұмыс берушілерді заңнама талаптарын сақтау қажеттігі туралы уақтылы хабардар етуге, сондай-ақ қызметкерлердің сақтандырылуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Жұмыс берушілерге ЖОМС шарттарының бар-жоғын және қолданылу мерзімін уақтылы тексеру, сондай-ақ ақпараттық жүйелердегі қызметкерлерді сақтандыру туралы мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз ету ұсынылады.

Осыған дейін жұмыс берушінің қызметкерге айыппұл салу мүмкіндігі туралы жадық.