Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Хромтаулық волейболшы жігіттер Ұлттық лиганың көшбасшысынан 2 ұпай олжалады

АЛМАТЫ. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Волейболдан Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасында Оралда өтіп жатқан ХХ Қазақстан чемпионатының 4-турында кеше алматылықтар алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты.

Хромтаулық волейболшы жігіттер Ұлттық лиганың көшбасшысынан 2 ұпай олжалады

Олар Хромтаудың «ТНК Қазхром» командасына 2:3 есебімен есе жіберіп, жалғыз ұпайды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Алғашқы 3 турдың қорытындысы бойынша турнир кестесінде көш соңында келе жатқан  қызылжарлықтар («Есіл») үздік үшінші орында келе жатқан Өскеменнің «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» командасын 3:1 есебімен ұтып  3 ұпай олжалады.

Ал төртінші орындағы атыраулықтар да өздерін өкшелеп келе жатқан Оралдың «Конденсатына» 2 ұпай жіберіп алды. 7 ақпандағы бірінші кездесуде «Алматы» жарыс қожайындарын,  «ТНК «Қазхром» «Есілді» 3:1 есебімен ұтып 3 ұпайдан еншілеген еді.

«Атырау» мен «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» командаларының  ойыны  2:3 боп аяқталып, өскемендіктер 2 ұпайды қанағат тұтқан. Қазір ұпай қоры алматылықтарда  -  44, хромтаулықтарда - 38, өскемендіктерде -  26, атыраулықтарда - 20, қызылжарлықтар - 13, оралдықтарда - 11.

Алғашқы 2 күннің қорытындысы бойынша өткен 3 турдың нәтижесіне қызылжарлықтар ғана өзгеріс енгізіп, оралдықтардан 2 ұпайға ұзап шықты. Өзге  4 команда турнир кестесіндегі өз орнын сақтауда.