Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Хроникадан болашаққа»: Президент ТРК кинолекторийі павлодарлықтарды үлкен экран алдына жинады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Алып экранда көрерменге сол бір сындарлы сәттердің ауыртпалығын, бүгінгі Қазақстанның тынысын, бірлік пен мемлекет қолдауының қуатын сездірте отырып, ертеңгі күнге деген сенімге ұмтылған адамдар мен оқиғалар туралы тарих өрілді. Президент ТРК-нің ауқымды ағартушылық жобасы Павлодарда өз жалғасын тапты.

лекторий
Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Бұл күндері жергілікті кинотеатр қоғам өкілдерін, жастарды, медиа саласының мамандары мен заманауи деректі кинематографияға қызығушылық танытатын қала тұрғындарын бір арнаға тоғыстырды. Павлодарлықтарға Президент ТРК-нің меншікті продакшн-базасы — Деректі кино орталығының үздік туындылары ұсынылды.

Алғашқы күні көрермендер «Travel Kazakhstan» және «Серт» деректі фильмдерін тамашалады. Алғашқы туынды еліміздің туристік әлеуетін, әр өңірдің айрықша сұлулығын, табиғи әрі мәдени байлығын баяндайды. Көрермендер асқар шыңдардан жазиралы кең далаға, көне ескерткіштерден заманауи шаһарларға дейін саяхаттап, Қазақстанның барлық аумағын аралап шыққандай әсер алды. Фильм елдің тыныс-тіршілігін тереңнен сезінуге және оны жаңа бағыттар мен тың жаңалықтардың мекені ретінде көруге мүмкіндік берді.

кинолекторий
Фото: Павлодар облысының әкімдігі

«Серт» фильмінің контексті басқа, ол 2024 жылғы жойқын су тасқыны кезіндегі халықтың бірлігі мен ерлігі, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында атқарылған ауқымды жұмыстар мен ондағы адамдардың тағдыры туралы баяндайды.

— Ұсынылған деректі жобалар — тек оқиғалар жылнамасы емес, бұл — қоғамда болып жатқан үдерістерге тереңірек үңілуге мүмкіндік беретін тарихымыз бен бүгінгі заманымыздың шынайы айнасы. Олар өткен мен бүгінді сараптауға арналған алаңға айналып, ел болашағына деген ортақтастық пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады, — деп атап өтті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова.

Айгүл Мәлікова
Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Оның пікірінше, «Серт» фильмі көптің ойын патриотизм мен ел алдындағы азаматтық жауапкершілік сияқты ұғымдарға жетелеп, Қазақстанның қуаты — халықтың бірлігі мен мемлекеттің әрбір азамат тағдырына деген жанашырлығында екенін баяндайды.

Фильмнің ерекшелігі — шынайылығында: ол дикторлық сүйемелдеусіз, тек кейіпкерлердің оқиғалары мен сұхбаттары негізінде түсірілген. Апаттан кейінгі қалпына келтірілген өңірлер, көрсетілген көмек пен мемлекет тарапынан жасалған қолдау туралы сол қамқорлыққа бөленген, көзбен көрген тұрғындардың өздері әңгімелейді. Дәл осы адамдардың айтқандары фильмді Президент сөзінің азаматтар тағдырында нақты іске асып жатқанының жанды дәлеліне айналдырғандай.

— Деректі кино саласында шынайылық пен фактілердің дәлдігі алғашқы орында тұратыны белгілі. Дейтұрғанмен шынайы шеберлік экрандағы хроника көрермен бойында жанашырлық, бауырластық пен ортақтастық сезімі сияқты шынайы тебіреніс тудырғанда көрінеді. Шығармашылық топтың қол жеткізгені де — осы: әрбір сюжеттік желінің астарында орасан зор еңбек пен тарихи маңыз жатыр, — деп баға берді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Еркеғали Жанғазы.

кинолекторий
Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Павлодарлықтарға бұл тақырып жақсы таныс. 2024 жылы мұнда бірнеше ауылды су басып, соның ішінде Ақтоғай ауданы, Жалаулы елді мекенінде ауыр жағдай қалыптасқан.

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен бар-жоғы үш айдың ішінде баспанасыз қалған бес отбасыға заманауи тұрғын үйлер салынып берілді. Азаматтар бүлінген дүние-мүлкі үшін толық өтемақы алды. Бұл деректер — жай ғана статистика емес, Президентіміздің назары мен қамқорлығы, мемлекеттің жедел әрекеті халық үшін нақты қолдауға айналғанының дәлелі, — деп атап өтті Еркеғали Жанғазы.

Келесі күні кинолекторий «Құлалы аралының адамы» және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысына арналған «Қуатты серіктес» деректі фильмдерінің көрсетілімімен жалғасты.

кинолекторий
Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Павлодарлық көрермендер ұсынылған фильмдердің идеялық мазмұны мен режиссерлік жұмыстарды жоғары бағалады. Көрсетілімнен кейін Деректі кино орталығының аға редакторы әрі сценарий авторы Эльмира Ишмұхаметовамен, сондай-ақ орталық режиссері Бақтияр Қанафинмен шығармашылық кездесу өтті. Қатысушылар фильмдердің түпкі ойы мен түсірілім барысы туралы көбірек біліп, мамандардың кәсіби пікірлерін тыңдады және авторларға сұрақтарын қойды. Талқылау заманауи қоғамдағы деректі кинематографияның рөлі туралы жанды диалогқа айналды.

— Президент ТРК-нің 30 жылдығына арналған ағартушылық жоба аясында кинолекторийді Қазақстанның 20 қаласында өткізу жоспарланған. Павлодар бұл тізімде он екінші қала болды. Бұл жобаның мақсаты — ерекше сенімділік атмосферасын қалыптастыру, себебі біздің фильмдеріміз Қазақстанда болып жатқан ең жарқын әрі маңызды оқиғалар туралы баяндайды. Экран арқылы бір аймақтың тұрғындары келесі өңірдің тыныс-тіршілігін көріп, олардың ырғағын сезініп, бір-бірін тереңірек түсінуі де маңызға ие. Осылайша деректі кинематография өздеріңіз көріп отырғандай өзіндік көпірге айналады. Яғни елдің бір-бірінен шалғай жатқан түкпірлерін тоғыстырып, біртұтас мәдени кеңістік қалыптастырады, бауырластық сезімін нығайтады, — деді Президент ТРК Деректі кино орталығының аға редакторы Эльмира Ишмұхаметова.

кинолекторий
Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Еске салайық, «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі бұған дейін Астана, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе және Өскемен қалаларында өтті. 

Кинолекторий өз жұмысын 25 қыркүйекте Алматы қаласында аяқтайды.