Хуситтер Сауд Арабиясындағы әуе базасына шабуыл жасағанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Йемендегі ауқымды әскери қимылдардың қайта басталуы көршілес мемлекеттер мен Қызыл теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігіне төнетін қатердің күшеюімен қатар жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Йемендік хуситтер дүйсенбі күні Сауд Арабиясының оңтүстік-батысындағы Хамис-Мушайт қаласында орналасқан Король Халид атындағы әскери әуе базасына жаппай соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл мәлімдемені «Ансар Алла» қозғалысының бақылауындағы SABA агенттігі таратты.
Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари шабуылға ондаған баллистикалық зымыран мен ұшқышсыз ұшу аппараты қатысқанын айтты. Нысанаға авиациялық ангарлар, радиолокациялық жүйелер, ұшу-қону жолақтары және оқ-дәрі қоймалары алынған.
Хуситтер әуе базасына тікелей соққы жасалып, айтарлықтай залал келтірілгенін мәлімдеді. Сауд Арабиясы әзірге бұл ақпаратты растаған жоқ.
Қозғалыс бұл операцияны соңғы бес күнде Сауд Арабиясы әскери-әуе күштерінің Йемен аумағына жасаған 300-ден астам әуе соққысына жауап деп атады.
Хуситтердің мәлімдеуінше, бұл шабуылдарға Хамис-Мушайт пен Таиф қалаларындағы әскери әуе базаларынан ұшып шыққан F-15 және «Тайфун» жойғыш ұшақтары қатысқан.
— Кез келген жаңа басқыншылыққа бұдан да ауқымды әрі қарқынды операциялармен жауап беріледі, — делінген хуситтердің мәлімдемесінде.
Сауд Арабиясының Азаматтық қорғаныс қызметі Хамис-Мушайт аймағында қауіп төнгені туралы ескерту жариялады. Алайда кейін қауіптің сейілгенін хабарлады. Тұрғындарға төтенше жағдайлар қызметінің нұсқауларын орындау, көшелерде жиналмау және болып жатқан оқиғаларды түсірмеу тапсырылды.
Alert: The danger has passed in Khamis Mushait Governorate. For your safety, continue following #CivilDefense instructions and avoid gathering and filming. In case of emergency, call (998). https://t.co/HjzIjsyCMC
— الدفاع المدني السعودي (@SaudiDCD) September 14, 2026
Сауд Арабиясы билігінің мәліметінше, өткен аптада елдің оңтүстігіне жасалған зымырандық және ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуылынан 73 бейбіт тұрғын зардап шеккен. Шабуылдар өртке және энергетикалық нысандар жұмысының уақытша үзілуіне де себеп болған.
Шиеленістің күшеюі Йеменнің батысындағы әскери қимылдардың жандануымен тұспа-тұс келіп отыр. Сауд Арабиясы қолдайтын үкіметтік күштер Таиз провинциясындағы бірқатар позицияны қайтарып алғанын және әуе күштерінің қолдауымен ілгерілеуін жалғастырып жатқанын хабарлады.
Yemen’s Houthis say Saudi Arabia launched more than 50 strikes against their positions in 24 hours. Fighting between the Iran-backed group and Saudi-backed government forces renewed in July when the Houthis declared a maritime blockade on Saudi Arabia and began targeting its ships in the Red Sea https://t.co/cMLZEmBk6E
— AFP News Agency (@AFP) September 14, 2026
Сонымен қатар хуситтер стратегиялық маңызы зор Баб әл-Мандеб бұғазы маңындағы қатысуын кеңейтіп жатыр. AP агенттігінің хабарлауынша, хуситтер бұғаздан шамамен 160 шақырым солтүстікте орналасқан Үлкен Ханиш және Кіші Ханиш аралдарын бақылауына алған. Бұған дейін хуситтер Қызыл теңізге кіреберістегі Перим аралын басып алған.
Баб әл-Мандеб бұғазы Қызыл теңізді Аден шығанағымен байланыстырады және әлемдік сауда мен энергия тасымалының негізгі бағыттарының бірі саналады.
Халықаралық көші-қон ұйымының соңғы мәліметтері бойынша, Йемендегі әскери қимылдардың шиеленісуіне байланысты 85 мыңнан астам адам үйлерін тастап кеткен. Елдің тағы 2 мыңнан астам тұрғыны Джибутиге қашқан.
Хуситтер 2014 жылдан бері Йемен астанасы Сана мен елдің солтүстігінің едәуір бөлігін бақылауда ұстап отыр. Оларға қарсы күштерді Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы қолдайды.
Өткен аптада Йемен үкіметінің күштері хуситтерге қарсы шабуылын бастады.
Айта кетелік Йемендегі қақтығыс: 46 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды.