Хуситтер Сауд Арабиясының Йеменге 28 рет әуе соққысын жасағанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Йемендегі жағдай шиеленісе түсіп, майданның бірнеше бағытында қарулы қақтығыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Йемендік хуситтердің «Ансар Аллах» қозғалысы соңғы тәулікте Сауд Арабиясы әскери-әуе күштерінің елдің үш провинциясына 28 рет соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари мәлімдеме жасады.
شن الطيران الحربي السعودي خلال الـ24 ساعة الماضية 28 غارة جوية من خلال طائرات "F15" و "تايفون" أقلعت من قاعدتي خميس مشيط والطائف استهدفت محافظات تعز والجوف ومأرب ليبلغ إجمالي الغارات منذ بدء التصعيد السعودي على بلدِنا وشعبنا 760 غارة جوية.
— العميد.يحيى سريع (@Yah_Saree) September 20, 2026
Оның айтуынша, Сауд Арабиясындағы Хамис-Мушайт пен Таиф әскери әуе базаларынан ұшқан F-15 және Eurofighter Typhoon жойғыш ұшақтары Йеменнің Таиз, Мариб және әл-Джауф провинцияларындағы нысандарға соққы жасаған.
Яхья Сари соңғы шиеленіс өршігелі бері Йеменге жасалған әуе соққыларының саны 760-қа жеткенін мәлімдеді. Сауд Арабиясы бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.
Хуситтердің бақылауындағы «Аль-Масира» телеарнасының хабарлауынша, әуе соққыларының бірі әл-Джауф провинциясындағы телекоммуникация мұнарасына тиген. Сонымен қатар Йеменнің солтүстігіндегі Саада провинциясының шекараға жақын аудандарына артиллериялық қарудан оқ атылған.
Әуе соққыларымен қатар, хуситтер мен Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметіне қарасты күштер арасында қарулы қақтығыстар да жалғасып жатыр. Ең ауыр шайқастар Таиз провинциясының батысында және Баб-эль-Мандеб бұғазына қарай созылатын таулы өңірлерде болды.
Таиздің батысындағы бірнеше позиция хуситтердің қайта бақылауына өткені хабарланды. Алайда бұл өзгерістер майдан шебіндегі жалпы жағдайға айтарлықтай әсер еткен жоқ. Соңғы күндері жекелеген позициялар екі тараптың бақылауына кезек-кезек ауысып отырған.
Бұған дейін хуситтер Йеменнің оңтүстік-батыс жағалауында айтарлықтай аумақтық жетістіктерге жеткен болатын. Олар 10 қыркүйекте Моха порт қаласын басып алып, келесі күні Зубаб ауданы мен Баб-эль-Мандеб бұғазындағы Майюн аралын бақылауға алды.
Ал Йемен үкіметінің күштері стратегиялық маңызы бар теңіз жолына жақын таулы өңірлерде хуситтердің жаңа аумақтарды басып алуына тосқауыл қоюға ұмтылып жатыр.
Қақтығыс басталғанға дейін әлемдік сауда айналымының шамамен 12 пайызы Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы жүзеге асқан.
Бұған дейін АҚШ Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы мүмкін екенін ескерткен.
Ал Тегеран Вашингтон Иранға қайтадан шабуыл жасау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Сауд Арабиясы Мекке маңында хуситтердің дронын қағып түсіргенін хабарлаған болатынбыз.
Ақзат Жиеналина