Хуситтердің Мокка портын алуы мен Баб-эль-Мандебке жетуі әлемдік мұнай нарығына қалай әсер етеді
АСТАНА. KAZINFORM - Йемендік хуситтер өткен аптада күтпеген жерден елдің оңтүстігіне қарай жылжып, ауқымды аумақты басып алды. Оның ішінде Мокка порты мен Баб-эль-Мандеб бұғазындағы аралдар да бар. Расталмаған деректер бойынша, хуситтер шамамен 2600 шаршы шақырым аумақты бақылауына алған. 2015 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыста мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Осы оқиғадан кейін түрлі пікір айтыла бастады. Енді мән-жайды саралап көрейік.
Хуситтер оңтүстіктегі аумақтарды қалай басып алды
Ең алдымен хуситтер Йемен үкіметі әскерінің қорғанысын қалай бұзып өтті деген сұрақ туады. Йемен әскері азаматтық соғыс басталғалы бері стратегиялық маңызы зор бұл аймақты бақылауда ұстап келген. Тағы бір мәселе – Йемен үкіметін қаржы, қару-жарақ және әуе күштерімен қолдап келген Сауд Арабиясының ұстанымы. Егер стратегиялық маңызы зор аймақтың қорғанысы санаулы күнде күйресе, мұндай қолдау қаншалықты тиімді?
Бір назар аударарлығы, Йемен үкіметінің өкілдері хуситтерге әуеден соққы беруді сұрағанын мәлімдеді. Алайда саудиялық әскерилер әуе соққысын жасамаған. Бұл екі тарап арасында елеулі келіспеушілік бар екенін аңғартып отыр. Йемен билігі Сауд Арабиясына айтарлықтай тәуелді. Соған қарамастан мұндай мәселені ашық айтып отыр. Демек, екі елдің қарым-қатынасына сызат түсті деген сөз.
Сауд Арабиясы және Баб-эль-Мандеб мәселесі
Сауд Арабиясы мен хуситтер арасында үлкен қайшылық бар екені анық. Олар хуситтердің Баб-эль-Мандеб бұғазы маңын бақылауға алғанын қаламайды. Өйткені Сауд Арабиясының мұнай тасымалдайтын кемелері Азияға осы бұғаз арқылы өтеді.
Бұдан бөлек, хуситтер Сауд Арабиясының өзіне де қауіп төндіреді. Соңғы шабуыл кезінде олар ел аумағындағы нысандарды атқылады. Эр-Рияд өздеріне де шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Соған қарамастан Йемен үкіметінің әскеріне әуеден қолдау көрсетпеді.
Ең ауыр соққы Сауд Арабиясының ішкі мұнай құбырына жасалды. Ол елдің Шығыс провинциясындағы мұнайлы аудандарды Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портымен байланыстырады. Бұл құбыр Ормуз бұғазына тәуелді болмай-ақ мұнай тасымалдауға мүмкіндік беретін. 12 қыркүйекте Сауд Арабиясы құбыр арқылы мұнай тасымалын тоқтататынын мәлімдеді. Осыдан кейін әлемдік мұнай бағасы бірден өсті. Себебі тәулігіне шамамен 5-6 миллион баррель мұнай тасымалдау мүмкіндігі тоқтап қалды. Ал құбырды жөндеуге кемінде бірнеше апта қажет. Шабуылға қатысты түсініксіз жайттар да бар. Дрондар немесе зымырандар Ирактағы Иранды қолдайтын шиит топтары орналасқан аумақтан ұшырылғаны туралы ақпарат тарады. Егер бұл рас болса, шабуыл алдын ала келісілген болуы мүмкін.
Қалай болғанда да, хуситтердің шабуылы Сауд Арабиясына тиімсіз. Енді мұнайды Азия нарығына жеткізу қиындай түседі. Танкерлер Суэц каналы арқылы өтіп, одан әрі Африканы айналып жүруге мәжбүр болады. Ал аса ірі танкерлер Суэц каналынан өте алмайды. Сондықтан әлемдік нарыққа жеткізілетін мұнай көлемі азаюы мүмкін.
Сауд Арабиясы қиын жағдайда қалды
Хуситтердің Йеменнің батыс жағалауын Баб-эль-Мандеб бұғазына дейін басып алуы Сауд Арабиясы үшін үлкен сәтсіздік болды. Эр-Рияд Йемен күштеріне қолдау көрсете алмады немесе қолдағысы келмеді. Екі жағдай да Сауд Арабиясы үшін тиімсіз. Бірақ екіншісі одан да күрделі. Өйткені Арабия түбегіндегі әскери қуаты ең мықты ел хуситтердің шабуылын тоқтата алмады. Бұл оның беделіне нұқсан келтірді.
Бұған қоса, Axios агенттігінің хабарлауынша, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман 10 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трампқа екі рет телефон шалып, хуситтерге соққы беруді сұраған. Алайда Трамп одан бас тартқан. Қазір Вашингтон хуситтермен жағдайды одан әрі ушықтыруға мүдделі емес. Ал хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы кемелер еркін өте беретінін, шектеу тек Сауд Арабиясының кемелеріне қойылатынын мәлімдеді.
Трамп бұл әңгіменің болғанын растады. 12 қыркүйекте Дублинде Ирландия премьер-министрі Михол Мартинмен кездескен кезде ол: «Хуситтер бізге қоңырау шалды. Олар бізбен соғысқысы келмейді», - деді. Оның айтуынша, хуситтер АҚШ-тың бұл жағдайға араласпағанын қалайды. Трамп өз сөзінде Баб-эль-Мандеб бұғазындағы кеме қатынасына да тоқталып өтті. «Олар кемелердің басым бөлігін өткізіп жатыр. Тек бір мемлекетпен арада мәселе бар. Біз оны реттейміз», - деді ол.
АҚШ-қа жаңа майдан қажет емес
Қазіргі жағдай АҚШ үшін қолайлы деп айту қиын. Иранмен қақтығыс әлі жалғасып жатыр, сондықтан АҚШ тағы бір әскери қақтығысқа араласқысы келмейді. Сонымен қатар Вашингтон үшін Қызыл теңіз бен Суэц каналы арқылы өтетін маңызды сауда жолында кемелердің еркін қатынауы маңызды. Сондықтан хуситтердің сауда кемелеріне кедергі жасамайтыны туралы мәлімдемесі АҚШ үшін қолайлы.
Мұнай мәселесінде АҚШ Ормуз бұғазы арқылы қазіргі тасымал көлемі жеткілікті деп есептеуі мүмкін. Қыркүйектің басында АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райт 31 тамызда Ормуз бұғазы арқылы 17 миллион баррель мұнай тиелген кемелер өткенін мәлімдеді. Бұл соғысқа дейінгі көрсеткішке жақын. Алайда 13 қыркүйекте Ормуз бұғазында танкерге соққы тигені туралы ақпарат тарады. Дегенмен кемелер конвоймен өткізілген жағдайда мұндай шабуылдардың болуы да мүмкін.
АҚШ пен хуситтер арасында келіссөз болғаны туралы ақпарат та назар аудартады. Осыдан кейін соңғы оқиғаларда Иранның рөлі қандай болды деген сұрақ туындайды.
Иран факторы және хуситтердің рөлі
Хуситтерді әдетте Иранның ықпалындағы күш деп атайды. Көптеген БАҚ хуситтердің бұл жолғы сәтті шабуылын Иран, нақтырақ айтқанда, Ислам революциясы сақшылар корпусы ұйымдастырған болуы мүмкін деп жазды.
Хуситтер Йемен жағалауындағы басып алған аумақтарға орнығып, кейін Баб-эль-Мандеб бұғазындағы кеме қатынасына кедергі келтіруі мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан олардың кемелердің еркін өтуіне кедергі жасамайтыны туралы мәлімдемесі уақыт ұту үшін жасалған қадам болуы мүмкін. Теориялық тұрғыдан хуситтер Иранмен бірлесіп әрекет етуі мүмкін. Ал Иран сол уақытта Ормуз бұғазын жабуға әрекет етуі ықтимал. Мұндай жағдайда стратегиялық маңызы бар екі бұғазда да кеме қатынасы тоқтайды. Бұл әлемдік экономикаға ауыр соққы болады. Әсіресе Баб-эль-Мандеб бұғазының маңызы зор. Еуропа мен Азия арасындағы сауда жолы осы жерден өтеді. Суэц каналына баратын кемелер де осы бұғаз арқылы жүреді.
Хуситтер – Иранға тәуелді ме, әлде дербес күш пе
Хуситтердің шабуылы Иранмен алдын ала келісілген болуы мүмкін деген пікір айтылып жатыр. Бұл арқылы Иран АҚШ-пен текетіресте өз позициясын күшейтуге тырысуы мүмкін. Өйткені Баб-эль-Мандеб бұғазына шығу Тегеранға АҚШ-қа қарсы қолдана алатын тағы бір құрал береді. Оны қашан пайдаланатыны жағдайға байланысты.
Алайда хуситтерді Иранның кез келген бұйрығын орындайтын күш деп қарауға болмайды. Мәселен, Иранды қолдайтын ливандық «Хезболла» ұйымы Иран мен АҚШ арасындағы соғыс кезінде Израильге шабуыл жасады. Бұл сол кезде ұйымның өзіне тиімсіз еді. Израиль осы жағдайды пайдаланып, «Хезболлаға» ауыр соққы берді.
Ал хуситтер бұл соғысқа іс жүзінде араласқан жоқ. Олар Израильге қарай бірнеше зымыран ұшырумен ғана шектелді.
Бұған қоса, 2020 жылдан бері хуситтер мен Сауд Арабиясы арасында әскери қимылдарға бармау туралы келісім болған. Содан бері майдан шебі өзгерген жоқ. Алайда Йеменнің хуситтер бақыламайтын аумақтарында маңызды өзгерістер болды. Бұл өзгерістер қазіргі жағдайға әсер етуі мүмкін.
2015 жылдан бері Йеменде Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері бастаған араб елдерінің коалициясы әрекет етті. Бірақ екі ел Йемендегі әртүрлі күштерді қолдады. БАӘ Оңтүстік Йеменнің тәуелсіздігін жақтаған жергілікті тайпалар мен саяси топтарды қолдады. 1990 жылға дейін Оңтүстік Йемен жеке мемлекет болған. Ол бұрынғы британ отарының аумағында құрылып, Йемен Халық Демократиялық Республикасы деп аталды. Астанасы Аден қаласы болды. 2017 жылдан бастап мұнда Оңтүстік өтпелі кеңес жұмыс істеді. Ол 2026 жылдың қаңтарында таратылды.
Ал Сауд Арабиясы негізінен сүнниттерден құралған біртұтас Йеменнің бұрынғы үкіметін қолдады. Сауд Арабиясы мен хуситтер арасындағы қайшылық саяси ғана емес, діни сипатта да болды. Хуситтер шииттік исламның зейдиттік бағытын ұстанады. Зейдиттердің діни ұстанымдары Ирандағы он екі имамдық шииттерден біршама ерекшеленеді. Сонымен қатар Сауд Арабиясы елдің шығысындағы Хадрамаут провинциясының тайпаларын және саяси исламды ұстанатын кейбір топтарды қолдады.
Осылайша, Сауд Арабиясы мен БАӘ Йемендегі жауапкершілікті өзара бөлісіп, шығындарын азайта алды. Бірақ бұл хуситтерге қарсы күштердің бірлесіп әрекет етуіне кедергі келтірді. Оның үстіне Сауд Арабиясы мен БАӘ арасында келіспеушілік туындады. Кейін екі елдің қарым-қатынасы шиеленісіп, ақырында қарулы қақтығысқа ұласты.
Ішкі алауыздық хуситтерге қарсы күштерді қалай әлсіретті
2025 жылдың желтоқсанында оңтүстіктегі күштер Оңтүстік Йеменнің көптеген аумағын, соның ішінде Хадрамаутты бақылауына алды. Оңтүстік өтпелі кеңес Аденді орталық етіп, Оңтүстік Арабия мемлекетін құруды жоспарлады. Бұдан кейін Сауд Арабиясы араласты. 2025 жылғы 30 желтоқсанда Сауд Арабиясы Эль-Мукалла портында Оңтүстік өтпелі кеңес күштеріне арналған қару-жарақ тиелген көліктерге соққы жасады. БАӘ ашық қақтығысқа бармай, өз күштерін Йеменнен әкетті. Осыдан кейін 9 қаңтарда оңтүстік күштері саяси қызметін тоқтататынын мәлімдеді. Сөйтіп, Йеменнің оңтүстігінде Сауд Арабиясы мен ол қолдайтын үкімет негізгі күш болып қалды.
2026 жылдың шілдесінде Сауд Арабиясы хуситтермен жасалған келісімді іс жүзінде бұзып, олардың бақылауындағы Йемен астанасы Санаға соққы жасады. Сол кезде аятолла Әли Хаменеиді жерлеу рәсіміне қатысып, Ираннан қайтып келе жатқан делегация мінген ұшақ Санаға қона алмады. Ирандық ұшақ Ходейда әуежайына қонуға мәжбүр болды.
Осы оқиғадан кейін хуситтер мен Сауд Арабиясы арасындағы бітім іс жүзінде тоқтады. Сауд Арабиясының бұл әрекеті көбіне символдық сипатта болғанымен, хуситтердің еркін әрекет етуіне жол ашты.
Ал Сауд Арабиясын қолдайтын Йемен үкіметінің қарамағында жақында ғана бір-бірімен соғысқан түрлі топтар жиналды. Мұнда оларды басқаруға қатысты мәселе туындағанға ұқсайды. АҚШ пен Иран арасындағы соғыс салдарынан Сауд Арабиясының кірісі азайған жағдайда бұл топтарды қаржыландыруда да қиындықтар туындауы әбден мүмкін.
Үкімет неге қарсылық көрсете алмады
Қағаз жүзінде Сауд Арабиясы қолдайтын Йемен үкіметінің әскери күші айтарлықтай күшті еді. Алайда іс жүзінде әскер саны аз, соғысуға ынтасы төмен, қару-жарағы мен қажетті жабдықтары жеткіліксіз болуы мүмкін.
Ал Оңтүстік Йеменде, әсіресе Аденде, БАӘ-нің әрекеті тиімдірек болған болуы мүмкін. Әмірліктер жалдамалы сарбаздарды, соның ішінде Сомали мен Суданнан келген жауынгерлерді көп пайдаланды. Олар қатал әрі тиімді әрекет етті.
Бұған БАӘ халқының аздығы да әсер етуі мүмкін. Елде өз азаматтарының саны шамамен бір миллион ғана. Сондықтан БАӘ армиясында шетелдік жалдамалы сарбаздар көп болды.
Ал Сауд Арабиясының өз халқы әлдеқайда көп. Оларда қарулы күштерді билеуші әулетке адал тайпалардан жасақтау дәстүрі бұрыннан бар. Сауд Арабиясы адам шығынын барынша азайтуға тырысады. Сондықтан Йемендегі соғысқа тікелей араласпай, жергілікті топтар мен әуе күштеріне сүйенуді жөн көреді. Алайда бұл жолы осы тәсілдің тиімділігі төмен болғанға ұқсайды.
Йемен жағалауындағы аумақтардың хуситтердің қолына өтуіне Сауд Арабиясы мен бұл жерлерді бақылаған топтар арасындағы саяси немесе қаржылық байланыстың нашарлауы себеп болуы мүмкін. Енді хуситтер Аден мен елдің орталығындағы Мариб провинциясына қарай жылжуды жоспарлап отыр. Алайда Аденде бұрынғы Оңтүстік өтпелі кеңестің қарулы жасақтары қазір жоқ.
Хуситтердің оңтүстікке қарай жылжуының әскери-саяси салдары да бар. Олар бұл аймаққа әскери жасағын жіберді. Енді олар басып алынған аумақтарды бақылауда ұстап отыр. Бұған қоса, Йеменнің жағалау бөлігінде таулар жоқ. Ал таулы жерлер бұған дейін хуситтерге Сауд Арабиясы бастаған коалицияға қарсы тұруға көмектескен. Кезінде Йемен шииттері Мысыр президенті Гамаль Абдель Насер Йеменге жіберген Мысыр әскеріне де таулы аймақтарда төтеп берген.
Хуситтер бұғаздағы аралдарды да басып алды. Бірақ ондағы әскери жасақтарды үнемі қару-жарақпен және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етіп отыру керек. Оның үстіне хуситтердің мина, қашықтан басқарылатын катер және теңіздегі соғысқа қажетті басқа да заманауи құралдарды өндіретін өз базасы жоқ. Мұндай қару-жарақ Иранда бар. Алайда оны Йеменге жеткізу үшін АҚШ пен Сауд Арабиясының әскери-теңіз күштері орнатқан қоршаудан өту қажет.
Қазір Йемен үкіметінің әскері қарсы шабуылға шығуы мүмкін деген пікір айтыла бастады. Бірақ ол үшін әртүрлі жергілікті топтарды, соның ішінде оңтүстіктегі күштерді біріктіріп, оларды соғысқа жұмылдыру қажет.
Сонымен қатар бірнеше мәселені шешу керек. Әскери қимылдарды өзара үйлестіру, Сауд Арабиясының әуе күштерін пайдалану және қаржыландыру мәселесін келісу қажет. Сондай-ақ жағалауды бақылаған жасақтардың хуситтерге неге қарсылық көрсетпегенін анықтау керек.
Хуситтермен келіссөз жүргізілуі де мүмкін. Олардың күрделі мәселелерді талқылауға дайын екені байқалады. 2020 жылғы бейбіт келісімде де қаржылық шарттар болғаны анық. Мәселен, хуситтер Сауд Арабиясынан кемелерін бұғаз арқылы өткізгені немесе мұнай нысандарына соққы жасамағаны үшін ақы талап етуі мүмкін. Мұндай келісімдер қазіргі Таяу Шығыс саясатына тән. Хуситтердің де мүдделі тараптармен келіссөз жүргізіп, Баб-эль-Мандеб бұғазындағы басымдығын өз пайдасына қалай пайдаланатыны жөнінде жоспары бары анық.
Дегенмен хуситтердің Иран жағында ауқымды соғысқа араласуы екіталай. Олар жағдай АҚШ үшін тым қауіпті бола бастаса, Вашингтонның араласуы мүмкін екенін түсінеді. Сонымен қатар Баб-эль-Мандеб бұғазының жабылуы Мысырға да тиімсіз. Өйткені ел Суэц каналы арқылы өтетін кемелерден түсетін табысқа тәуелді.
Бұдан бөлек, Сауд Арабиясының Пәкістан және Түркиямен сырттан төнген қауіпке бірлесіп қарсы тұру туралы келісімі бар. Пәкістан хуситтер мәселесіне байланысты Иранға қатысты мәлімдеме де жасады. Дегенмен бұл елдердің қажет болған жағдайда мәселеге араласуға қаншалықты дайын екені белгісіз.
Мұнай және әлемдік экономика: алда не болуы мүмкін
Хуситтер өздеріне тиімді шарттарға қол жеткізу үшін келіссөз жүргізуге мүдделі. Ол үшін Баб-эль-Мандеб бұғазындағы жағдайды күрделендіріп, қысым жасауға тырысуы мүмкін. Бірақ хуситтер іске АҚШ араласып, ауқымды соғыс басталғанын қаламайды. АҚШ та мұндай соғысқа мүдделі емес.
Сауд Арабиясы да күрделі жағдайда қалып отыр. Бір жағынан, Йеменнің оңтүстігіндегі позициясын сақтап қалуы керек. Екінші жағынан, мұнай өнеркәсібінің жұмысын қалыпқа келтіріп, әлемдік нарыққа мұнай жеткізу мәселесін шешуі қажет. Мұнда екі жол бар: келісу немесе соғысу. Алайда Сауд Арабиясы әзірге өз әскерімен соғысуға ниетті емес. Өйткені оның 2015 жылдан бері Йеменде жүргізген соғысы айтарлықтай нәтиже берген жоқ.
Тағы бір мәселе – мұнай бағасының алдағы уақытта қалай өзгеретіні. Баға қазірдің өзінде өсті. Нарықта мұнай тапшылығы күшейсе, баға одан әрі қымбаттауы мүмкін. АҚШ-тағы аралық сайлау қарсаңында бұл Вашингтонға тиімсіз. Сондықтан АҚШ Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай көлемін арттыруға баса назар аударуы ықтимал. Қыркүйектің басында бір тәулікте 17 миллион баррель мұнай өткізе алғанын мәлімдеуі де кездейсоқ емес.
Алдағы екі ай әлемдік экономика үшін күрделі болуы мүмкін. Өйткені жағдайдың қалай өрбитіні әзірге белгісіз. Оның үстіне Таяу Шығыста күтпеген оқиғалар болуы мүмкін. Хуситтердің жуырдағы шабуылы - соның бір мысалы.