І жартыжылдықта Павлодар облысының ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің көлемі 0,9 пайызға артты

ПАВЛОДАР. 28 шілде. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - І жартыжылдықта Павлодар облысының ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің көлемі 22,1 миллиард теңгені құрады,

І жартыжылдықта  Павлодар облысының   ауыл шаруашылығында өндірілген    жалпы  өнімнің  көлемі   0,9 пайызға артты

бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 0,9 пайызға көп, деп хабарлады статистика басқармасының баспасөз қызметінен.

1 шілдедегі жағдай бойынша өңірде ешкі мен доңыздан басқа барлық малдың басы өсіп отыр. Атап айтқанда, ірі қараның басы 0,8 пайызға, қой басы - 4,8 пайызға, жылқы - 5,5 пайызға, құс 1,1 пайызға өсті. Есесіне доңыз басы - 9,1 пайызға, ешкі басы - 1,8 пайызға азайды.

Өткен алты айда тірі салмақта 31 мың тонна мал және құс еті өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегіден 0,9 пайызға көп. 166,2 мың тонна сүт, 95 миллион жұмыртқа алынды, бұл былтырғы көрсеткіштен сәйкесінше, 0,8 пайызға және 1,3 пайызға жоғары.

Мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі өндірушілері - жеке шаруашылықтар. Өндірілген барлық еттің 70 пайызы, сүттің 83 пайызы, жұмыртқаның 29 пайызы - солардың үлесі.