Иелігінде бірнеше көлік пен жылжымайтын мүлкі бар отбасыларды әлеуметтік қолдау тоқтатылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Сенат кулуарында журналистерге әлеуметтік көмекті саралап төлеудің жаңа тәртібінің мәнін түсіндірді.

Атаулы әлеуметтік көмек
Фото: Kazinform

— Бүгінгі таңда бұл тәртіпті ілкі жоба ретінде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында іске асырып бастадық. Кейін оны бүкіл республикаға тарату жоспары бар. Бірақ таратпай тұрып нормативтік-құқықтық актілер қабылдау керек. Біз мемлекеттен әлеуметтік көмек алып жүргенімен иелігінде коттеджі, 2-3 көлігі бар азаматтарды анықтадық. Көпбалалы аналардың арасында ондайлар бар деп нақты айта алмаймын. Бірақ 6-санатқа отбасылар көп арасынан ондай фактілер көп. Бұл отбасыларда 800 мыңнан астам адам тұрып жатыр, — деді министр.

Ведомство басшысы бұл өзгеріс отбасының жан басына шаққандағы табысын иелігіндегі көлік пен жылжымайтын мүлік құнымен қосып есептеуді көздейтінін айтты.

— Отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 4 еселенген мөлшерінен асса, 2 және одан көп автокөлік құралы болса, екі және одан көп жылжымайтын мүлік болса, өзінің дамуына инвестиция салатын адамдар туралы айтып отырмыз. Әлеуметтік әділдік қағидаты деп отырғаным да осы. Оларға қолдау қажет емес. Реформа соларға қатысты. Қалған санаттарға уайымдаудың қажеті жоқ, — деді Светлана Жақыпова.

Бұған дейін ол әлеуметтік қамсыздандыру саласын цифрландыру қағаз жүзінде негізсіз жазылған мәліметтер ашып жатқанын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар