Игорь Лепеха мектептерді күзетуге жұмылдырылған ұйымдарға қатысты проблеманы айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата отырысында «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» заң жобасын талқылау кезінде мектептердегі қауіпсіздік мәселесі көтерілді.

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева мектептердегі кәмелет жасына толмағандардың тәртібіне, қауіпсіздігіне қатысты ұсыныс айтты.
- Бүгінде күзет ұйымдары білім беру мекемелеріне күзетші ретінде өз жұмысын тиісті деңгейде атқара алмайтын адамдарды жібереді. Олардың арасында зейнет жасындағы адамдар баршылық. Атап айтқанда, мектептердегі жағдайды қадағалауға учаскелік инспекторлар да жетіспей жатыр, сондай-ақ күзет агенттіктерінің өкілдері де тиісті қызметті көрсете алмайды. Мәселен, кәмелетке толмағандар арасында кикілжің орын алғанда, осы ахуалға тосқауыл қоя алатын тиісті қызметкерлер табылмай жатады. Бүгін талқыланып отырған заң жобасы аясында тиісті өлшемшарттарды әзірлеп, реттеу іс-шараларын даярлау керек шығар? Шын мәнінде, мектептерде шектен шыққандық жағдайлар болып жатады. Осы жайында мектеп директорлары да, ата-аналар да шығымданып жатады, - деді Н.Дементьева.
Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха елімізде халық санының өсуіне байланысты мектептердің саны да артып келе жатқанын еске салды. Оңтайландыру іс-шаралары нәтижесінде кейінгі кездері полицейлер саны қысқарған. Жалпы, полиция бойынша бізде 25 мың адам жетіспейді, оның ішінде 13 мыңы жергілікті полиция - учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілер және басқалары.
- Ал күзет агенттіктеріне тоқталсақ, бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі өкілетті орган саналады. 100-ден астам оқушысы мен педагог ұжымы бар мектептер лаңкестік тұрғыда осал нысандар санатына жатады. Бұл ретте, Оқу-ағарту министрлігі субъектілерге талаптарды даярлады, яғни турникеттер, дабыл түймесі және күзет қызметіне қатысты мәселелерді қамтыды. Ең бастысы, бұл тұрғыда министрліктің емес, мектеп директорының құзыретіне екпін қойылған. Конкурстық құжаттамада директор: «мектепті 45 жастан аспаған адамдар күзетуі тиіс» деп талап ете алады. Дегенмен, жергілікті деңгейде қаржыландырудың жетіспеуі мәселесі бар. Директорларға аз көлемдегі қаржыландыру ғана беріледі. Демпинг салдарынан сапасыз қызмет көрсететін күзет фирмалары тартылып жатады. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың қаржыландыру проблемасын шешу керек, - деді И. Лепеха.
Еске салсақ, Маңғыстауда мектеп оқушылары төбелесіп, бір бала ауруханаға түсті.