ІІ Астаналық Экономикалық форум G-20 тобына қатысушы мемлекеттер үшін ұсыныстар қабылдайды
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін елордада «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» тақырыбындағы ІІ Астаналық Экономикалық форум өз жұмысын жалғастыруда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алқалы жиынның екінші күні басқосуға қатысушылар «Ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайында мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту», «Әлемдік экономикалық дағдарыс және оның мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне әсері» тақырыптарында пікір алмасулар болады. Конференция аясында өзекті алты бағыт бойынша пікірталастар, друкерлік оқулар, сондай-ақ ғылыми-тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылмақ. Сонымен бірге екі күнге жалғасқан жиын барысында жаһандану жағдайындағы экономиканы мемлекеттік реттеу мәселелері де аса маңызды тақырыптың бірі ретінде қарастырылады. Сессияларда әлемдік экономика көшбасшыларының алдыңғы қатарлы тәжірибелері ұсынылады.
Бүгін басқосу барысында мемлекеттік-жеке сектор әріптестігі мәселелері бойынша БҰҰ экономикалық комиссиясының ынтымақтастық және әріптестік бөлімінің басшысы Джеффери Гамильтон баяндама жасап, онда қазақстандық және шетелдік мамандардың пікір алмасулары өтеді. Сондай-ақ әлемдік экономикалық дағдарыстың мемлекет қауіпсіздігіне әсері бойынша өткізілетін жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев «Жаңа экономикалық парадигма» тақырыбында баяндама жасайды деп күтілуде.
Бүгін аяқталатын форум жұмысының қорытындылары бойынша әлемдік жетекші сарапшы-экономистер G-20 тобына қатысушы елдердің басшылары үшін ұсыныстар әзірлеп, қабылдайтын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Астаналық форум жұмысына әлемнің 40-тан аса елінен келген ғалымдар атсалысып отыр.