III Алматы марафонына 10 мыңдай адам қатысады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін, 10 сәуір - III Алматы марафоны үшін маңызды күн. Өйткені 10 күннен кейін, яғни 20 сәуір күні өтетін Марафонға қатысуға өтінім қабылдау - бүгін тоқтатылады, деп хабарлайды аталмыш шараны ұйымдастырушы комитет.

III Алматы марафонына 10 мыңдай адам қатысады

Тіркелген спортшылардың дербес деректерін компьютер серверіне ендіріп, өңдеу үшін он күн керек екен. Ондағы мақсат - жүгіретін күні әрбір қатысушының хронометриялық деректерін барынша дәл беру. Ал бұл маңызды шарада жүгіру нәтижелерін есептейтін қондырғылармен жабдықтайтын MyLaps компаниясының техникалық мамандары айналысады.

Мұндай тәжірибе барлық халықаралық шараларда қолданылады. Марафонға жазылу уақыты аяқталып келеді. Ұйымдастырушылар қатысамын деушілерге тездету керектігін ескертеді. Мәрелік нөмірлер шектеулі. Бүгін 10 сәуір күні 24.00 сағатта (Астана уақыты бойынша) almaty-marathon.kz сайтындағы «Тіркелу» түйемесі белсенділігін жоғалтады. Ал офф-лайн тіркелу одан ерте (Астана уақыты бойынша) 20.00 сағатта аяқталады.

III Алматы Марафон шарасы үстіміздегі жылы 20 сәуір күні, таңғы сағат 8:00-де басталады. Қатысушылар төрт қашықтық бойынша бақ сынасады.

Балаларға арналған 4 шақырымдық жарыс Нұрлытау кешені алдында өтеді. Ал жасөспірімдерге арналған 10 шақырымдық марафон, 21 шақырымдық жартылай марафон және 42 шақырым 195 метр болатын супер марафон ҚР Тұңғыш Президенті саябағында басталады.

Бұл халықаралық жарысқа қазақстандық желаяқтардан басқа, ұлыбританиялық, швециялық, түркиялық және литвалық марафоншылар келеді деп күтілуде. Қатысушылардың жалпы саны 10 мыңдай болмақ.

III Алматы марафоны - Халықаралық марафондар қауымдастығының күнтізбесіне кірген спорттық шара.