ІІМ: 70 мыңнан астам полиция қызметкерлері аттестациядан өтеді

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 2012 жылы 8 сәуірде «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттауды өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Ішкі істер органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттауды өткізу кезінде аттестаттаудан өтушінің қызметтік жұмысына, олармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауына баға берілетін болады.
«Жалпы республика бойынша кезектен тыс аттестаттаудан өтуге 70 мыңнан астам полиция қызметкерлері қамтылмақ. Қазіргі уақытта министрлікпен кезектен тыс аттестаттауды өткізуге дайындық іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деді Б. Ішкібаев.
«Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттауды өткізуді ұйымдастыру туралы» Ішкі істер министрі бұйрығының жобасы әзірленді. «Онда кезектен тыс аттестаттауды өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды, комиссиялардың құрамдарын, өткізу кестесін, Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге компьютерлік тестілеу үшін сұрақтар тізбесін, жауынгерлік, қызметтік және дене шынықтыру даярлықтары бойынша нормативтер тізбесін бекіту көзделген», - деп тоқталды департамент бастығының орынбасары.
Бұл ретте ішкі істер органдарының барлық аумақтық бөлімшелеріне дайындық іс-шараларын өткізу, яғни тестілеу өткізу үшін компьютерлік құралдарды дайындау, жеке кабинеттер бөлу туралы, сондай-ақ жауынгерлік, қызметтік және дене шынықтыру даярлықтары бойынша сынақтар қабылдау үшін жағдайлар жасау туралы тиісті нұсқау жіберілді.