ИКАО Бас хатшысы Қазақстанның авиация саласындағы үлесін атап өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Марракеш қаласында (Марокко) өткен ICAO Global Implementation Support Symposium 2026 аясында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мен Қазақстан Республикасы Құрылыс және Мобильділік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева кездесу өткізді. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады. 

ИКАО Бас хатшысы Қазақстанның авиация саласындағы үлесін атап өтті
Фото: Көлік министрлігі

Кездесуге сондай-ақ ИКАО EUR/NAT бюросының Өңірлік директоры Николас Ралло және Қазақстанның ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Тимур Тілегенов қатысты. Тараптар азаматтық авиацияны дамыту мәселелерін, оның ішінде ұшу қауіпсіздігін арттыру, адами капиталды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын талқылады.

ИКАО Бас хатшысы Қазақстанның халықаралық авиация ұйымының бастамаларын жүзеге асыруға қосқан үлесін атап өтті. Хуан Карлос Саласар Қазақстанның азаматтық авиация саласында жүйелі жұмыс жүргізіп, көшбасшылық көрсетіп, жаһандық бастамаларға белсенді қатысып отырғанын мәлімдеді.

Салтанат Томпиева өз сөзінде ИКАО-мен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Ол Қазақстанның аумағы үлкен, теңізге шыға алмайтын дамушы мемлекет ретінде азаматтық авиацияны негізгі көлік құралы ретінде қарастыратынын, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ИКАО стандарттарына толық сәйкес болу, 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамытудың бас жоспарын (CAMP) тиімді жүзеге асыру және Қазақстанның ИКАО Кеңесіне мүшелікке кандидат ретінде ұсынылуы басты мақсаттар екенін айтты.

Басқосу барысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту және ИКАО-ның жаһандық бастамаларына қатысудың маңыздылығын атап өтті.

Соңында Салтанат Томпиева Хуан Карлос Саласарды Қазақстанда 2026 жылдың 20–22 қазанында өтетін ИКАО Авиациялық қауіпсіздік аптасына (ICAO Security Week 2026) қатысуға шақырды.

Кездесу халықаралық азаматтық авиацияның қауіпсіз, тұрақты және тиімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында конструктивті диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара мүдделілікті көрсетті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі ТОП-20 елдің қатарына енді.