Илон Маск Пентагонның жаңа жобасына қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Илон Маск Дональд Трамп әкімшілігімен қайтадан ынтымақтастық орнатпақ. Ол Пентагонның «Меридиан» атты жаңа жобасына Палмер Лаки және Ньют Гингричпен бірге тең төрағалық етеді. Бұл туралы АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет мәлімдеді, деп хабарлайды Axios.
Жоба 4 айға жоспарланған. Оның қатысушылары қару-жарақ пен әскери технологияларды дамытудың перспективалы бағыттарын зерттеп, болашақта АҚШ Қарулы күштеріне қандай мүмкіндіктер қажет болуы мүмкін екенін анықтайды.
Хегсеттің айтуынша, жоба аясында жаңа саяси құжаттар әзірленбейді. Негізгі назар Пентагон игеруі қажет перспективалы бағыттар мен технологияларды зерттеуге аударылады.
Министрдің сөзінше, жобаға технология саласының, бизнес пен ғылыми қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік саласындағы сарапшылар тартылады. Жобаны АҚШ Қорғаныс министрінің зерттеулер мен әзірлемелер жөніндегі орынбасары Эмил Майкл басқарады.
Хегсет Пентагон әскери ведомстводан тыс жерде жұмыс істейтін мамандардың тәжірибесін технологиялардың даму перспективаларын бағалауда пайдалануды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Палмер Лакидің айтуынша, жобаға қатысушылар қазіргі қақтығыстарды ғана емес, алдағы ондаған жылдарға арналған ықтимал сценарийлерді де қарастырады. Атап айтқанда, олар АҚШ қандай технологиялар мен мүмкіндіктерді қазірден бастап дамытуы керектігін бағалайды.
Төрт айға созылатын жұмыс қорытындысы бойынша топ перспективалы технологияларды әзірлеу, сынақтан өткізу және қолданысқа енгізу жөніндегі қорытындылары мен ұсыныстарын ұсынуы тиіс.
Бұған дейін Пентагон әр бесінші генерал мен адмиралды қысқартатыны туралы хабарлаған болатынбыз.