Илон Маск Tesla-ның маусым айында робототакси қызметін іске қосу жоспарын растады
АСТАНА. KAZINFORM — Илон Маск Tesla робототакси қызметі маусым айының соңында Остинде (Техас штаты) 10 көліктен басталатынын және ұшырылым сәтті әрі оқыс оқиғасыз өтетін болса тез арада мыңдаған көлікке кеңейетінін мәлімдеді, деп хабарлайды NBC News.

— Біз үшін аз мөлшерден бастап, бәрі жақсы екеніне көз жеткізіп, содан кейін ауқымды кеңейту орынды, — деп хабарлады Илон Маск.
Сейсенбіде Остинде CNBC-ге берген сұхбатында Маск Tesla өзінің робототаксиін Остиндегі жоспарланған дебюттен кейін Лос-Анджелес пен Сан-Францискоға әкелуге ниетті екенін хабарлады.
2016 жылдан бастап Маск Tesla-ның инвесторлары, тұтынушылары және жанкүйерлеріне компания жолаушыларды адамның араласуынсыз қауіпсіз тасымалдауға қабілетті өздігінен жүретін көлік ұсынатынына уәде берді.
Tesla ең алдымен оның робототаксиі «FSD Unsupervised» (толық автономды жүргізу) болашақ нұсқасымен жабдықталған «Model Y» көліктері болатынын мәлімдеді.
Маск Tesla Остиндегі робототакси қызметі үшін «геоаймақ» орнататынын мәлімдеді, яғни компания бұл көліктердің жүру орындарын шектейді. Tesla қызметкерлері көлік паркін қашықтан бақылайды.
Tesla, сонымен қатар SpaceX және xAI компанияларын басқаратын Маск президент Дональд Трамптың негізгі кеңесшісі қызметін атқарып отыр.
Bloomberg миллиардерлер индексі мәліметі бойынша, Tesla және SpaceX компанияларындағы активтерінің арқасында Маск - әлемдегі ең бай адам, ал оның дәулеті қазіргі уақытта шамамен 376 млрд долларға бағаланып отыр.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің кеңесшісі әрі компанияның бас директоры Илон Маскты қолдау белгісі ретінде Tesla көлігін сатып алғанын жазған болатынбыз.