Илон Маск Трамптың «суперинтеллект» туралы мәлімдемесінен кейін SpaceXAI атауын өзгертеді
АСТАНА. KAZINFORM — SpaceX компаниясының бас директоры Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамп «жасанды интеллект» терминінің орнына «суперинтеллект» терминін қолдануды ұсынғаннан кейін SpaceXAI бөлімшесінің атауын SpaceXSI деп өзгертетінін жариялады, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
X әлеуметтік желісінің қолданушысы «SpaceXAI атауы SpaceXSI деп өзгеруі мүмкін бе?» деген сұраққа берген жауабында Маск осындай жоспары барын айтқан.
— Иә, біз өзгеріс енгіземіз, — деп жазды Маск.
X әлеуметтік желі платформасындағы SpaceXAI аккаунтының атауы әлі өзгерген жоқ. Маск сонымен қатар алдағы өзгеріс туралы қосымша мәлімет бөліспеді және бұл өзгеріс қашан болатынын да ашып айтпады.
SpaceXAI мәселеге қатысты Reuters-тің сауалына бірден жауап бермеді.
Өткен айда БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Трамп жасанды интеллектінің атауын өзгертуді ұсынған болатын.
— Осы сәттен бастап Құрама Штаттардың барлық құжатында «жасанды» сөзінің орнына, «супер» термині қолданылады, яғни «суперинтеллект» деп жазылады. Бүкіл әлемнің құжаттары да осылай өзгертіледі деп үміт артамын, — деді Трамп.
Еске сала кетейік, Трамп АҚШ үкіметінің құжаттарында жасанды интеллектіні «суперинтеллект» деп өзгертті.
Сондай-ақ Илон Маск Дональд Трамп әкімшілігімен қайтадан ынтымақтастық орнататыны хабарланған. Ол Пентагонның «Меридиан» атты жаңа жобасына Палмер Лаки және Ньют Гингричпен бірге тең төрағалық етеді.