Импорт алмастыру мен инвестиция Қазақстан экономикасын қалай өзгертіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан 2026 жылдың жеті айын бірінші жартыжылдықтағыдай 4,1% экономикалық өсіммен аяқтады. Бір қарағанда, бұл қарапайым ғана көрсеткіш болып көрінуі мүмкін. Алайда оның құрылымына үңілсек, ел экономикасында елеулі өзгерістер жүріп жатқаны байқалады, деп хабарлайды Үкімет.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, ІЖӨ екі бірдей жағымсыз факторға қарамастан 4,1% деңгейінде сақталды. Мұнай өндіру көлемі 8,9%-ға төмендеп, 53,2 млн тоннаны құрады. Осыдан біраз жыл бұрын шикізат секторындағы мұндай құлдырау, әсіресе әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында, бүкіл экономиканың көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер ететін еді. Бірақ бұл жолы олай болмады.
Мұның бір себебі – 5,4%-ға өскен шикізаттық емес сектор. Оның үстіне өсім бойынша көшбасшылар қатарында қосылған құны жоғары өнім шығаратын салалар тұр. Мәселен, машина жасау 22%-ға, химия өнеркәсібі 26,9%-ға, оның ішінде фармацевтика 38,5%-ға өсті. Дайын металл бұйымдарын өндіруде өсім 35%, тамақ өнімдерін өндіруде 13,9%, құрылыс материалдарын шығаруда 9,4% болды.
Сонымен қатар құрылыс саласында 15,3%, көлікте 7,4%, саудада 5,9%, ауыл шаруашылығында 5%, байланыс саласында 4,3% өсім байқалды. Жалпы алғанда, өңдеу өнеркәсібі 9% өсім көрсетті.
Шикізаттық емес сектордың өсуі инвестициялармен де нығая түсуде. 2026 жылғы қаңтар-шілде айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 11,5 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,7%-ға артық.
2026 жылы Үкімет цифрландыру мен импорт алмастыруға басымдық бере отырып, жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеге жуық 200 өнеркәсіптік жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жобалар 500 млрд теңгеге өнім экспортын және 1,5 трлн теңгеге импорт алмастыруды қамтамасыз етуі тиіс.
– Мұндағы мультипликативті әсер айтарлықтай болуы мүмкін. Мұндай инвестициялар металлургия, машина жасау өнімдеріне қосымша сұраныс тудырады, құрылыс көлеміне, көлік және қызмет көрсету салаларына өз үлесін қосады. Бірақ ең бастысы – жобалардың саны емес, түпкілікті қосылған құн мен жаңа тұрақты жұмыс орындары, – дейді АКРА суверенді рейтингтер тобының директоры Жаннұр Әшіғали.
Сарапшы өндірісті оқшаулау мәселесіне де назар аударды. Мәселен, биыл атом саласы үшін өндірісті оқшаулауды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Қарағанды және Алматы облыстарында тиісінше 42,5 және 32,5 млрд теңгеге фармацевтикалық зауыттар салу жобалары мақұлданды. Сонымен қатар автоқұрамдастар өндірісін оқшаулау орталығы құрылып жатыр.
– Оқшаулау процесінің өзі импортқа тәуелділікті төмендетеді. Алайда бұл ретте құрастыру операциялары мен қосылған құн жасауды бір-бірінен ажырата білу маңызды. Егер құрамдас бөлшектер негізінен импортталатын болса, оның тиімділігі шектеулі болады. Бүкіл өндірістік тізбек немесе құнға қосатын үлесі тұрғысынан оның ең салмақты бөлігі дамитын кластерлік тәсілдің болуы өте маңызды, – деп атап өтті сарапшы.
Үкімет мәліметінше, Қазақстан экономикасы жаңа модельге көшіп келеді. Мұнай өндіру көлемі 8,9%-ға төмендеген тұста өңдеу өнеркәсібінің 9%-ға өсуі осы өзгерістердің бір көрінісі. Шикізаттық емес секторға салынатын инвестициялар артып, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі ұлғайып келеді, ал импорт алмастыру жоспарлары триллиондаған теңгемен өлшенеді.
Сонымен бірге алда қайта өңдеуді тереңдету, өндірістік тізбектерді дамыту және жаңа нарықтарға шығу міндеттері тұр.
– Экономиканың бәсекеге қабілетті жағдайда ел ішінде өндіре алатын тауарлар үлесі қаншалықты жоғары болса, оның сыртқы логистикалық күйзелістерге, валюта бағамдарының ауытқуына және жеткізу тізбектерінің бұзылуына сезімталдығы соншалықты төмен болады. Соңғы жылдары геосаяси тәуекелдер аймақтағы дәстүрлі логистикалық бағдарлардың бірнеше рет күрделенуіне әкеліп соқтырды, сондықтан ішкі өндірісті дамыту бүкіл экономиканың тұрақтылығы мәселесіне де айналуда, – деп қорытындылады BCC Invest жетекші макроэкономисі Айдос Тайбекұлы.
Сарапшының айтуынша, алда әлі көп жұмыс бар. Қайта өңдеуді тереңдету, сабақтас өндірістерді дамыту және жаңа нарықтарды игеру қажет. Дегенмен 2026 жылдың алғашқы жеті айындағы көрсеткіштер экономика құрылымындағы өзгерістердің бағытын айқын көрсетіп отыр.
Айта кетейік, сингапурлық компания Астананы өңірлік авиациялық хабқа айналдыру ісіне атсалыспақ.