Импортталатын дәрілер қай кезде ҚҚС-дан босатылады

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар дәрілік заттарды импорттау кезінде қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату тәртібі қолданысқа енгізілді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті.

дәрі-дәрмек
Фото: ДСМ

Комитеттің түсіндіруінше, бұған дейін дәрілерді мемлекеттік сатып алу рәсімдері көбіне өнім елге әкелінгеннен кейін жүргізілетін. Соның салдарынан импорттаушылар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жеткізілетін препараттарға ҚҚС бойынша жеңілдікті кедендік ресімдеу кезеңінде пайдалана алмаған.

2026 жылдан бастап КТМКК және МӘМС шеңберінде, сондай-ақ орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған дәрілерді импорттау ҚҚС-дан босатылады. Мұндай препараттардың тізбесі мен жеңілдікті қолдану тәртібі 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №1203 Үкімет қаулысымен бекітілген.

- ҚҚС-дан босатудың негізгі шарты – КТМКК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды жеткізу туралы шарттың болуы. Бұл құжат Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы №110 бұйрығына сәйкес рәсімделуі тиіс. Тек осындай шарт дәрілердің мемлекеттік медициналық бағдарламалар аясында жеткізілетінін растайды.

Егер импорт кезінде мұндай шарт болмаса, ҚҚС төленеді. Бұл ретте мөлшерлеме препараттың арнайы тізбеге енгізілуіне байланысты айқындалады, - делінген комитет дерегінде.

Егер дәрі әлеуметтік қорғау туралы заңнамада көзделген арнайы тізбеге енгізілген болса, импорт кезіндегі ҚҚС мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Ал тізбеге кірмейтін препараттарға стандартты 16 пайыздық мөлшерлеме қолданылады.

Комитет өкілдері импорттаушыларға құжаттарды алдын ала дұрыс рәсімдеудің маңызын ескертті, өйткені салықтық жеңілдікті қолдану мүмкіндігі осы талаптарға тікелей байланысты.

Айта кетейік, елде 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек өндіріледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум