Индиан-Уэллс мастерс турнирі: Александр Бублик жарыс жолынан шығып қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Индиан-Уэллс (АҚШ) ATP 1000 турнирінің төртінші айналымына шыға алмады.

Александр Бублик
Фото: ҚТФ

Жарыстың 10-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемдік рейтингіде 117-орында тұрған, іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, аустралиялық Ринки Хидзикатамен кездесті.

Бірінші партияда тай-брейкте Бублик басым түсті – 7:6 (7:3). Алайда бұдан кейін Хидзиката камбэк жасай білді – 7:6 (7:3), 6:3.

Екі сағат 36 минутқа созылған тартысты бәсекеде Бублик 19 эйс жасай алды. Хидзиката 8 эйс, 1 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Р.Хидзиката ширек финалға шығу үшін әлемнің 29-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэмерон Норримен таласады. Осылайша, Индиан-Уэллс турнирінде әйелдер арасында Елена Рыбакина мен Анна Данилина (жұптық сын) қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жеңіс саны жөнінен әлемде көш бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина Индиан-Уэллс турнирінің ширек финалына шықты.

Соңғы жаңалықтар
Референдум