Индиан-Уэллс турнирі: Елена Рыбакина төртінші айналымға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1 000 турнирінің төртінші айналымына шықты.

Рыбакина
Фото: wtaqataropen.com

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 28-ракеткасы, украиналық Марта Костюкке тап келді. Осыған дейін қарсыластар төрт рет кездесіп, оның үшеуінде Рыбакинаның мерейі үстем болған еді. Бірақ украиналық теннисші де оңай шағылатын жаңғақ емес. Биыл Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінде ТОП-10-ға кіретін Аманда Анисимова, Мирра Андреева, Джессика Пегуланы жеңіп, тек финалда ғана әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға есе жіберген еді.

Бұл жолы бастапқыда есеп 1:1 болған мезетте Костюк брейк жасап кеткенімен, Рыбакина ізінше қарымта қайыра білді – 2:2. Сосын сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4. Екінші сетте М.Костюк 3:1, 4:2 есебімен алға шықты. Бұдан кейін Елена қатарынан төрт геймді алды – 6:4. 

Бір сағат 25 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін құр жібермеді. Костюк 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.

Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін рейтингіде 54-орындағы ұлыбританиялық Сонай Карталмен таласады. Ол үшінші айналымда күтпеген жерден әлемнің 15-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизді жеңіп кетті – 2:6, 6:2, 6:3. 

Жалпы, осы додада сенсациялар да болып жатыр. Әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Кори Гауфф, сондай-ақ рейтингіде 8-сатыдағы ресейлік, өткен жылғы чемпион Мирра Андреева жарыс жолынан шығып қалды. 

Өткен жылы Рыбакина төртінші айналымға дейін жетіп, М.Андрееваға жол берген еді.

Индиан-Уэллсте жеңімпаз атанған спортшы 1,1 млн астам АҚШ доллары көлемінде табыс тауып, 1 мың рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жеңіс саны жөнінен әлемде көш бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина Индиан-Уэллс турнирінің ширек финалына шықты.

Индиан-Уэллс мастерс турнирінде Александр Бублик жарыс жолынан шығып қалды