Индустрияландыру бағдарламасында экспорттың көлеміндегі ауылшаруашылық өнімінің үлесін ұлғайтатын шаралар қарастырылады - А. Күрішбаев
АСТАНА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр-Отан» ХДП кезектен тыс 12-ші сьезінде Қазақстанды инновациялық индустрияландыру үшін агроөнеркәсіптік кешенді және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді дамытуды бірінші басымдық ретінде белгіледі.
Осы міндеттерді шешуде және саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешеніндегі бірқатар өзекті мәселелерге қатысты Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. - Құрметті Ақылбек Қажығұлұлы! Мемлекет басшысы Қазақстанды инновациялық индустрияландыру үшін агроөнеркәсіптік кешенді және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді дамытуды бірінші басымдық ретінде белгіледі. Бұл міндетті шешу үшін нақты қандай жұмыстарды қолға алынуда? - Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін индустрияландыру мақсатында мемлекеттің іс-қимылы бүгінде Қазақстанның алдында өткір күйінде тұрған екі негізгі міндетті шешуге бағдарланып отыр. Оның біріншісі - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл міндетті жүзеге асыру шеңберінде агроөнеркәсіптік сектордың дамуына қолдау көрсететін тиімді жұмыс істейтін жүйе құрылды. Бұл бір жағынан осы сектордың ағымдағы жұмысын, оның ішінде көктемгі егісті және жиын-терінді қаржыландыруды, екінші жағынан ауыл шаруашылығын және қайта өңдейтін өндірісті дамытуға инвестиция шоғырландыруды қамтамасыз етеді. Сондықтан, егін шаруашылығында саланы әртараптандыруға, ылғалды ресурстарды сақтайтын технологияларды қолдана отырып саланы кеңінен химияландыруға екпін салынуда. Бұл ретте субсидиялаудың идеологиясы өзгертілді, бұл идеология ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерді жаңа технологияға көшуге ынталандыруға бағытталған. Майлы және жеміс-көкөніс дақылдары өндірісінің көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылуда. Мұндағы мақсат - осы өнім түрлері бойынша импорт көлемін азайту. Ал, мал шаруашылығында орта және ірі тауарлы фермаларды құру арқылы өндірісті ірілендіру, кең ауқымды селекциялық бағдарламаны іске асыру есебінен ауыл шаруашылығындағы малдың барлық түрінің генетикалық әлеуетін арттыру басты басымдық болып табылады. Мал шаруашылығын үдету процесін ынталандыру мақсатында құрама жемнің құнын субсидиялау бағдарламасы да жалғастырылып жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында саланы техникалық және технологиялық тұрғыдан жаңарту, өндіріске сапаның халықаралық стандарттарын енгізу және соның негізінде ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын сақтап әрі нығайтып қоймай, сонымен бірге отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығару басты бағдар ретінде қалып отыр. Екінші міндет ? экспортқа бағдарланған өндірісті дамыту және экспортты әртараптандыру. Бұл міндетті шешу аясында басты назар инвестициялық жобаларды іске асыруға жұмылдырылған. Бұл бағытта мал бордақылайтын инфрақұрылымы дамыған алаңдардың, мал соятын орындардың құрылысын салуға, биязы жүнді қой шаруашылығын дамытуға, сояны және жүгеріні өндіру мен қайта өңдеуге, астықты терең өңдеуге, балық шаруашылығын дамытуға, балық және жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін саланы өркендетуге айрықша көңіл бөлінетін болады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірісінің елдің сұранысын әлі де қанағаттандырмай отырған салалары қаржыландырылуда. Бұл - жылыжай шаруашылығы желілерін ұйымдастыру, көкөніс сақтау қоймаларын салу және қайта құру, тамшылап суару технологиясын қолдана отырып жеміс-көкөніс өнімдерін өндіруді ұйымдастыру, ірі тауарлы-сүт фермаларын салу, ет өндіруге бағытталған құс фабрикаларының құрылысын салу және қолданыстағыларын қайта жаңарту. Осы және басқа да инвестициялық жобаларды ұйымдастыруға және іске асыруға Дағдарысқа қарсы жоспар шеңберінде Ұлттық қордан 120 млрд. теңге бөлініп отыр.
- Елбасы сонымен қатар аграрлық сектор экономиканы әртараптандыруға және экспортқа нақты үлес қоса алатынын айтып, осы орайда 2015 жылға қарай ауылшаруашылық өнімдерінің үлесін экспорттың жалпы көлемінде 8 пайызға дейін жеткізу ортақ міндет екенін, ал агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы қосылған құны ең таяудағы уақыттарда кем дегенде 16 пайызға ұлғайтылуы тиістігін атап көрсеткен еді. Бұл көрсеткіштерге қалай қол жеткізуге болады? - Елбасы межеленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін біз мақсатты әрі кең ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Айталық, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін ұлғайту үшін министрлік отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау, экономиканың аграрлық саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауда. Шикізат базасының сапасын көтеру жөніндегі шаралар үш бағытта іске асырылуда. Біріншісі - «ҚазАгро» холдингі арқылы іске асырылатын инвестициялық жобалар есебінен қазіргі заманғы технологияларға негізделген жаңа өндірістік қуаттағы сүт кешендерін және мал бордақылайтын алаңдарды салу. Екіншісі - бұл қолданыстағы шаруашылықтардың қуатын қарқындату, сол сияқты ұсақ тауар өндірушілерді кооперациялау есебінен өндірісті үдету. Үшіншісі - бұл малдардың генетикалық әлеуетін дамыту. Қазіргі уақытта министрлік отандық ғалымдармен бірлесе отырып, үлес салмағы бүгінге дейін бар жоғы 5 пайызды құрайтын асыл тұқымды малдардың санын көбейту мақсатында, кең көлемді селекция және эмбриондарды трансплантациялау бағдарламаларын іске асыру есебінен жоғары тұқымды малдарды көбейту жұмыстарын бастады.Сонымен қатар, мал шаруашылығында өндіріс көлемін үдету және ұлғайту мақсатында ірі қара малды және шошқаны бордақылау үшін қолданылатын жемшөп құнының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы, сондай-ақ малдардың генетикалық әлеуетін көтеру процесін ынталандыру жөніндегі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру есебінен қайта өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда. Осы мақсатта қайта өңдеу кәсіпорындарына салықтық жеңілдіктер ұсынылды, банк несиелерінің пайыздық ставкалары, өндіріске халықаралық сапа стандарттарын енгізуге кеткен шығындар субсидиялануда. Бұдан басқа, осы жылдан бастап ет және сүт өндірушілер өндірілген өнімді тек қайта өңдейтін кәсіпорындарға жеткізген жағдайда ғана субсидия алады. Келесі жылдан бастап, субсидиялаудың осыған ұқсас механизмдері жеміс-жидек дақылдарын өндірушілерге де қолданылады. Министрліктің стратегиялық жоспарында 2011 жылы экспортқа шығарылатын жоғары сапалы еттің көлемін жылына 2 мың 200 тоннаға, балық өнімдерін 36 мың тоннаға дейін, жүнді 12,2 мың тоннаға дейін, тері шикізаты 1 млн. 73 мың шаршы метрге дейін ұлғайту көзделген. Сыртқы нарықта лайықты позицияны иелену үшін, Қазақстанның жетекші экспорттаушылардың қатарына кіруге мүмкіндігі бар агроөнеркәсіптік кешеннің бірқатар перспективалы бағыттары бойынша арнайы даму бағдарламалары әзірленіп жатыр. Мұндай перспективалы бағыттарға экспортқа бағдарланған мал шаруашылығы өнімдерінің (сиыр еті, қой еті, жылқы еті, биязы жүн, тері) өндірісін және қайта өңдеуді дамыту; экспортқа бағдарланған егін шаруашылығы өнімдерінің (астық: азық-түлік бидайы, макарон, крахмал, ұн, бидай ұрығы, мақта, күріш, ұлпа) өндірісін және қайта өңдеуді дамытуды жатқызылып отыр. Импорттың осы түрлерін отандық нарықтан ығыстыру және елдің ішкі қажеттіліктерін толық қанағаттандыру мақсатында майлы дақылдарды өндіру және қайта өңдеуді дамыту; ашық және жабық топырақты жерде жеміс-көкөніс шаруашылығын дамыту; алманың апорт сортын қайта дамыту; қант қызылшасынан қант өндіру және оны дамыту; түйе сүтінен, жемістен, көкөністен балалар тамағын өндіру; құс шаруашылығын дамыту; тауарлы балық шаруашылығын дамыту; ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамыту; сүт пен сүт өнімдерінің өндірісін дамыту; ет және ет өнімдерін дамыту жөнінде арнайы бағдарламалар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, экспорттың жалпы көлеміндегі және агрөөнеркәсіптік кешеннің жалпы қосылған құнындағы ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін ұлғайту және қосымша жұмыс орындарын көбейту мақсатында министрлік жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламада шаралар қарастыратын болады. Мұндай шаралар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын сақтауға, саланың экспорттық басымдылығын ұлғайтуға және ауыл халқының әл-ауқатын өсіруге мүмкіндік береді.
- Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл қандай нақты жұмыстар атқарылады? Бұл салада шешімі табылмай жатқан нендей түйткілді мәселелер бар? - Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының өңдеу саласын қолдау мақсатында мемлекет бірқатар кешенді шараларды жүзеге асыруда. Нақтырақ айтсақ, қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толтыру, сондай-ақ техникалық және технологиялық қайта жарақтау үшін қаржы институттарынан алған несие ресурстарының сыйақы ставкасын субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Биылғы жылдан бастап субсидияларды беру механизмі едәуір оңайлатылды, барлық қайта өңдеу кәсіпорындарын қамтуға мүмкіндік туып отыр. Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы секторын тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, несие ресурстары тапшылығының орнын толтыру үшін, қайта өңдеу кәсіпорындарын, шағын және орта бизнесті қолдау үшін «Самұрұқ-Қазына» қорының қаржысы есебінен екінші деңгейлі банктер арқылы ауылшаруашық саласындағы кәсіпкерлер жылдық ставкасы 12,5 пайызбен несиелендіріп жатыр. Лизинг әдісімен, оның ішінде «Қазагро» холдингінің еншілес кәсіпорындары арқылы, қайта өңдеу кәсіпорындарын техникалық және технологиялық жағынан жаңарту жүргізілуде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдейтін 9 сала бойынша кәсіпорындарға қосылған құн салығын төлеуде 70 пайыз жеңілдіктер берілуде. Ауыл шаруашылығы шикізатының тереңдетіліп өңделген өнімдерінің импортын азайтуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. 2009 жылдан бастап мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді субсидиялау ережесі оның міндетті түрде өнеркәсіпте қайта өңдеуге бағытталуы тиіс болып өзгертілді. Келесі жылы бұндай өзгерістер өсімдік шаруашылығы өнімдеріне де қолданылатын болады. Сонымен қатар жалпы ауыл шаруашылығы шикізатын дайындау, сақтау, бастапқы қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын құру бойынша жұмыстар жалғасуда. Ең қажетті азық-түлік өнімдеріне (сүт, ет, тәтті сусын мен жеміс-жидек көкөніс, бидай, ұн, жармаға) халықаралық талаптарға сай келетін техникалық регламент енгізіліп, әрі тамақ өнімдерінің жалпы қауіпсіздігіне қатаң бақылау қойылды. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілері менеджмент жүйесінің халықаралық стандарттарына сәйкес сапа менеджменті жүйесін әзірлеуге, енгізуге және сертификаттауға кеткен шығындар субсидияланып жатыр. Ішкі нарыққа үнемі мониторнинг жүргізілуде, импорттық тауарларға қатысты кедендік баж салығының мөлшері реттеліп әрі ішкі нарықты арзанқол импорт өнімдерінен қорғауға бақылау күшейтілді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы сатып алулардағы қазақстандық мөлшерді арттыру арқылы отандық өнім өндірушілер үшін кепілді әрі тұрақты тұтыну нарығын қалыптастыру мақсатында қолданыстағы заңнамаларға тиісті өзгертулер енгізілуде. Яғни, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алулар кезінде міндетті түрде отандық өнімдерге басымдық беріледі. Қорытындылай келе мемлекет тарапынан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалғанын айтқым келеді. Қазір бұл жұмыстарды жүзеге асыруда барлық орталық, әсіресе жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, белсенді жұмыстар жүргізулері тиіс. - Сұхбатыңызға рахмет! Жұмыстарыңызға жеміс тілейміз!