Индустрияландыру бағыты: Жамбыл облысында минералдық тыңайтқыштар шығаратын бірегей өндіріс салынып жатыр
БЫЛ ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Қаратауда, отандық химияның ірі кәсіпорындарының біріне айналғалы отырған «ЕуроХимТыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жөндеу және байыту фабрикасының бірінші кезегін іске қосу үшін қажетті жабдықтарды тексеру жұмыстары жүргізілуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Гүлжауһар Құшанованың айтуынша, фосфорлы минералдық тыңайтқыштар шығаратын болашақ зауыттың жылдық қуаты - 2 миллион тонна химиялық өнімді құрайтын болады, олар азот, фосфор және кешенді тыңайтқыштар. Мұнда сондай-ақ 4 мың жаңа жұмыс орны құрылады.
«ЕуроХимТыңайтқыш» ЖШС ресейлік ірі «ЕвроХим» минералдық-химиялық компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылады. 2015 жылға дейін «ЕуроХим» жамбыл өңіріне 600 миллиард теңге (4 миллиард АҚШ доллары) салуды жоспарлап отыр, оның ішінде 300 миллион теңге - Жамбыл облысының, сондай-ақ Қаратау кеншілер қаласының әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталмақ.
Инвестор қазірдің өзінде акциялардың мемлекеттік топтамасы үшін төлем жасады, ағымдағы шығыстар мен несиелік берешектерді, жалақы бойынша қарыздарды, барлық деңгейдегі салықтарды, зейнетақы жарналарын өтеді. Бұл мақсатқа 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалды.
Жоба бойынша «Көкжон» кенішінде («Аралтөбе», «Кесіктөбе» учаскелері) фосфорит өндіру жөніндегі екі ашық кеніш құрылысы, «Гиммельфарбское» кенішінде жылдық қуаты 5-6 миллион тонна кенге жететін жерасты кенішін, сондай-ақ екі байыту фабрикасын (суспензиялық және флотациялық) салу жоспарланған. Ондағы шығарылатын өнімдердің көлемі - жылына 150 миллиард теңгеден астамды құрап, ал бюджетке түсім 15 миллиард теңгені шамалайтын болады.
Қаратаудағы бұрынғы «Сарытас» акционерлік қоғамының аумағында күкірт қышқылын (жылдық қуаты 1,6 миллион тонна), аммиак (700 мың тонна), азот қышқылын (360 мың тонна), фосфор, кешенді және азот қышқылдарын (1 миллион тоннадан) өндіретін цех салынады.
Ал шикізатқа келетін болсақ, фосфат шикізаты өз байыту фабрикаларынан түсетін болады. 550 мың тонна көлеміндегі кесек күкірттер Қазақстанның батысындағы мұнай және газ кеніштерінен жеткізіледі. Жылына ауқымы 1 миллиард текше метрді шамалайтын табиғи газ фабрикаға құбырмен тартылады.
Осынау химиялық кешен құрылысының бірегейлігі неде? Жобаның ерекшелігі сол, бір ғана өндірістік ауданда серіктестіктің бірнеше өндірістің - фосфатты шикізат, күкірт қышқылы, аммиак, азот қышқылы сияқты өндірістердің орналасуы - әлемге танымал барлық азот-фосфорлы кешенді тыңайтқыштарды өндіруге, қажет болған жағдайда, ауыл шаруашылығының тапсырысы бойынша, калий тұздарын қосып өндіруге мүмкіндік береді.
Зауытта электр қуатын өндіру үшін бу турбиналары орнатылады, нәтижесінде тек өндіріс қана емес, халық та электр ресурсымен қамтамасыз етіледі, тәулік бойы ыстық суға, қыста жылуға қол жеткізеді.
Болашақ кешеннің құрылысына Жамбыл облысының көптеген құрылыс-монтаждау ұйымдары, жалпы саны 10 мыңға дейін адам тартылады. Жамбылдық химия кәсіпорнының құрылысы да, іске қосылғаннан кейінгі өндіріс те, жамбылдықтарды жұмыспен қамтамасыз етуге және аймақтың жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсерін тигізетіні анық», - дейді Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Гүлжауһар Құшанова.