Индустрияландыру картасы аясында 900-ге жуық жобамен жұмыс жалғасуда - Елбасы

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Индустрияландыру картасы аясында 900-ге жуық жобамен жұмыс жалғасуда. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Индустрияландыру күні барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай айтты.

Индустрияландыру картасы аясында 900-ге жуық жобамен жұмыс жалғасуда - Елбасы

«Біздің өнімдеріміз сапалы, сұранысқа сай болғанда ғана бәсекеге төтеп бере аламыз. Біз өндірісті дамытудың 2020 жылға дейінгі екінші бесжылдығын жүзеге асыратын боламыз. Істеген жұмысымыздың барлығын сараптап, жеткен жетістігімізге риза болып болашаққа бет бұратын шақта отырмыз», - деді Елбасы Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Индустрияландыруды қамтамасыз етудің заңнамалық базасы қалыптасқанын, елде жаңа өндірістер қанат жая бастағанын атап өтті.

«Бизнеске жеке бастамаларды мемлекеттік қолдаудың жүздеген құралдары қарастырылды. Индустрияландыру картасы бойынша жалпы 900 индустриялық жоба жүзеге асуда. Теміржол саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазақстанға «Аристон», «Женерал-Электрик» «Тальго» секілді ірі әлемдік корпорациялар тартылды. Осындай трансұлттық компаниялардың елімізге келуі арқасында біз олардың тәжірибесін, технологиясын да иеленеміз, кадрларымызды заманауи кәсіпорындарда жұмыс істеуге үйретеміз», - деді Н. Назарбаев.