Индустрияландыру саясаты іскерлік климатты жақсартады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы өндірістегі еңбек өнімділігін және экспорттық әлеуетті арттыруды көздейді. Сонымен бірге, бұл бесжылдықта осыған дейін қабылданған экономикалық реформалар жүзеге асырылады.

Индустрияландыру саясаты іскерлік климатты жақсартады

Индустрияландыру картасы шеңберінде алғашқы бесжылдықта құны 3 трлн. теңге болатын 770 жоба іске қосылды. Оның ішінде 65 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асты. Құны 4 трлн. теңгеден асатын өнім өндірілсе, оның 23 пайызы экспортқа бағытталды. 75 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Дегенмен, жұмысы жүрмей, тұралап қалған жобалар да бар. Бұл ретте сарапшылар Батыс елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, жобалардың 10-15 пайызының жүзеге аспай қалуы - қалыпты үдеріс деп есептейді. Қайткенмен де, орын алған қателіктерге қарамастан, бұл белес инфрақұрылым мәселесін шешуге, заңнама құруға бағытталды, қажетті алғышарттарды жасауға мүмкіндік беріп, индустриялық құрылысты белсенді жүргізуге жол ашты.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының алдыңғы қатарлы елдеріне қарағанда өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігіндегі алшақтық қысқарған. Мәселен, 2008 жылы еңбек өнiмдiлiгi аталған ұйымдағы елдердегi деңгейдiң 29 пайызын құраса, 2014 жылы бұл көрсеткiш 43 пайызға дейiн жеттi. Сөйтіп, 2008-2013 жылдар аралығында өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігі 60 пайызға артып, бір адамға шаққанда 51,5 мың долларға жеткен.

Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев: «Ел экономикасының тиiмдiлiгi арта түсті. Қазақстан экономикадағы еңбек өнiмдiлiгi бойынша әлемнiң үздiк 50 елiнiң және өсiмi бойынша 20 елдiң қатарына кiрдi. Бұл көрсеткiште бiз көптеген елдерден, оның iшiнде Ресей мен Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнен алда келеміз», - дедi.

Елімізде іскерлік климат айтарлықтай жақсарып, инвестициялар бойынша посткеңестік кеңістікте ең тартымды мемлекеттердің біріне айналдық. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығында тек өңдеуші өнеркәсіпке 17 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартылды. Өңдеуші өнеркәсіптің құрылымы сапа мен көлем жағынан елеулі өзгеріске ұшырады.

Қазірде көптеген елдерде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар бірінші кезекте Дүниежүзілік банктің әдістемелік көмегі арқылы жүзеге асырылуда. Министрдің пікірінше, Қазақстанның басты мақсаты - жаңғыртуды жалғастырып, жаңа өнеркәсіп пен жаңа экономиканы құру. Осы орайда, дүниежүзілік банкпен бірлесе арнайы топты құрылып, ДБ сарапшылары индустриялды саясатты тиімді жүргізу үшін атқаратын жұмыстарды зерттеуде. Ал, Қазақстандағы Еуропалық Одақтың тұрақты өкілі Аурелия Буше ЕО тарапы Қазақстанның өзінің экономикасын әртараптандыруды қандай қарқынмен шешіп жатқандығын қызығушылықпен байқап отырғанын атап өтті. «Экономиканы әртараптандырудағы қауқарсыздық әлеуметтік және саяси тәртіпсіздіктерді арандатып, кейін осыған алып келуі мүмкін. Халықты жұмыспен қамтуда үлкен мүмкіндіктерді және өндірістерде қосымша жұмыс орындарын құра отырып, біз бұндай проблемалардан құтыла аламыз. Сондықтан да даму үрдісінің жалғасуы өте маңызды, ал осы тұрғыда әртараптандыру шаралары айрықша назарда болуы тиіс», - деді А. Буше.