Индустрияландыру: Тау-кен металлургияда өсім бар
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның экономикалық құрылымында мұнай-мен газ саласы секілді тау-кен металлургия өнеркәсібінің алар орны ерекше. Бүгінде еліміздің жалпы ішкі өніміндегі металлургия саласының үлесі 5,9 пайызға жетіп отыр. Ал өңдеу өнеркәсібінің барлық саласындағы тау-кен металлургия өнеркәсібінің үлесі 43,2 пайызды құрайды. Сонымен қатар бұл сала инвестиция тарту көлемі бойынша да көш бастап тұр.
Айта кетерлігі, 2009-2019 жылдары аралығында металлургия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,5 есеге артып, 1,1 трлн теңгеден 4,9 трлн теңгеге жетті. Соңғы 10 жылдың ішінде металлургиялық өндірістің нақты көлем индексі 1,5 есеге артты. Тек осы жылдың 11 айында ғана металлургиялық өндіріс көлемі 11,6 пайызға артып, 4,98 трлн теңгені, нақты көлем индексі 1,6 пайызды құрады. Өткен жылы салаға салынған инвестиция көлемі екі есе артып, 309,8 млрд теңгеге жетсе, осы жылдың қаңтар-қарашасында 327,4 млрд теңге болды. Өткен 10 жылдың ішінде Қазақстанда түсті металлдар кенін өндіру секторындағы өндіріс айтарлықтай артқанымен, темір кенін өндіру бұрынғы деңгейінде. Бұл ретте түсті металл өндіруге салынатын инвестицияның ұлғайып келе жатқаны байқалады.
Еліміздің тау-кен металлургиясы негізінен қала құраушы өндіріс орны саналады. Негізгі 5 ірі кәсіпорын, атап айтқанда «Қазмырыш», ЖШС, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Еуразиялық топ» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және KazMinerals тобы Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында шоғырланған. Қазақстанның өнеркәсіп секторында 200 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл секторды халықты жұмыспен қамту тұрғында ең қамтымды саланың біріне айналдырып отыр. Яғни, тау-кен металлургияда экономикалық тұрғыда белсенді әрбір отызыншы қазақстандық жұмыс істейді.
Жалпы, әлемді әбігерге салған коронавирус инфекциясы бұл салаға да кері әсерін тигізіп, көптеген кәсіпорын кейбір жобаларын кейінге қалдырған болатын. Дегенмен, таяуда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қарабаев Қазақстанның 40 жетекші тау-кен өндіруші компаниясының осы дағдарыстарды жеңуге жақсы мүмкіндігі бар екендігін айтқан еді.
«Бұған пандемия кезеңінде мемлекеттің уақытылы қолдауы ықпал етті. Өткен 2019 жылғы табысты қызмет пен салаға салынған ауқымды капиталдық салымдар арқылы қазақстандық тау-кен-металл секторы жаңа жағдайға бейімделе алды және жаңғырту жолына қарай тұрақты жылжып келеді. Жаңа технологиялық инновациялар мен цифрлық шешімдерді қолданудың, сауатты менеджменттің арқасында, жалпы өнім шығару көлемін күрт төмендетпей, жұмыс орындарын сақтап қала алдық және инвестициялық жобаларды толық көлемде іске асыра алдық. Тау-кен саласында еш құлдырау байқалмайды және көрсеткіштер 2019 жылғы деңгейде қалып отыр. Менің ойымша, пандемия кезеңі үшін бұл өте жақсы көрсеткіш. Тау-кен кешені компанияларындағы цифрландыру мен қолжетімді технологиялар Президент Жолдауында айтылған ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы. Өнеркәсіп пен IT-сала арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пандемиядан кейінгі кезеңде қозғаушы күшке айналуы мүмкін заманауи цифрлық технологиялық платформаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Марат Қарабаев.
Ал Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец тау-кен өндіру саласы қиын жағдайда тұрақтылықты сақтап қана қоймай, кей жерлерде өндірісті де арттыра алғанын айтқан болатын.
«Бізде құлдырау жоқ. Өндіріс үздіксіз жүретіндіктен, айтарлықтай қиын жағдайға тап болдық. Біз Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының жедел штабында үздіксіз жұмыс істедік, санэпидемиологиялық шаралардың қатаң сақталуын, олардың толық көлемде жүргізілуін талап ететін жағдайларда кәсіпорындарға көмектестік. Әрине, қиын болды, аймақтар, елдімекендер жабылды, стандарттан тыс әрекет етуге тура келді. Индустрия министрлігіне, Үкіметке осындай шешімдерді тапқаны үшін ризамыз, өйткені біз вахтада жүрген қызметкерлерді тестілеуден өткізе алдық», - деген еді Николай Радостовец
Айта кетерлігі, тау-кен металлургия саласы жергілікті қамту үлесін арттыруда да драйвер саналады. Тау-кен өндіру секторында 732 компания жұмыс істейді. Осы компаниялардың 2020 жылдың 8 айындағы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі 700,2 млрд теңге болса, оның 395,1 млрд теңгесін немесе жалпы сатып алудың 56,4 пайызын жергілікті қамту құрап отыр. Тау-кен металлургия компанияларының сатып алуында жергілікті жеткізушілердің қызметі басым. Мәселен, биыл жергілікті тауар өндірушілер Арселор Миттал Теміртау компаниясына көрсеткен қызметтерінің көлемі 5 млрд теңгеден 24,5 млрд теңгеге дейін артты. Ал жылдың соңына дейін Қазақмыс қарағандылық өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың үлесін 10 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.