Инфантиноның жоспарын сынаған FIFA басшыларының бірі қызметінен кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) операциялық директоры Кевин Ламур ұйым президенті Джанни Инфантиноның жарыстардағы үлесті жеке инвесторларға сату жоспарын қатаң сынға алғаннан кейін үш апта өтпей қызметінен босатылды, деп хабарлайды BBC.
FIFA өкілі Кевин Ламурмен еңбек қатынастары 2026 жылғы 17 тамызда тоқтатылғанын растады.
– FIFA Кевинге екі жылдық еңбегі үшін алғыс айтып, алдағы уақытта сәттілік тілейді, – делінген ұйым мәлімдемесінде.
FIFA қызметкерлеріне бұл шешім туралы бас хатшы Маттиас Графстром хабарлаған. Оның дүйсенбі күні кешке жіберген электрондық хатында тараптардың «жолдарын бөлуге келіскені» айтылған.
Өткен айда Ламур FIFA Forward Enterprise (FFE) компаниясын құру жөніндегі даулы жоспарды «бір адамның жобасы» деп атаған. Жоба FIFA жарыстарындағы үлесті жеке инвесторларға сатуды көздеген.
Ол сондай-ақ FIFA басшылығының бұл жобаға қатысты «жаңылыстырылғанын» мәлімдеді. Кейін ұйым аталған жоспардан бас тартқан.
– FIFA-ның жүздеген ынталы, өз ісіне берілген және адал қызметкерінің міндеті – футболға қызмет ету. Президент адамдарды біріктіріп, жақындастырып, шабыттандыруы керек. Бүгінде біз бұған мүлдем қарама-қайшы жағдайды көріп отырмыз, – деген еді Ламур.
Ол жұмыс берушісіне адал болуға міндетті екенін мойындағанымен, белгілі бір құндылықтар мен әріптестерінің алдында да жауапкершілігі бар екенін айтқан.
– Егер осы үшін жұмысымнан айырылсам, солай болсын. Бұл шешімді түсіністікпен және құрметпен қабылдаймын. Ең болмағанда бүгін түнде ар-ұятым таза болып, тыныш ұйықтаймын, – деді ол.
Кевин Ламур FIFA-ға 2024 жылғы қарашада келген. Бұған дейін ол UЕFA бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған. FIFA-ның басқару иерархиясында ол Джанни Инфантинодан екі саты төмен тұрған.
Еске сала кетсек, FIFA сыннан кейін турнирлерге жеке инвестиция тарту жоспарынан бас тартқан еді.
Сондай-ақ FIFA Инфантиноға қатысты жаңа айыптауларды жоққа шығарды.
Ал Еуропаның бірнеше елі Инфантиноны FIFA президенттігіне қайта сайлауға қарсы екенін мәлімдеді.