Инфляция деңгейін бақылау және төмендету шаралары қайта қаралады — министр

АСТАНА. KAZINFORM — Инфляциямен күрес саясатының тиімді жолдарының бірі — инвестиция тарту. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті. 

Серік Жұманғарин
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Инфляцияны бәсеңдету мақсатында тарифтік саясатпен кешенде іске асырылып жатқан инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешені қайта қаралады. Онда ішкі нарықтың теңгерімділігін қамтамасыз етуге, нарықты өніммен толықтыруға және өнім ағынын болдырмауға баса назар аударылады. Инфляцияға қарсы саясаттың қосымша бастамаларының бірі инвестиция тарту. Ол нарықты отандық өнімдермен толықтыру үшін көптеген шағын өндіріс құруды қамтамасыз етеді, — деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысында.

Ұлттық экономика министрінің пайымдауынша, тұрақты инфляциялық қысым жағдайында орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету өте маңызды.

— Биыл қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,3%-ға жетті. Жыл соңына дейін өсу қарқынын ұстап тұру басым міндет. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жақын перспективадағы бірыңғай мақсаты — инфляция деңгейін 5-6%-ға дейін төмендету, — дейді ол.

Бұған дейін вице-премьер Серік Жұманғарин жалпы ішкі өнімді 2029 жылға қарай екі есе арттыру міндеті тұрғанын мәлім еткен еді

Соңғы жаңалықтар