Инфляция иірімінен шығар жол: Президент тапсырмасы экономиканы қалай өзгертеді?
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының төрағалығымен кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев саяси-экономикалық көрсеткіштерді бағалап, Үкіметке біршама тапсырма берді. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы Президент пәрменінен кейін елдегі жағдай қалай өзгеретінін талдап көрді.
Инфляция төмендей ме?
Алдымен Үкімет экономикалық саясатты қайта қарауы қажет. Мемлекет басшысы алдағы үш жылда инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіруді тапсырды. Тіпті таяу арадағы міндет «құр сөз бен жол картасы» күйінде қалмауы қажетін баса айтты.
«Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр.
Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын. Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қойған үш жылдық меженің нәтижесі қашан байқалады, бұл мерзімді табысты аяқтау қаншалықты ықтимал? Сарапшылар қазіргі инфляцияны тежеу үшін ақша-несие және фискалдық саясатты жүйелеу қажет деген пікірде.
Экономист Айдар Әлібаевтың сөзінше, инфляция деңгейін төмендету үшін кешенді шара қабылдануы тиіс әрі ол жұмыстардың нәтижесін бір-екі жылда көру қиын. Инфляцияның қос таңбалы көрсеткіші бір таңбалы мәнге өзгеруіне уақыт қажет. Президенттің де үш жылдық жоспарды қоюы жағдайды объективті бағалаудан туындаған.

– Қазақстандағы инфляция кешенді сипатқа ие және бірнеше факторға тәуелді. Импорт, саясат, тарифтердің өсуі, бюджет шығыны, валюта бағамының ауытқуы, ішкі сұраныстың құрылымы бағаға әсер етіп отыр. Оның үстіне тиімсіз бюджет шығындарының ықпалы да жоқ емес. Сондықтан инфляцияны тек монетарлық әдістермен жеңу мүмкін емес, – дейді спикер.
Сарапшының сөзінше, инфляцияны тежеудің сенімді жолы бар. Ол үшін отандық өндірісті дамыту, инвестиция көлемін ұлғайту, бюджет шығынын оңтайландыру, бизнестегі кедергілерді азайту керек. Президент те Үкімет отырысында осы мәндес мәселелерді көтерген болатын.
Бюджет бағдарламасынан бастайық. Бұған дейін айтылып келгендей, бюджет қаржысын игеру үшін жөнсіз жобаларды жүзеге асыратын теріс үрдіс байқалады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай қадамды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қабылдайтынын кесіп айтты. Бюджет қаржысы азаматтарымызға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс.
Сондықтан мемлекеттің тиімсіз шығынын қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламалары бастан-аяқ қайта тексерілетін болады. Бұл міндеттің салмағы Қаржы және Экономика министрліктеріне түсіп отыр.

– Үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылады. Бұл квазимемлекеттік секторға да қатысты.
Мен Жолдауда бұл мәселе туралы айттым: бюджеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін, яғни қаржының қайда, қалай және не үшін жұмсалып жатқаны айқын болуы үшін цифрлық теңгені белсенді пайдалану қажет.
Қазіргі таңда бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу жүйесінде, субсидиялау кезінде, сондай-ақ Ұлттық қордан ірі жобаларға қаражат бөлу барысында тиімді қолданылып жүр. Бұл құралды басқа да салаларға енгізіп, аясын кеңейту керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда өңір басшыларына артылар жауапкершілік қатаңдамақ. Әсіресе олардың қолда бар ресурспен жұмыс істеу қабілеті маңызды. Президент әкімдерге негізсіз қаржы шығындамай, мәселені тиімді шешуге ұмтылу керек деп ескертті.
Инвестициялық стратегия қажет
Алдағы жылдары елдегі инвестициялық саясатта біршама өзгеріс көруіміз мүмкін. Мұны Үкімет отырысында айтылған жаңа инвестициялық цикл мен жеке капиталдың рөліне қатысты ұсыныс-пікірлерден аңғардық. Мәселен, Президент инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия құру қажетін жеткізді. Оның айтуынша, стратегияда жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуі тиіс. Сонымен қатар инвестицияның өзге моделін ескерусіз қалдыруға да болмайды.
– Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды тәсілдің бірі – ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттар жасау. Бірақ қазір елімізде мұндай келісімшарт жасаудың бірыңғай әрі түсінікті ережесі жоқ. Оның үстіне, мемлекеттік органдар селқостық танытып отыр. Соның салдарынан стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жоба іске аспай жатыр.
Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осы мәселені шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Президент.

Қазақстан инвестиция тарту үшін сирек металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік, агроөңдеу саласына үміт артып отыр. Бұл Қазақстанның нарықтағы бәсекеде алға шығуына септеспек.
Жалпы 2022 жылдан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 84 млрд доллардан асқан, негізгі капиталға салынған инвестициялар шамамен 50%-ға өсті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы қарқынды сақтау мақсатында инвесторларға қолайлы жағдай жасауды тапсырды, яғни оларға кедергі келтіретін бюрократияны жою, бірыңғай орталық қалыптастыру, арнайы экономикалық аймақтар құру секілді кешенді жұмыс басталуы мүмкін.
– Менің ойымша, инфляцияны тежеу үшін бизнеске тиімді жағдай қажет. Отандық кәсіпкерлер де, шетелдік инвесторлар да мүмкіндікті тең қолдана алуы шарт. Алдымен кәсіпке қойылатын талап-ережелерді қайта қараған жөн. Сертификат, лицензия беру ережелерін жеңілдете алсақ, ауқымды салаларға қаржы құйылар еді. Себебі, Үкімет дерегінше, Қазақстанда әр түрлі салаларда кәсіпкерлерге арналған 6 мыңнан астам арнайы регламент бар, – деді экономист Айдар Әлібаев.
Президент инвестициялық келісімдердің орындалуын назарға алуды тапсырды. Әрбір құжаттың нақты мерзімі мен бақылауы болуы тиіс. Ол үшін бірінші басшылар жеке жауапкершілік арқалайтын болады.
Инвесторларға оңтайлы жағдай жасау мақсатында арнайы экономикалық аймақтар құрылғанын білеміз. Алайда оның тиімділігі мен жұмыс тәсіліне қатысты сын көп. Мысалы, өңірлердегі арнайы экономикалық аймақтардың экономикадағы салмағы шамалы – ЖІӨ-дегі үлесі 1% болса, ТШИ тартудағы үлесі 0,9%, ал экспорттағы көрсеткіші 0,3% шамасында. Сондықтан АЭА-ға инвестиция тарту, жаңа реттеу нормасы қажет болып отыр. Үкіметке үш ай ішінде жаңа модельді бекіту тапсырылды.
Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті инвестиция тарту құралына айналдыруды ұсынды. Бюджет тапшылығы кезінде жеке капиталды, банктер мен халықаралық ұйымдарды жаңа жобаларға тарту керегін ескертті. Қажет болса, заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылуы тиіс.
Осы тұрғыда Алатау жаңа инвестициялық циклдің тірек жобасы ретінде қарастырылып отыр. Әсіресе, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар нарығына қаржы әкелуге Smart City жобасы көмек беруі мүмкін.
Салық, сақтандыру, қаржы ұйымдарында қандай мәселе бар
Үкімет отырысында ақша-несие саясаты атаусыз қалмады. Соның ішінде қаржы секторы мен экономиканы несиелеу сөз болды. Президент қаржы секторы активтерінің 84%-ы банктерге тиесілі екенін, алайда бизнеске берілген қарыздардың үлесі небәрі 38% шамасында қалып отырғанын сынады.
– Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды. Қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастады. Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс. Демек экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Демек, банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзіне айналуы шарт. Бастысы, тұтынушылық несие емес, кәсіпке берілетін қаржы үлесі көбеюі маңызды. Мемлекет басшысы олқылықты шешу үшін ақша-несие саясатына қатысты бірқатар міндет жүктеді. Оның ішінде инфляция мен нарықтық мөлшерлемелерді төмендету тапсырмасы бар.

Айта кетерлігі, Үкімет 2030 жылға дейін сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын аяққа тұрғызбақ. Президенттің айтуынша, бүгінде сақтандыру нарығының үлесі шамамен 5%, сол себепті цифрлық технологиялар негізінде сақтандыру нарығын жетілдіру әрі міндетті сақтандыру түрлерін жүйелеу қажет. Жауапты органдар 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеп, жаңа заңдар дайындауға тапсырма алды.
Жалпы Қазақстанда тұтынушылық несие көп, тіпті азаматтардың қарыз жүктемесі шамадан асқанын көріп жүрміз. Президент бұл тақырыпқа ерекше тоқталды.
Экономист Айдар Әлібаевтың сөзінше, мәселені шешу үшін сот орындаушыларының өкілеті мен цифрландыру мәселесін назарға алу өзекті.
– Қазіргі шоттарды бұғаттау, айыппұлдар мен өсімпұлдарды жедел өндіру жиі кездеседі. Кей жағдайда шоттар бірнеше мың немесе ондаған мың теңге берешек үшін-ақ бұғатталады. Бұл азаматтардың күнделікті қаржылық операцияларын қиындатып қана қоймай, экономикалық белсенділікті тежейді.
Әсіресе, жеке сот орындаушыларының өкілеттіктері мәселесі өткір. Көп жағдайда олар қарыз сомасы аз болса да, бірден шоттарға тыйым салып, шетелге шығуға шектеу қояды.
Бұл жағдай бизнестің де, азаматтардың да еркін экономикалық қызметіне кедергі келтіреді. Сондықтан міндет — фискалдық тәртіпті сақтай отырып, әкімшілендіруді теңгерімді ету, цифрлық және тәуекелге негізделген тәсілдерге көшу. Экономикалық тәртіп «жазалау арқылы емес, ынталандыру және әділеттілік арқылы» қамтамасыз етілуі тиіс, – деді сарапшы.
Расында, Мемлекет басшысы да жазалаушы менталитеттен арылу керегін айтқан. Үкімет отырысында салық органдары мен салық төлеушілер арасында өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс деген болатын.
Отандық ІТ өнімдерді қолдау
Үкімет отырысындағы басым тақырып – цифрландыру мәселесі. Президент мемлекеттік цифрлық жүйелердің, ІТ тәсілдердің технологиялық жағынан ескіргенін сынады. Айтуынша, мұндай олқылықтар мемлекеттің бизнес өкілдерімен және азаматтармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан жүйені қайта қарап, барлық цифрлық өзгерісті QazTech платформасы арқылы жасауды тапсырды.
– Әлеуметтік саланы цифрландыру мәселесі өте маңызды. Былтыр республикалық бюджеттің 40 пайызға жуығы осы салаға бөлінді. Бірақ бұл қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды деген орынды сұрақ туындайды. Сондықтан Үкімет үй шаруашылықтарының әлеуметтік цифрлық профилін қалыптастыруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тапсырмалар легіне отандық Aitu мессенджерін дамыту, EGov AI әмбебап жасанды интеллект-көмекшісін (ассистентін) әзірлеу шарасын қосуға болады. Бұдан бөлек 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылмақ.
Әлеуметтік төлем алу ісіндегі алаяқтық көптен бері айтылып келеді. Президент көмек шын мәнінде мұқтаж адамдар алуы үшін қаржылай төлемнің бәрі «Әлеуметтік әмиян» арқылы берілуге тиіс деген ойда. Үкіметке жыл соңына дейін аталған тәсілді қосу міндетін қойды. Сонымен қатар 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілі енгізілмек.
Экономист Арман Бейсембаев цифрландыру саясаты сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетеді деген ойда.

– Салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Әр тиын есепке алынуы керек, барлығы бақылауда болады. Цифрландыру арқылы сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендейді: бюджет қаражаты қайда жұмсалып жатқанын бақылау оңайлайды, видеобақылау және электронды қызметтер арқылы күнделікті «қағазбастылық» пен шағым азаяды. ХҚКО секілді орталықтар жұмысы жеңілдейтіні сөзсіз. Алайда бұл бизнеске қысым жасауға ұласпауы керек, тек бақылауды күшейтумен шектелсе екен, – дейді Арман Бейсембаев.
Цифрландыру транзит саласын айналып өтпейтін болды. Президент тапсырмасына сәйкес «Самұрық-Қазына» мен КТЖ толық цифрлық трансформация жүргізіп, вагон беру процесін толық цифрландыруы тиіс. 1 қыркүйекке дейін тариф саясаты толық реформаланбақ.
Айта кетейік, жыл соңына дейін жол қозғалысын басқару үшін ЖИ негізіндегі цифрлық платформа іске қосылады. 9 кедендегі өткізу пункті дайын, 33-і келесі жылдың соңына дейін қайта құрылады, кеден цифрландырылып, көрші елдер жүйелерімен интеграцияланады. Бұдан бөлек Smart Cargo және Keden жобалары толық іске қосылуы ықтимал.
«Таза көмір» – энергия көзі
Елде шикізатты терең өңдеу, энергетикалық қауіпсіздік бағытында мәселе жоқ емес. Қарапайым мысал, жылда жанар-жағармай тапшылығы қайталанып келеді. Президент мұны мұнай өңдеу саласындағы көрсеткішпен байланыстырды. Дерекке сенсек, біздегі жыл сайынғы мұнай өндіру көлемі шамамен 100 млн тонна, ал қайта өңдеу — 18 млн тонна ғана. Соның салдарынан дизель тапшылығы және авиаотынға тәуелділік бар.
Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы МӨЗ-дерді жаңғыртуды жеделдетіп, қайта өңдеу көлемін 27,4 млн тоннаға дейін арттыруды тапсырды. Осы орайда Үкімет жаңа МӨЗ салу кезінде шикізат пен өнім балансын ескеріп, жеке инвесторларды тартуы тиіс.
Алайда энергетика саласындағы басты жаңалық «таза көмірден» энергия алу болды.
– Ұлттық құрылтай отырысында Үкіметке екі айдың ішінде «таза» көмір өндірісі бойынша Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырдым. Осы бағытта Қытайдың тәжірибесін ерекше атап көрсетуге болады. Олар «таза көмірден» жалпы көлемі 55 гигаватт болатын 85 энергетикалық блок салу жұмысын бастап кетті. Бұл – әлем бойынша көмірден алынатын энергия көздерінің 90 пайызы деген сөз.
Бір сөзбен, көршілес ел шын мәнінде тиімді, яғни энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өсім тұрғысынан пайдалы шешім қабылдап отыр. АҚШ та көмір игеру және оны пайдалану саясатына көшетін болды, – деді Президент.
Қазақстан Электр энергетикалық жобалау институты төрағасы Сергей Агафоновтың айтуынша, энергетика саласында Қытай кәсіпкерлеріне жоба ұсынумен қатар, «таза көмір» технологиясын алу ауадай қажет.

– ЖЭО жобаларында «таза көмір» технологиясына ауысу оңай емес әрі құны қымбат. Ең тиімді жол – ресми технология трансфері және жергілікті локализация. Сонымен қатар, басты мәселе — қаржыландыру тетігін шешу.
Қазір қаржыландыру мәселелерімен бетпе-бет келіп отырмыз. Бірінші жоба – «Көкшетау ЖЭО» – мүмкін, біздің қаражатпен немесе «Самұрық-Энерго» арқылы даму институттарының қарызы есебінен жүзеге асады. Ал кейін не болады? «Семей ЖЭО» немесе «Өскемен ЖЭО» салуға ақша жете ме, ол жағы белгісіз, – дейді сарапшы.
Дегенмен, Сергей Агафонов жылу электр орталықтарының құрылысы әлеуметтік маңызды міндет екенін жоққа шығармайды. «Таза көмір» технологиясын енгізу арқылы авариялық тәуекелдерді, тарифтердің өсуін азайтуға болады деген ұстанымда.
Ауыл шаруашылығында жаңа заң қабылданады
Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында қайта өңдеу кемшін. Қолдау көбіне жалпы өнім көлеміне бағытталған, жүйелі мәселелер шешілмей отыр. Соның салдарынан импортқа тәуелділік пен баға өсімі сақталуда. Сондықтан Үкіметке азық-түлік өнеркәсібін дамыту бойынша жүйелі шараларды әзірлеу тапсырылды.

Сондай-ақ халықты мал шаруашылығымен айналысуға ынталандыру үшін кооперация туралы жаңа заң қабылдануы мүмкін. Мемлекет басшысы үш ай ішінде ветеринарияны дамыту бағдарламасын қабылдауды, ал 1 қыркүйекке дейін «Кооперация туралы» жаңа заң әзірлеуді тапсырды.
P.S. Президент Үкіметке инфляцияны төмендету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, цифрландыру мәселелеріне қатысты нақты міндет жүктеді. Бұл тапсырмалар белгіленген мерзімде іске асса, елдің экономикалық өсімі едәуір оң динамикаға ойысуы ықтимал.