Информатикадан Халықаралық Олимпиадаға қатысушылар Қазақ ауылында «Қара жорға» биін үйренді

Танысу барысында Жаркент және Есік қалалары гуманитарлық колледждерінің көркемөнерпаздар ұжымы «Қара жорға» биінен флеш-моб өткізді.
Ұлттық киім киген қазақ жастары шетелдік қонақтарды қолқалап, Қазақ ауылының орталық алаңына би билеуге шақырды. Ырғақты би мен айшықты әуенге елтіген қонақтар, көп ұзамай ұяңдықтарынан арылып, белсене би билеуге кірісті. Қазақ жастарынан қалыспауға тырысты. Би қатты ұнады білем, оның қайта-қайта қойылуын сұрады. Тіпті біраз уақыттан кейін биді әжептеуір үйреніп алып, қазақ жастарымен жарыса билегендер болды.
Айта кетелік, бүгін Қазақ ауылында Есік қаласының өлкетану музейі көрме ұйымдастырды. Мұнда Олимпиадаға қатысушылар Есік қорғанынан табылған Алтын адамның тарихымен танысты. Сонымен қатар, Қазақ ауылында қолөнер бұйымдарына қатысты көрмелер шет елдіктердің ерекше назарын аударды.