Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық дәлізді дамыту: теміржол саласында не өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстыратын Еуразиядағы маңызды көлік-логистикалық торапқа айналуды мақсат етіп қойды. Бұл стратегияда жүк тасымалына басымдық беріліп отыр.

Talgo
Фото: ҚТЖ

320 млн тоннаға жуық жүк пен оңтайлы үрдіс

Қазақстанда теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі өсіп келеді, бұл транзиттің маңызын арттырып, инфрақұрылымға түсетін жүктемені күшейте түсті. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Kazinform агенттігінің сауалына берген ресми жауабында теміржол жүйесі мұндай көлемді қалай игеретінін түсіндірді.

— 2025 жылы теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі 319,97 млн тонна болды. Оның арасында ішкі тасымалдар 176,91 млн тоннаны, экспорт — 89,23 млн тоннаны, импорт — 20,78 млн тоннаны және транзит 33,04 млн тоннаны қамтыды, — делінген ҚТЖ мәліметінде.

Өсім 2026 жылы да жалғасып, теміржол жүк тасымалы қызметтеріне деген сұраныстың тұрақты екенін көрсетті.

— 2026 жылғы қаңтар мен маусым аралығында 157,15 млн тонна жүк тасымалданды, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3% артық. Тасымал құрылымында ел ішіндегі көлем — 82,22 млн тонна, экспорт — 45,65 млн тонна, импорт — 11,60 млн тонна және транзит — 17,68 млн тонна, — делінген ұлттық компания ақпаратында.

жүк тасымалы
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Компания орта мерзімді болжамды көрсеткіштер көп факторды ескере отырып қалыптасатынын, бұл ретте халықаралық нарықтардағы жағдай назарға алынатынын айтып отыр.

Сонымен қатар теміржол көлігі ел экономикасында маңызды рөлін әлі де сақтап тұр.

— Қазақстанның жүк айналымының 60%-дан астамы теміржол көлігіне тиесілі, — деп нақтылады ҚТЖ.

Транзит және халықаралық дәліздер

Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту, әсіресе, жаһандық жеткізу тізбектерінің өзгеруі жағдайында басты басымдық болып қала береді.

ҚТЖ мәліметіне қарағанда, компания транзиттік тасымал көлемін арттыру мақсатында магистральдық, шекаралық, станциялық және порт-терминалдық инфрақұрылымды жылдам қарқынмен дамытуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр.

Сұраныс артып келе жатқан Қытай — Еуропа бағыты мен Транскаспий халықаралық көлік бағытына ерекше назар аударылылған.

— Қытай — Еуропа бағытындағы маңызды буын саналатын Достық–Мойынты учаскесінде екінші жолды салу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісі салынды. Бұл Алматы теміржол торабындағы жүктемені азайтуға және тасымал процесіндегі тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік береді, — деп хабарлады баспасөз қызметі.

р
Фото: ҚТЖ

Бұл ретте өткізу қабілетін кеңейту және сыртқы нарықтарға шығудың қосымша бағыттарын құру үшін жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып отыр.

— Бақты — Аягөз желісінің құрылысы жалғасып келеді. Ол Қытаймен үшінші теміржол өткелін ашады. Сонымен қатар Мойынты — Қызылжар және Дарбаза — Мақтаарал жобалары жүк ағындарын қайта бөлуге және қолданыстағы бағыттардағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, — делінген ұлттық компания ақпаратында.

Каспий бағытында порт инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып жатыр. Транскаспий бағытындағы Ақтау және Құрық порттарын дамыту жұмыстары жалғасып келеді. Бұл тұрғыда жүк өңдеу және контейнерлік тасымалды кеңейту, контейнерлік хаб құру, теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ флотты жаңғырту ескерілген.

актауский порт
Фото: Қазақстан теміржолшысы

Сонымен қатар ҚТЖ халықаралық терминалдар желісін дамытып жатыр.

— Қытайда, Кавказда және Еуропада терминалдарды дамытуа назар аударылған. Бұл өз кезегінде жүктерді шоғырландыруға және «бір терезе» қағидаты негізінде мультимодальды тасымалдарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті ұлттық компания.

Теміржол желісінжаңғырту

Тасымалдау көлемінің артуы теміржол желісінің негізгі учаскелеріне түсетін салмақты ұлғайтып, оларды жаңғыртуды қажет етеді. Қазіргі уақытта Алтынкөл — Жетіген және Маңғыстау — Бейнеу учаскелерін қоса алғанда, жалпы ұзындығы шамамен 3000 шақырымды құрайтын стратегиялық маңызы бар бағыттарда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар пойыздар қозғалысын басқарудың заманауи жүйелері енгізілуде.

— Автоблокировка жүйесі бірнеше учаскеде, соның ішінде Қызылжар — Сексеуіл, Тобыл — Қандыағаш, Шалқар — Бейнеу, Ақсу — Жаңа — Семей және Никельтау — Әлімбет бойынша енгізіліп жатыр. Бұл бағыттар экспорттық және транзиттік жүктерді тасымалдау үшін маңызды, — деп атап өтті ҚТЖ өкілдері.

Кейбір жобалар мерзімінен бұрын аяқталды. Бүгінде жалпы ұзындығы 1329 шақырымды құрайтын учаскелерде жұмыстар аяқталды. Барлық жоба бекітілген кестеден бұрын орындалып келеді.

Жалпы алғанда, жаңғырту жұмыстары желінің өткізу қабілетін арттыруға және жүк пен жолаушылар тасымалының өсуін тежейтін кедергілерді жоюға бағытталған.

Инфрақұрылымның тозуы

Қазір теміржол инфрақұрылымының тозуын азайту маңызды міндет саналады. 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша теміржол желісінің негізгі бөлігінің тозу деңгейі 56%-ды құрады. Бұл мәселені шешу мақсатында кешенді даму бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

— 2029 жылға дейінгі бағдарлама қабылданды. Оның аясында шамамен 5 000 шақырым жолды салу мен жаңғырту және 11 000 шақырым жолды жөндеу қамтылмақ. Жыл сайынғы жөндеу көлемі 700 шақырымнан 1 500 шақырымға дейін артты, — деп нақтылады ұлттық компания.

Сондай-ақ ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұнымен қоса, басқару және электр энергиясымен жабдықтау жүйелері де жаңғыртылуда.

— Дабыл желісі, байланыс және электр энергиясымен қамтамасыз ету жаңартылып жатыр, сондай-ақ жалпы ұзындығы 2 964 шақырымнан асатын учаскелерде автоблокировканы енгізу ескерілген, — деп хабарлады ҚТЖ.

Сонымен қатар вокзал инфрақұрылымы жаңғыртылуда. Қазіргі уақытта 124 нысанда қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ретте, инфрақұрылымды кешенді жаңғырту, халықаралық дәліздерді дамыту және жабдықтарды жаңарту тасымалдау көлемінің тұрақты өсуін қамтамасыз етіп, Қазақстанның өңірлік маңызды транзиттік торап ретіндегі позициясын нығайтады.