Инфрақұрылым саласындағы жаңа мемлекеттік бағдарлама ұялы байланыс саласын дамытуға ықпал етеді - Серік Ахметов
АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2013 жылдан бастап инфрақұрылымды дамытуға негізделген мемлекеттік жаңа бағдарлама жасалады. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен кеңесте Премьер-Министр Серік Ахметов мәлім етті.
«Қазақстан алдағы жылдан бастап инфрақұрылымды дамыту бойынша мемлекеттік жаңа бағдарламаны қалыптастыруды жоспарлап отыр. Бұл тек автожолдарға, темір жолға ғана байланысты емес, сонымен қатар еліміздің инфрақұрылымын дамытуға арналған барша бағыттарды қамтиды. Сондықтан Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет тарапынан мемлекеттік үлкен бағдарлама жасалады. Менің ойымша бұл құжат ұялы байланыс инфрақұрылымын да дамытуға әсер етеді»,-деді Үкімет басшысы.
Осы орайда С. Ахметов осы саладағы бәсекелестікті дамыту керектігін, сондай-ақ ұялы байланыстың сапасы мен қызмет көрсету құнының төмендеуіне ерекше мән беру керектігін атап өтті.
«Компаниялардың жыл сайын ұялы байланыста қызмет көрсету құнын төмендетудегі ұмтылысын бұны үлкен іс деп санаймыз және оны Үкімет қолдайды»,-деді ол.