Инфрақұрылымды ретке келтіру арқылы ауылдар арасындағы теңсіздік жойылмақ
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Инфрақұрылымды ретке келтіру арқылы ауылдар арасындағы теңсіздікті жою мақсат етіліп отыр. Алматы облысы тұрғындарымен кездескен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомство басшысы аймақтағы ең ірі өнідіріс ошағы «Маревен Фуд Тянь-Шань» азық-түлік өндіретін зауытына барды. 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында іргетасы қаланған зауытта макарон өнімін, алкогольсіз сусын мен дәмдеуіш шығарылады. Кәсіпорын 850 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 85 мың тонна өнім шығарады. Зауыттың басқарушы директоры Станислав Дегтяревтың сөзіне сүйенсек, қосымша өндірістік желіні орнатуға газ, су және электр қуаты керек. Ол алдағы уақытта логистикалық қолжетімділікті жақсарту нысанаға алынатынын айтып, министрге осы мақсатта тағы бір теміржол желісін тарту керектігін жеткізді.
Жылдық қуаты 10 мың тонна теңіз балығын өндіруге қауқарлы балық өнеркәсібі кешеніне де инфрақұрылым жүргізу ауадай қажет. Құрылыс барысымен танысқан Ұлттық экономика министріне бұл туралы зауыт басшылығы айтты.
«Біз сумен, газбен жабдықтау, электр мен кәріз желілерін тартуға бюджеттік өтінім бердік. Мақұлдануын күтеміз. Барлығы 900 млн теңге», - деді зауыт өкілдері.
Министр көтерілген мәселелер Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, мұқият зерделенетінін айтты. Жалпы, кешеннің құны – 67 млрд теңге. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, мұндай кәсіпорындар өңірге, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Ал, G4 City мен Қонаев қаласының бас жоспарына сәйкес, Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаевтың айтуынша, 107 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Сонымен қатар, қазына есебінен 13 тұрғын үйдің іргетасы қалану үстінде. Сондай-ақ, 5 білім мекемесі салынады деп жоспарланған, оның екеуі «Жайлы мектеп» жобасының шеңберінде.
«Бізде жалпы аумағы 1,3 мың гектарды алып жатқан индустриялық аймақ бар. 2022-2024 жылдар аралығында 8 бірдей ауқымды инвестициялық жоба іске асады деп көзделген. Мұндағы алаңдатқан бір мәселе – қосалқы станция салу. Біз бұған дейін 160 МВт-қа жобалық-сметалық құжатын жасап, өткіздік. Алайда, бұл аздық етеді. Сол себепті, келер жылы 200 МВт қосалқы станцияға өтініш береміз», - деді Нұрлан Құматаев.
Сонымен қатар, облыстық туризм басқармасының басшысы Айбар Теменов ішкі туризмді, оның ішінде тау кластерін дамытуға арналған тың ойларын ортаға салып, этноауылға арналған аймақ жасалатынын тілге тиек етті. Туризмді дамытуда ақсап тұрған тағы бір мәселе – маман тапшылығы. Айбар Теменов «Дипломмен ауылға» бағдарламасында дәл осы сала қарастырылмағанын айтып, ұсыныс білдірді.
Аймақтың әлеуетіне шолу жасаған ведосмтво басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңеске қатысып, жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті.
Сондай-ақ, жеке қабылдауға келген тұрғындар әртүрлі мәселені қозғады. Мысалы, Қонаев қаласына іргелес Арна ауылының тұрғыны Самғат Қуанышбекұлы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен берілетін 1,5 мың АЕК мөлшердегі көтерме жәрдемақыны 3 мың АЕК-ке дейін ұлғайтуды сұрады. Жас маманның айтуынша, облыс орталығы ауысқалы бері мұндағы үй бағасы тым аспандап кеткен. Сол себепті, бүгінгі берілетін көтермеақы баспана алуға жетпейді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, бұл мәселе қарастырылып жатқанын, аталған соманы 2,5 мың АЕК көрсеткішке дейін көтеру жоспарланғанын айтты.
Ал, жас кәсіпкер Ғабит Бегалы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тұрақтандыру қорына қаражат бөлу туралы ойымен, мезгілді қымбатшылықтың алдын алуға бөлінетін қаржыны әлеуметтік осал топтарға бөліп берудің арнайы бір тетігін қарастыруды сұрады. Оған ведомство басшысы әлеуметтік әмиян арқылы тұрмысы төмен отбасыларға қаржы жіберілетінін айтып өтті.
Әлібек Қуантыров Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылында да болды. 5 639 тұрғыны бар ауылда су желілері 90 пайыз тозған. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісовтың сөзіне сүйенсек, 2022 жылы жобалық-сметалық құжатты дайындауға қаржы бөлініп, жоба толықтай қағазға түсірілген.
«Жоба негізінде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастайтын болсақ, ауылға жаңадан 40 шақырым ауыз су жүйесін тартамыз және де 1 318 аула тұтастай таза сумен қамтамасыз етіледі. Біз ұсынған жобаны іске асыруға 1,5 млрд теңге қаражат керек», - дейді Абзал Еркінұлы.
Сондай-ақ, жауаптылар Мыңбаев ауылының күнбатыс жағында жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын 200 гектар жерге инфрақұрылым жүргізу жоспарланғанын айтты. Келешекте бұл маңға 24 шақырым ауыз су жүйесі, 31 шақырым электр желісін тарту көзделген. Аталған жоспар жүзеге асса, кезекте тұрған 2 000 адам инрфақұрылымы бар жермен қамтамасыз етіледі.
Жамбылдықтар алға тартқан кезекті мәселе Сарыбай би ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу болды. 1961 жылы іргетасы қаланған ғимарат соңғы 60 жылда жөндеу көрмеген. Советтік кезеңде бой көтерген нысанның қабырғалары өз қалпын жоғалтпаған, тек сырты мен ішін әрлеп, күрделі жөндеуден өткізу жеткілікті. Бұл үшін 278 млн теңге қаржы қажет. Ведомство басшысы бұл өтінім қаралатынын мәлімдеді.
Десе де, аймақтағы ахуал анау айтқандай нашар емес. Дәл осы Сарыбай би ауылындағы мектеп «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өткен. Министр мектеп қабырғасында тұрғындармен кездесіп, ауылдық жерлерді көркейтуге күш салып, арнайы тұдырымдама жасалынып жатқанын тілге тиек етті.
«Президент өзі айтқандай, ауылдарға ерекше көңіл аударылады. Арнайы тұжырымдамада дайындалды. 2023-2025 жылдар ауылдарды дамытуға бағытталады. «Ауыл – ел бесігі» жобасына бөлінетін бюджеттің көлемін ұлғайтамыз. Біздің мақсат инфрақұрылымды ретке келтіру арқылы ауылдар арасындағы теңсіздікті жою. Ал, жалпы алғанда Алматы облысында жағдай жақсы», - деді Әлібек Қуантыров.
