Инклюзивті білім беруді дамыту орталығының директоры тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры болып Лаура Асқарқызы Бутабаева тағайындалды. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.

Лаура Асқарқызы инклюзивті білім беру саласында айтарлықтай тәжірибеге ие.
Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Дефектология» мамандығы бойынша білім алған. Польша Республикасы, Варшава қаласындағы М.Гжегожевская атындағы Арнайы педагогика академиясында білім беру саласындағы әлеуметтік ғылымдар докторы (Ph.D) дәрежесін алған.
Педагогика мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағының иегері.
Еңбек жолын 2009 жылы Алматы қаласындағы «Есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған № 137 бөбекжай балалар бақшасында» сурдопедагог ретінде бастаған.
2012-2021 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ-де аға оқытушы, бөлім жетекшісі, Түзеу педагогикасының Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған.
2021–2023 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында Инклюзивті білім беру орталығының директоры, 2023 жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры болды.
Бұл лауазымда Лаура Асқарқызы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағдарламаларын, әдістемелік ұсынымдарды, нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуді қоса алғанда, елдегі инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға белсене қатысты.
Айта кетейік, саясат, экономика, бизнес, ғылым, мәдениет секілді түрлі салада ел дамуына елеулі үлес қосқан танымал қазақстандықтардың өмірбаяны мен қызықты мәліметтерді мына жерден оқи аласыз.